Әлі салынбаған су арнасын енді «Қытайдың шығысына жеткізбек»

Экономикалық форумнан көрініс. Астана, 26 мамыр 2016 жыл.

Астанадағы жиында Қара теңізден Каспийге дейін тартылады делінген «Еуразия» су арнасын енді Сары теңізге дейін созайық деген ұсыныс айтылды. Бірақ оны қанша уақытта қанша қаржыға салуға болары белгісіз.

Астанада өтіп жатқан экономикалық форумның бүгінгі жиындарының бірі «Еуразияның транзиттік және су әлеуеті әлемдік экономиканы орнықты дамыту жолында» деген тақырыпқа арналды.

Жиында Азия мен Еуропаны қосатын «Еуразия» су арнасын салу мәселесі де талқыланды. Мамандар Қара теңізден Қытайдың солтүстік-шығысындағы Сары теңіз жағалауында тұрған Ляньюньган портына дейін жететін, кеме жүзетін су арнасын тарту жайын сөз етті.

«БҰЛ ҰСЫНЫСТЫ НАЗАРБАЕВ АЙТСЫН»

Форумда сөз алған Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының бірінші вице-президенті Нұралы Бектұрғанов «Қара теңіз бен Сары теңізді қосатын су арнасын салу Қазақстанға керек» екенін айтты.

– Қытайда «Жібек жолын» дамытудың көптеген бағыттары бар. Солардың бірі бізді алаңдатады. Ол Пәкістанға бастайтын «Қашқар–Гвадар» транзиттік дәлізі. 2015 жылы Қытай төрағасы Пәкістан басшысымен 46 миллиард долларлық жобаға қол қойды. Егер біз одан да қысқа қашықтықтағы су каналы «Еуразияны» ұсынбасақ, Қазақстан арқылы өтетін жүк Пәкістанмен кетеді. Соған жеткізбес үшін ұсыныс пен дәлел, уәждерімізді тезірек дайындауымыз керек, – деді ол.

Нұралы Бектұрғанов . Астана, 26 мамыр 2016 жыл.

Бектұрғановтың сөзінше, «Еуразия» каналы салынса, 2050 жылы Қытай Қазақстан арқылы 43-51 миллион тонна жүк тасымақ, бұл канал салынбаса Қазақстан арқылы өтетін Қытай тауарының көлемі 12,9 миллион тонна ғана болып қалмақ».

– Оған қоса кеме жүзе алатын «Еуразия» су каналының салынуы Ақтау портының дамуына, Қашағанның мұнайын танкермен әлемнің әр түкпіріне тасуға зор мүмкіндік бермек, – дейді Нұралы Бектұрғанов.

Астанадағы экономикалық форумға қатысқан мамандар «Еуразия» су арнасы Орталық Азиядағы су тапшылығын азайтуға, жайылым мен егіс көлемін арттыруға, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп, жұмыс орындарын ашуға да сеп болады деген уәж айтты.

«Еуразия» су арнасы бейнеленген карта. Астана, 26 мамыр 2016 жыл.

«Трансазиялық даму дәлізі» жобасының авторы Дамир Рысқұлов «Еуразия» су каналы салынса, трансазиялық экономикалық белдеудегі 21 мемлекеттік өмір сапасы жақсарып, «қазіргі қауіп-қатер мен қиын мәселелер шешіледі» деп біледі.

– Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекеттері басшыларының 2016 жылы маусымда өтетін саммитінде президент Назарбаевтың екі құрлықты қосатын экономикалық белбеуді салуға бастама көтеруін форум атынан сұраймын,– деді Дамир Рысқұлов.

Форумға қатысушылар оның бұл сөзін қолдап, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Еуразия» су арнасына қатысты ұсыныстары мен дәлел-уәждерін жазып жіберетін болып уағдаласты.

«СУ АРНАСЫНАН БАСҚА ЖОЛДАР ДА БАР»

Ресей ғылым академиясының мүшесі Арнольд Тулохонов Қытай мен Еуропа арасына жүк тасымалдау бағыттары «Еуразия» су арнасынсыз да жүзеге асып жатқанын айтады.

– Мұнай мен газ таситын құбыр жүйесі бар. Теміржол да бар. Қазақстанда салынып бітіп қалған халықаралық көлік жолы және бар. Азия-Тынық мұхит елдері мен Қытай Солтүстік теңізбен жүк тасуға мүдделі, бұл – қысқа жол. Транспорттық тасымал жолдары бір бірімен бәсекелеспеуі керек, – дейді ресейлік ғалым.

Арнольд Тулохонов. Астана, 26 мамыр 2016 жыл.

Тулохонов «Қара теңіз бен Сары теңізді қосатын су арнасы арқылы ондаған миллион тонна жүк тасуға болады» деген сөзге де күмәнмен қарайды.

– Қазір 60 миллион тонна жүк Қазақстанда да, Қытайда да жоқ. Болашақтағысы бұлыңғыр. Кластерлік жүйені дамытып, өнім өндіруді көбейту керек. Дайын жүкті таси берген пайдалы емес, – дейді ол.

Ал «Еуразия» су арнасының ғылыми-техникалық жобасын зерттеп жатқан қытайлық Sinohydro Corporation Limited компаниясының Қазақстандағы бөлім бастығы Ван Джунпань «бұл жоба қауіпсіздік пен сенімділікті қамтамасыз етеді» деп біледі.

Форумға қатысқандар айтқан дерекке қарағанда, ұзындығы 6 мың километрдей, ені 180 метр, тереңдігі 10 метр болуы керек каналдың ғылыми-техникалық негіздеме жобасының жұмыстарын Қазақстан мен Ресей және Қытай ғалымдары 2015 жылдан бері зерттеп жатыр. Бірақ ол құрылысты салуға қанша қаржы мен уақыт кетерін жиынға қатысып отырғандардың ешбірі айта алмады.

Каспий теңізі мен Қара теңіздің арасында кеме жүретін «Еуразия» су арнасын салу туралы бастаманы2007 жылы Санкт-Петербургта өткен халықаралық экономикалық форумда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген. Ол «бұл жобаның экономикалық тұрғыда тиімді екенін» сөз еткен. Оның сөзін Ресей президенті Владимир Путин де қостап, «бұл су арнасы Каспий маңындағы елдердің геосаяси ахуалын өзгертіп, оларды теңіз державаларына айналдыратынын» айтқан.