42 жастағы Әділбек Мейрамовтың солғын жанарынан ертеңгі күнге деген сенімсіздік байқалады. оның үстіне әйелі екеуі де жұмыссыз. Мейрамов «үйден шығарса, бала-шағамды қайда апарарымды білмеймін» дейді.
Отағасы Целиноград (Астананың ескі атауы) қаласында туып-өскен. Оның айтуынша, 1998 жылы даулы үйдің 70 пайызы әкесінен мұраға қалған. Қалған 30 пайызы әкесінің бауырына тиген, ал ол еншісін өз балаларына берген. Үйді бұзғаны үшін берілетін өтемақыны бөлу кезінде туған дау талай жылдарға созылған. Бірақ Әділбектің отбасы далада қалатын түрі бар, өйткені оларға 6 миллион теңге ғана тиюі мүмкін. Қазіргі бағаммен алғанда, 18 мың долларға тең бұл сома жөні түзу баспана сатып алуға жетпейді. Әділбек Мейрамов Астананың орталығында орналасқан үйі мен жер телімінің нақты бағасы 140 мың доллардан кем болмауы тиіс деп біледі.
ҮШ БАЛА МЕН ЖҰМЫССЫЗ ӘКЕ-ШЕШЕ
Отбасының Ақмола облысы Степногорск қаласында компьютер жөндейтін шебер болып жұмыс істейтін 23 жастағы үлкен ұлдарынан кейінгі үш ұлдары осы үйде тұрады. 11 жасар бала жақын маңдағы мектепте оқиды. Әке-шешесі «мына үйден шығарса, баланың мектепке барып-қайтуы қиындайды» дейді. Өзге екі баланың бірі – 5-те, кішісі – 4 жаста. Мемлекеттік балабақшаға орналастыра алмаған, ал жеке меншік балабақша қымбат, сондықтан екеуі бүкіл уақытын үйдегі анасының жанында өткізеді.
Әділбек Мейрамовтың айтуынша, әйелі сияқты өзі де қазір ешқайда жұмыс істемейді. Отағасы бала-шағасын ара-тұра кездесіп қалатын жұмыстан тапқан ақшаға асырап отыр.
– Соттасамыз деп көп дүниемізді сатуға тура келді. Кезінде доңғалақ жөндеумен айналысатын жеке кәсіпкер болдым, әйелім екеуміз жалға берілетін пәтерлерге делдалдық еттік, такси жүргізушісі болып жұмыс істедім. Кейін сол таксопаркте – «Сарыарқа» серіктестігінде директордың орынбасары болдым. Оны ЕҚЫҰ саммиті үшін ашқан еді, Қазақстанды абыроймен көрсетіп, жұмыс істедік. Мына үйдің ауласында доңғалақ жөндеумен айналыстық, кейін билік жұмыс істетпей қойды, – дейді Әділбек Мейрамов.
Оның айтуынша, жаз кезінде жұмысшылар бригадасын жинап, тапсырыспен жеке үйлер салумен айналысқан.
– Күйеуім мамыр айынан бері мүлде жұмыс істеген жоқ. Өзім балалармен үйде отырмын. Жуырда адвокат жалдауға ақшамыз болмай, апайымыздан 60 мың теңге қарыз алдық, ал доңғалақ жөндейтін шеберханамызды ақшасын бөліп төлеймін деген біреуге саттық, – дейді Гүлзада Арықбаева.
ҮЙ БҰЗУДЫ КҮТУМЕН КҮН КЕШУ
Астана қаласының орталығындағы Иманов көшесі бойындағы Мейрамовтардың үйінде үш жылдан бері орталық су құбыры жоқ. Жеке көлігі жоқ отбасы суды үйден үш көше әріден пластик ыдыс мен бөтелкеге құйып тасиды. Үйдегі бөлмелер осындай ыдыстарға толы.
Бірақ отағасы таяу маңда су шығатын құдық болғанын, бұрын үйінде жаз мезгілінде су келетін құбыр болғанын айтады. Үйде қалалық телефон да болған, бірақ үй бұзылатын болған соң оны үзіп тастаған. Әділбек Мейрамовтың айтуынша, коммуналдық қызмет орындары бұл үйді бірнеше мәрте электр жарығынан да ажыратқан. Қазір үйде «жайлы тұрмыстан» даладағы әжетхана мен от жағатын пеш қана қалған.
– Осы уақытқа дейін бізді мына жерден қуып шығудың барлық амалын істеп бақты, – дейді Әділбек Мейрамов.
Ол үйі мемлекет қажеті үшін бұзылатынын 2012 жылы – мемлекет қажеті үшін бұзылатын үйге өтемақы тағайындаған әрі өзі қатыспаған сот отырысынан кейін естігенін айтады. Оның айтуынша, ақшалай өтемақы кімге қандай үлеспен тиесілі деген мәселеге қатысты дау туған. Мейрамовтар отбасы «сот бізге қатысты әділетсіз үкім шығарды, үйді бұзғаны үшін берілетін өтемақыға Астанадан баспана сатып ала алмаймыз» дейді.
Әділбек Мейрамовтың айтуынша, жуырда сотқа жүгініп, ертеректе аударылған 2 миллион 600 мың теңгенің үстіне тағы 3 миллион 400 мың теңге өтемақы қосқызып алған. Бірақ ол «маған сол ақшаны әзірше ешкім аударған жоқ» дейді.
ҚАРАПАЙЫМ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚОЛДАУЫ
25 желтоқсан күні үйді бұзуды жаңа жыл мерекесіне бола кейінге қалдырғаны жайлы Азаттық жариялаған видео репортаждан кейін Әділбек Мейрамовқа қолдау танытқан адамдар келе бастаған. Әділбек Мейрамов пен оның жұбайының – өзіне-өзі пышақ салатынын айтып қорқытқан Гүлзада Арықбаеваның сот шешімін орындаушылармен қақтығысынан түсірілген видеоны әлеуметтік желілерде 200 мыңнан аса адам көрген.
ВИДЕО: Үй бұзуға наразылық
Бірақ Әділбек Мейрамовтың айтуына қарағанда, видеорепортаж жарияланғаннан кейін де ештеңе өзгермеген.
– Соңғы күндері көп адам телефон соқты, осында келіп жатқандары да бар. Бәрі – қарапайым адамдар. Өзге қалаларда тұратын адамдардың өтініші екенін айтып, «ВКонтакте» желісіндегі «За тебя, Бәке» әлеуметтік тобынан бір жігіт келіп кетті. Жұрт «шетін қадамға бармаңдар, жалғыз емессіңдер, сендерді Қазақстан халқы қолдайды» деп жатыр. Баспанаға ақша жинау үшін банктен есеп-шот ашуды өтінді. Шолпан деген заңгер хат жазып, тегін көмегін ұсынды, таныссын деп құжаттарымды оған жіберіп қойдым. Қазақстан коммунистік партиясынан көмекші жігіт келіп, дүйсенбі күнге депутат Косаревтің қабылдауына жазатынын айтып кетті, – дейді Әділбек Мейрамов.
Бірақ Азаттық тілшісі келген кезге дейін билікшіл коммунистік партия өкілдері уәде еткен кездесу болмаған. Ал кеше Астананың Алматы аудандық соты Әділбек Мейрамовтың сот шешімін орындауды кейінге қалдыруды сұраған өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Енді Мейрамовтардың үйін бұзу келесі сейсенбіге – қаңтардың 5-іне белгіленген.