Астанадағы қоғамдық бақылау комиссиясы (ҚБК) төрағасы Руслан Оздоев әріптесімен бірге қала маңындағы ЕЦ-166/10 колониясына кіруге екі күн бойы әрекеттенген. Колония басшылығы оларды екі күн бойы кіргізбей қойған.
Your browser doesn’t support HTML5
ТҮРМЕЛЕРГЕ КІРУ ҚИЫНДЫҒЫ
Белсендінің айтуынша, түрмеге кіргізбеу себебін әр қилы түсіндірген. Әуелі белсенділердің ескерту қағазын алған қызметкер жұмыста жоқ деп түсіндірген. Екінші рет барған кезде «басшыларда жиналыста, әрі колонияда ойын-сауық шаралары өтіп жатыр» деген уәжбен кіргізбей қойған.
– Бірақ ондай іс-шараларға біз де қатысып, олардың қалай өткізілетінін көруімізге болады ғой. ҚБК өкілдерінің көздегені де тұтқындарға жолығып, тыныс-тіршілігімен танысу емес пе? – дейді Руслан Оздоев.
Оның сөзінше, әріптесімен бірге кіруді жоспарлаған әлгі колония– ҚБК өкілдерінің кіруі ең қиын колониялардың бірі. Белсенді облыстағы және елдегі жабық мекемелерге кіру қиындығына жұмыс барысында үнемі тап болатынын айтады.
– Бізді биылғы жаздан бері ғана кіргізе бастады. «Жазбаша ескертіңдер» деген талап қойған соң оған да келістік. Оларға хат жолдаймыз. Жаздан бері бізге 30 шақты шағым түсті, олардың бәрін бас прокуратураға жолдадық. Қатігездік таныту, ұрып-соғу туралы шағымдарда әлгі әрекеттердің колонияның тіпті қай тұсында болатыны көрсетілген. Ол жақта камералар бар, бірақ колония территориясында «тасалау» орындар бар, тұтқындарды соған кіргізеді. Не үшін? Әкімшіліктің заңсыз талаптарын орындамағаны үшін. Әлгі сияқты заңсыз талаптардың бірі – тұтқындардың сап түзеп жүруге мәжбүрлегенін тексеруге барғанымызда бізді кіргізбей қойды, – дейді Руслан Оздоев.
Руслан Оздоевтің айтуынша, қоғамдық бақылау жүргізу үшін Астанада ішкі істер департаментіне қарасты тергеу абақтысына ғана көп қиындықсыз кіруге болады.
Әлгі тергеу абақтысының бастығы Руслан Сүлейменов Азаттыққа ҚБК мен ұлттық превентивті механизм (ҰПМ) өкілдері Астананың өзінде «бізге ғана еш қиындықсыз және ескерту хатсыз кіре алады» дейді.
– Қандай бөлме екеніне қарамастан, олар тіпті кабинеттерді аралап көруіне болады, – дейді Руслан Сүлейменов.
МОНИТОРИНГ ЖӘНЕ ТЕХНИКАЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕР
Астанадағы «Қадір-Қасиет» қоғамдық бірлестігі адам құқығы жөніндегі уәкілдің кеңсесімен бірлесіп, бір жыл бойы ҚБК мен ҰПМ өкілдерінің қорғалу ахуалына мониторинг жүргізген. Олар жабық мекемелерге кіргізуге рұқсат бермеу, белсенділерге қысым жасау, зоналар мен абақтыларға кіретін кезде заңсыз тексеру, оларды алдау сияқты фактілер анықталғанын мәлімдейді.
Қазақтандағы ҚБК мен ҰПМ-нің 105 өкілі ішінде 42 адам әсіресе Павлодар, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарындағы қамауға алынғандар отыратын мекемелерге кіруге рұқсат бермейтінін айтады. Әлгі тыйымдар көбінесе туберкулез және психиатриялық дипансер басшыларынан түседі. Белсенділердің алтауы ғана «бізді ештеңе деместен кіргізеді» деп мәлімдейді.
