Бүгін үкіметте өткен отырыста ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев жер туралы жаңа заң жобасымен таныстырды. Оның сөзінше, жобада былтыр жұмыс істеген жер комиссиясының қорытынды шешімі толық ескерілген. Заң жобасын таныстырған вице-министрі жерді шетелдіктерге беру-бермеу мәселесін де сөз етті.
– Заң жобасы шекара сызығы мен шекара маңы аймағындағы жер телімдерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқтарға, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдармен некелескен Қазақстан азаматтарына, шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдік үлесі бар Қазақстанның заңды тұлғаларына бермеу қаралған, – дейді ол.
Үкімет отырысында жер комиссиясының құқықтық сұрақтар бойынша топ жетекшісі болған азаматтық белсенді Мұхтар Тайжан да қатысты. Ол «жер тек Қазақстан азаматтарына ғана берілетінін» айтты.
– Жер тек Қазақстан азаматтарына беріледі. Егер фирмада шетелдіктердің бір пайыз үлесі болса да, онда мұндай фирмаға жер жалға берілмейді, – дейді Мұхтар Тайжан.
Жер комиссиясының шешімі негізінде жасалған заң жобасы жер кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізеді деп жоспарланған. Әзірге барлығы қанша бап, қанша тармақ өзгертілетіні анық емес. Таяу арада заң жобасы парламент мәжілісінің қарауына түседі.
«БІР КІСІ»
Парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты, жер комиссиясының отырыстарына қатысқан саясаткер Серікбай Әлібаев комиссия жұмысына да, жаңа заң жобасына да күмәнмен қарайды.
– Бүгінгі билік жер туралы қандай ұсыныс айтса да ол халықтың ойынан шықпайды. Оған менің сенімім зор. Өйткені олар бір кісі – президенттің айтқанынан шыға алмайды. Кім шешімді қабылдайды? Президент бәрінің үстінде отыр. Үкіметтің үстінде отыр, парламент, сот жүйесінің, үстінде отыр. Сондықтан шешімді қабылдайтын бір-ақ кісі. Ал басқалары бәрі сол кісінің айтқанын орындайды, – дейді саясаткер.
Your browser doesn’t support HTML5
2016 жылы наурыздың соңында сол кездегі ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев «үкімет шілденің 1-інен бастап елде ауыл шаруашылығы жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отырғанын» хабарлаған. Содан кейін Атырау, Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен, Алматы, Орал қалаларында жер туралы заңға енгізілген өзгерістерге қарсы ірілі-ұсақты наразылық акциялары өткен.
Жер мәселесіне байланысты наразылық күшейген соң Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіндегі даулы баптарға жыл соңына дейін мораторий жариялап, кейін оның мерзімін тағы бес жылға созған. Президенттің бұйрығымен жер реформасы бойынша комиссия құрылған.
2016 жылғы жер реформасына қарсы митингілерден соң ондаған белсенді ұсталып, істі болған. Олардың екеуі – атыраулық Макс Боқаев пен Талғат Аян былтыр 26 қарашада «заңсыз митингтер ұйымдастырды», «жалған ақпараттар таратты», «ұлтараздық тудырды» деген айыптармен 5 жылға сотталған. Боқаев пен Аян өздеріне тағылған айыптарды мойындамаған.