Астанада «экстремизммен күрес» басталды

Валерий Твердохлеб есімді мұсылман дінін қабылдаған Қазақстан азаматынан тәркіленген діни әдебиет. Көрнекі сурет. Көкшетау, 2 маусым 2010 жыл

Астана полициясы «діни экстремизмге қатысы болуы мүмкін» деп, екі жүзден астам адамның ұсталғанын хабарлады. Құқық қорғаушылар «экстремизммен күресті» полицияның түрлі діни топтарға бағытталған «әңгіртаяғына» теңейді.

Астана полициясының хабарлауынша, өткен аптада қала аумағында жүргізілген «Барьер» жедел алдын-алу іс-шарасы барысында 243 адам ұсталып, олардың кейбірінен экстремистік мазмұндағы әдебиет тәркіленген.

«МҰНДАЙ ШАРА – ТЕК АСТАНАДА»

– Бірақ бұлар тексерілгеннен кейін жартысы жіберілді. Құжаттары болмағандықтан 172 адам «Образ+» деген есепке алынды. Ал 66 адамның экстремистік ұйымдарға қатысы бар ма, жоқ па, солар тексеріліп жатыр, – деді Астана қалалық ішкі істер басқармасының өкілі Софья Қылышбекова шілденің 19-ы күні Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, ұсталған азаматтың арасында 13 шетел азаматы болған. «Олар елде жүру ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке
тартылды» деді Софья Қылышбекова.
Олар елде жүру ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке
тартылды.


Астана қалалық ішкі істер басқармасының өкілі Софья Қылышбекованың айтуынша, бұл операция бойынша ұсталғандардың ешқайсысы да қамауға алынбаған. «Ұсталған азаматтардың арасында мұсылман немесе христиан діні өкілдері бар ма?» деген сұрағымызға ол нақты жауап бере алмайтынын айтты.

Дәл осы мәселеге орай Астанада сейсенбі күні өткен брифингте журналистердің қосымша сұрағына Астана қалалық ішкі істер басқармасының өкілі Талғат Жұманов жауап берді. Ол экстремистік мазмұндағы әдебиет табылған азаматтардың ортақ сипаттарын айтты.

– Бұлар – 22-27 жастағы, елдің батыс және оңтүстік өңірінен келген жастар. Олардан экстремистік мазмұндағы әдебиеттер табылған. Қазір олармен профилакталық әңгімелер жүргізіліп жатыр және алдағы уақытта жалғаса береді де, – деді Талғат Жұманов журналистерге.

Астана полициясы діни экстремизммен күрес бағытындағы мұндай шараның тек Астана қаласында өткенін айтып отыр.
Біз бұған қатаң қарауымыз қажет, үкімет пен мемлекеттің бұған қатысты өзінің арнайы саясаты болуы керек.


Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов жуықта өткен онлайн конференциясында дін істер жөніндегі агенттіктің діни экстремизммен күресуге бағытталған арнайы шаралар ойластыратынын хабарлаған.

«...біз бұған қатаң қарауымыз қажет, үкімет пен мемлекеттің бұған қатысты өзінің арнайы саясаты болуы керек» деген еді Қазақстан премьері.

Қазақстанда діни ұйымдарды жаңадан құрылған дін істері жөніндегі агенттік қадағалайды. Ал әділет министрлігіне қарасты сот сараптама орталығы осы ұйымдар тарататын әдебиеттерге талдау жасайды.

«КЕЗ-КЕЛГЕН ҰЙЫМДЫ ЭКСТРЕМИСТ САНАТЫНА ҚОСУ ОҢАЙ»

Адам құқығын қорғау бюросының өкілі Андрей Гришин елде «ресми мешітке» немесе «ресми шіркеуге» «бағынбайтын» кез-келген діни ұйымды экстремистік ұйымдар санатына жатқызудың өте қарапайым жолы бар екенін айтады.

– Әуелі оларды қандай да бір рұқсат етілмеген құлшылық жасады деп айыптайды. Келесі қадам – экстремистік ұйым деген атақ таңу, – дейді
Нұрлыбек Үргешбаев полицейлердің өліміне күдікті деген топ пен арнайы жасақ арасындағы атыстан қалған белгіні көрсетіп тұр. Ақтөбе облысы, Кеңқияқ ауылы, 10 шілде 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Андрей Гришин.

Мемлекеттің экстремизмен күресін сынға алған құқық қорғаушы бұл «күрестен» көбінесе жазықсыз адамдар жапа шегетінін айтады.

– Бүгін Кеңқияқ пен Шұбаршидегі оқиғадан кейін «жаппай тазарту» жұмыстары басталғаны турасында Ақтөбеден хабар алдым. Оқиғаға қатысы бар адамдар да, мүлде қатысы жоқ адамдар да жауапқа тартылып жатыр. Оның үстіне күш қолданылған. Егер адам мүлде кінәсіз болып шықса, оны жауапқа тартқанын ақтап алу үшін кішігірім айыптар таққан. Полиция бөлімшесінде ұрып-соққан, – дейді Андрей Гришин.

Оның айтуынша, полицияның бұл шарасы «қандай да бір ұзақ уақытқа жоспарланған әрекет емес, әншейін «жағдайды бақылауға алыңдар» деп бұйрық бергесін, бастарына әңгіртаяқ ойната бастайды».

Шілденің басында Ақтөбе облысы Темір ауданында екі полицейді өлтірген қарулы топқа қарсы арнайы операция басталып, оннан астам адам қаза тапқан еді. Кейін Ақтөбе полициясы бұл азаматтар Темір ауданында көптен бері «діни идеяларды жамылып, Кеңқияқ пен Шұбарши маңындағы құбырлардан мұнай ұрлап, т.б. қылмыс жасаған» ұйымдасқан қылмыстық топпен байланысы бар екен деп мәлімет таратқан.