Бұған қоса баяндамада кей аймақтарда құқық қорғаушыларды тексеріп кіргізу кейде кәдімгі «тінтуге» айналып кететіні айтылған. Павлодар облысында екі белсенді «бізді шешіндіреді, тінтуді камераға түсіреді» деп мәлімдеді.
Билік ұнатпайтын әрі «қырсық» ҚБК-ларды жұмыстан шеттетуге тырысады. Баяндамада биыл маусымда Павлодар қалалық соты Елена Семенова басқаратын ҚБК заңсыз жұмыс істеп жатыр деп танып, оның орнына өзге ұйым жұмыс істей бастады деп көрсетілген. Елена Семенова өзінен көмек сұраған тұтқындардың шағымдары мен олардың құқықтарын бұзу жайлы ашық айтқан.
Ұлттық превентивті механизм үйлестіру кеңесі мүшесі әрі «Қадір-Қасиет» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Анар Ибраеваның айтуынша, ҚБК мен ҚПМ өкілдерінде тұтқындардың өтініш, шағымдарын тіркеп алатын қарапайым техника құралдары жоқ. Олар камерадағы ауа температурасын, тұтқын денесіндегі жараның орнын өлшей алмайды. Ол ҰПМ өкілдерін жабық мекемелерге барған кезде бәрін түсіріп, тіркеп алатын «арнайы қобдишалармен» жабдықтауды ұсынады. Ал әзірше олар түрмелерге тек қағаз, қалам алып қана кіре алады, ал телефон мен фотоаппаратпен кіруге рұқсат етпейді.
ҰПМ мен ҚБК қоғамдық бақылау жүргізуге кедергі жасайтын мекеме қызметкерлерін қатаң жазалау керек. Өйткені бір рет жазасыз қалса, әдеттеніп алады.
– ҰПМ мен ҚБК қоғамдық бақылау жүргізуге кедергі жасайтын мекеме қызметкерлерін қатаң жазалау керек деп есептейді. Мен бұл пікірді құптаймын, өйткені бір рет жазасыз қалса, әдеттеніп алады, – дейді Анар Ибраева.
Ішкі істер органдарының жұмыс мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Марат Қоғамовтың пікірінше, заңдарда ҰПМ мәртебесін анықтап жазып, жеке заң қабылдау керек әрі мемлекет тарапынан қорғалуы тиіс субъектілер ретінде оларға бюджет есебінен әлеуметтік көмек қарастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет.
– Азаптау туралы бап адамның, азаматтың конституциялық құқығы мен еркіндіктеріне қарсы қылмыстар бөліміне енгізілген. Бұл – өте жақсы қалқан, сондықтан әлгі бап біздің заңдарға ұлттық превентивті механизм мүшелерінің заңды қызметін атқаруына кедергі келтіргені үшін қылмыстық жаза енгізуге негіз болуы мүмкін. Меніңше, бұл ондайлардың көбін тәубеге келтіріп, ҚБК мүшелеріне онсыз да қиын жұмысын алаңсыз жүргізуіне жақсы фактор болар еді, – дейді Марат Қоғамов.
Қазақстанда жабық типтегі мекемелерге ҚБК белсенділерінің кіруіне 2004 жылдан бері рұқсат етілген. Ал үш жыл бұрын тағы бір орган – ҰПМ құрылған. Екеуінің де мақсаты – тұтқындарды азаптауға және қатыгездік әрекеттерге жол бермеу. Баяндамадан белгілі болғандай, жабық мекемелерге барған кезде анықталған заң бұзушылықтарды алты белсенді есебінде көрсетпейтін болып шықты. Өзгеше айтқанда, олар көргендерін жасырып қалады. Өзге белсенділер «бұған жол беруге болмайды, өйткені ҰПМ есептерін әзірлеуге бюджеттен, нақтырақ айтқанда, Қазақстан азаматтары аударған салықтан ақша бөлінеді» деп мәлімдейді.