Өзін-өзі реттеу туралы заң жобасын «қауіпті» деп атады

Қырманда жүрген адамның көлеңкесі. (Көрнекі сурет)

Қазақстан парламенті талқылауына «Өзін-өзі реттеу туралы» заң жобасы түсті. Құрастырушылардың болжамынша, ол бизнестің үстінен қарайтын мемлекеттік бақылаудың баламасы болады. Бірақ кейбір депутаттар жобаны талқылаудан алып тастауды сұрайды.

Заң жобасын құрастырушылар – ұлттық экономика министрлігі «өзін-өзі реттеу» дегенді «жеке және заңды тұлғалардың кәсіпкерлік немесе кәсіби қызметін өздігінен реттеуіне бағытталған кешенді шаралар» деп түсінеді. Жоба авторларының пайымдауынша, мемлекет өз функциясының бір бөлігін өзін-өзі реттеу ұйымдарына тапсырады әрі оған кәсіпкерлер ерікті немесе міндеттілік негізінде мүшелікке өтуі тиіс.

Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев «заң жобасы қабылданса, кәсіпкерлікті дамытуға және мемлекет пен бизнестің әріптестік қарым-қатынасын реттеуге жағдай жасайды» дейді.

– Өзін-өзі ерікті түрде реттеу моделі бойынша, жекелеген нарық субъектілері өзін-өзі реттеу ұйымына бірігіп, тұтынушы тарту үшін заңға сүйеніп қосымша талаптар қоя алады. Өзін-өзі реттеу ұйымдары тек өз мүшелері ғана орындауы тиіс ережелерді бекітеді. Ал нарықтағы өзге субъектілер өз бетінше әрекет ете береді. Мемлекет нарықтың бүкіл субъектілерін, оның ішінде өзін-өзі реттеу ұйымы мен оның мүшелерін бақылау мен рұқсат беру функциясын сақтап қалады, – дейді Қайырбек Өскенбаев.

Оның айтуынша, ерікті түрде құрылған өзін-өзі реттеу ұйымдарына жеке кәсіпкерлердің қауымдастық немесе одақ түріндегі бірлестіктері кіреді, ал міндетті негіздегі өзін-өзі реттеу ұйымдары нотариалдық палаталар мен адвокаттар алқасы сияқты құрылады.

«КӘСІПКЕРДІҢ АРМАНЫ» МА, ӘЛДЕ «РЭКЕТ» ПЕ?

Жаңа заң жобасына қатысты депутаттар пікірі екіге жарылды. Депутаттардың кейбірі құжатты «кәсіпкердің арманы» деп атаса, енді біреулері жобада қарастырылған нормалар бизнес үшін қауіпті деп санайды.

Парламент депутаты Дариға Назарбаеваның пікірінше, өзін-өзі реттеу ұйымдарының жұмысы елдің бизнесмендерін біріктіретін ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметіне мүлде қайшы келмейді, керісінше бір-бірін толықтыра түседі.

Парламент депутаты Дариға Назарбаева.

– Бұл заң керек пе, әлде керек емес пе? 2014 жылдың сәуірінде шетел инвесторлары кеңесінде мемлекет басшысы «мемлекеттік органдар өзін-өзі реттеу ұйымдарын ғана тікелей бақылауында қалдырып, нарық субъектілерін бақылаудан бас тартуы тиіс әрі кәсіпкерлік ортада өзін-өзі реттейтін институтты дамыту қажет» деп тапсырма берген, – дейді Дариға Назарбаева.

Бірақ кейбір депутаттар «заң жобасының мына редакциясына қарсымыз, оны қабылдаудың қажеті жоқ» деп мәлімдеді.

Парламент депутаты Мұхтар Тінікеевтің пікірінше, мұндай заң бизнесмендерді жікке бөледі. Ол өзін-өзі реттеу ұйымдары Қазақстанда жоспарланғандай, мәжбүрлі түрде емес, ерікті негізде құрылуы тиіс деп санайды.

– Біреуді бір жаққа күштеп кіргізудің қажеті қанша? Мен мұндай заң жобасына қарсымын және әріптестерімнен оны күн тәртібінен мүлде алып тастауды сұраймын, – дейді Мұхтар Тінікеев.

Парламентке «Ақ жол» партиясынан сайланған депутат әрі Қазақстанның «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасын бес жыл басқарған Азат Перуашевтің айтуынша, мұндай заң қабылданса, мемлекет өзін өзі реттеу ұйымдарының жұмысына араласып, конституцияға қайшы әрекетке барады.

Парламент депутаты Азат Перуашев. Астана, 20 қаңтар 2015 жыл.

– Мына заң жобасына қарасаң, енді әр министрлік өзінің жанынан салалық қауымдастық құра бастайды. Олар ұлттық кәсіпкерлер палатасына мүшелік жарна төлемейді, бірақ әр мемлекеттік орган өз жанынан қолбаласындай жұмсап, әмірін жүргізе алатын салалық қауымдастық құрып алуға тырысады. Жобада не деп жазылғанын тыңдаңыздар: «Тексеру жүргізіп, заң бұзылған жағдайда мүшеліктен шығарылады». Демек, бұл кәсіпорындардың жұмысына тыйым салу, тоқтату деген сөз. Бұл бопсалауға, коррупцияға жол ашады әрі тексеруді іс жүзінде заңдастыру, коммерция көзіне айналдыру. Бұл «төле, төлемесең, тізімнен сызып тастаймыз, жұмыс істемейсің» деп бопсалайтын нағыз рэкеттің өзі болады. Мына түрінде бұл заң жобасы өте қауіпті, – дейді Азат Перуашев.

«ЖАЛПЫ ӘРІ ШЕКТІ» ЖОБА

Бірақ өзін-өзін реттеу ұйымдарының кейбір өкілдері «біз үшін жалпы әрі шекті заң жобасы болғанымен, бақылау функцияларының бір бөлігін мемлекетпен бөлісуге әзірміз» дейді. Олардың сөзінше, заңның бұл жобасы өздеріне «ортақ әрі шектеулі».

Республикалық нотариалдық палата төрайымы Әсел Жанәбілованың айтуынша, нотариалдық палата, адвокаттар алқасы, сот шешімін орындаушылар, аудиторлар мен бағалаушылар өзін-өзі реттеу ұйымдарына баяғыда біріктірілген.

– Егер бізді қадағалайтын өкілетті орган – әділет министрлігі бұл функцияларды бізге бергісі келсе, өзін-өзі реттеу ұйымы ретінде біз қабылдауға әзірміз. Онсыз да бақылауды баяғыдан бері өзіміз жүргізіп келгенбіз, бірақ 2012 жылдан бастап бұл функция мемлекет құзырына өткен, – дейді Әсел Жанәбілова.

Парламент мәжілісінің жұмыс топтары жуырда заң жобасын егжей-тегжейлі қарауды жоспарлайды.