Үкіметтегі ауыс-түйісте Назарбаева сенат депутаты атанды

Дариға Назарбаева. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл.

Бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министрдің екі орынбасарын және министрлерді тағайындады. Президент Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева сенат депутаты атанды.

Бұған дейін қорғаныс министрі болған Иманғали Тасмағамбетов бүгіннен бастап премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың орынбасары болып тағайындалды. Премьер-министрдің бүгін белгілі болған тағы бір орынбасары - Асқар Мырзахметов ауыл шаруашылығы министр қызметін де қосып атқармақ. Ал премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметіне қыркүйектің 10-ында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын басқарып келген Асқар Мамин тағайындалған еді.

Президент Назарбаевтың қызы, 2015 жылдың қыркүйек айынан бері Қазақстан үкіметінде премьер-министрдің орынбасары болып келген Дариға Назарбаева сенат депутаты атанды.

ҮКІМЕТТЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР

Қазақстан президенті үкімет құрамына құрылымдық өзгерістер енгізіп, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл министрлігін агенттікке ауыстырды. Президентке тікелей бағынатын агенттіктің төрағасына Қайрат Қожамжаров тағайындалды. 2014 жылы осы агенттік министрлікке ауыстырылған болатын.

Жаңадан дін істері мен азаматтық қоғам министрлігі ашылып, оған бұған дейін президент көмекшісі - қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған Нұрлан Ермекбаев тағайындалды. Ал оның орнына ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Владимир Жұмаханов барды.

Үкімет құрамындағы жаңа есімдер - қорғаныс министрі болып тағайындалған Қазақстан қарулы күштері бас штабының басшысы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов пен әділет министрі Марат Бекетаев. Ал осы күнге дейін әділет министрі болған Берік Имашев бүгін орталық сайлау комиссиясының төрағасы болып тағайындалды.

Өзге министрлердің көпшілігі өз орындарында қалды. Қазақстан президенті жарлығы бойынша Ерлан Ыдырысов – сыртқы істер министрі, Қалмұханбет Қасымов – ішкі істер министрі, Дәурен Абаев – ақпарат және байланыс министрі, Ерлан Сағадиев – білім және ғылым министрі, Тамара Дүйсенова – денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі, Жеңіс Қасымбек – инвестициялар және даму министрі, Бақыт Сұлтанов – қаржы министрі, Арыстанбек Мұхамедиұлы – мәдениет және спорт министрі, Қуандық Бишімбаев – ұлттық экономика министрі, Қанат Бозымбаев энергетика министрі болып қала берді.

Бұл - өткен аптада 2014 жылдан бері Қазақстан үкіметін басқарған Кәрім Мәсімовтің ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағалығына жіберілгелі бергі кезекті өзгеріс. Өткен жұмада Қазақстан премьер-министрі болып Бақытжан Сағынтаев тағайындалған.