Наразылар үкімет үйі алдында апта бойы отыр

Үкімет үйі алдында наразылық танытып отырған әйелдер. Астана, 27 шілде 2014 жыл.

Астанадағы үкімет үйі босағасында бес әйелдің күндіз-түні отырғанына алты тәулік болды. Полиция ұстап әкетіп, кейін босатқан соң олар наразылық акциясын өткізген орындарына қайта келді.

Астанадағы бұрынғы саяжай аумағындағы баспаналарынан айырылу қаупі төнген бірнеше отбасы өкілдері жер телімдерін «мемлекет қажетіне» алумен келіспейді. Үйлерін бұзбау туралы шағым-мұңын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізуді көздеген олар өздерін президент әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулинмен кездестіруді талап етеді.

Биыл бұл әйелдер өздерін парламент, бас прокуратура шарбағына шынжырмен байлап, президент резиденциясы – Ақордаға барған еді. Бұрын өткізген қарсылық акцияларында олар өздерін жалғыз баспаналарынан айырып, далада қалдыратындай ешқандай «мемлекет мұқтаждығы» жоқ екенін билікке жеткізгісі келген. Олардың кейбірін сот әкімшілік қамауға алып, айыппұл да салған еді.

Бұрынғы саяжай аумағында салынған үйлерінен шығарылатын тұрғындардың бұл жолы үкімет үйі алдына келіп отырғанына алтыншы тәулік болды. Шілденің 28-і күні таңертең бес әйелді полицейлер ұстап әкеткен. Прокурор оларға «рұқсат етілмеген наразылық акциясын» өткізуге болмайтыны туралы ескерту жасаған.

– Прокурор келіп «сіздердің жиын мен пикет өткізіп жатқандарыңыз туралы Azattyq.org сайтынан оқыдым, үкімет үйі алдынан кетіңіздер» деп айтты, - дейді наразылық акциясына қатысушылардың бірі Сандуғаш Серікбаева.

Біраз уақыттан соң оларды полиция бөлімшесіне алып кеткен. «Автобусқа өзіміз барып отырдық» дейді Сандуғаш Серікбаева.

Есіл ішкі істер басқармасында үш сағат ұстап, түсініктеме алған соң босатқаннан кейін әйелдер шілденің 23-інен бері күні-түні отырған үкімет үйі алдына қайта барды.

Your browser doesn’t support HTML5

Үкімет үйі алдындағы наразылық

ҮКІМЕТ БОСАҒАСЫНДА

Үкімет үйіне босағадан сығалап бір аптаға жуық отырған әйелдер таңғы сағат алты жарымда тұрып, кешкі сағат тоғыздан кейін жатады. Орындарына жайғасқан соң ғана пакеттерінен төсеніштерін шығарып, рұқсат қағаз беретін бюро есігі жанындағы бұрышқа төсейді. Төсеніштің астында осы акция үшін сатып алған арнайы жылытқышы бар. Әдетте оны еденді жылыту үшін құрылыста пайдаланады. Бірақ түнгі суықтан әйелдерді әлгі жылытқыш та қорғай алмайды. Соңғы күндері Астанада ауа температурасы он градустан аспай тұр. Әйелдердің кейбірі суық тиіп, дәрі ішіп жүр. Бірақ алған беттерінен қайтар ойлары жоқ.

– Онсыз да «бомж» болдық. Бәрін тартып алды, - дейді Сандуғаш Серікбаева Азаттық тілшісіне.

Таңертең әйелдер көрпе-төсеніштерін пакеттеріне салып қояды. Содан күні бойы аяқтарынан тік тұрады немесе жүрелеп отырып, министрлер немесе оларың қарамағындағы қызметкерлердің бірі назар аударар деп күтеді. Бірақ шенеуніктер олардың қасынан тезірек өтіп кетуге асығады.

– Олар бізді адам қатарына санамайды. Жанымыздан тезірек өте шығып, көліктеріне отыруға тырысады, - дейді Бәтима Иманова.

Үкімет үй табалдырығында отырған әйелдерге түскі-кешкі асты туыстары әкеледі. Әйелдер тамақты да осы арада жүрелеп отырып немесе төсеніштерін жайып тамақтанады. Осы кезде аналарын көруге кішкентай балалары да келеді.

– Негізі алтау болғанбыз. Бірақ бір келіншектің баласы ауырып қалды. Ол енді әзірше мұнда отыра алмайды, - дейді Сандуғаш Серікбаева.

Бұрынғы саяжайдағы үйлерінің "мемлекет қажеті" үшін сүрілуіне наразы тұрғындар үкімет үйі алдында тұр. Астана, 24 шілде 2014 жыл.

Әйелдер барлық керек-жарағын өздерімен бірге әкелген пакет-сөмкелерінде сақтайды. Су, сүт, термостары бар. Күндіз әйелдер ара-тұра шай ішеді. Қайнаған судың екі литрін жақын маңдағы дәмханадан 200 теңгеге сатып алады. Олар «бұрын қайнаған суды аула сыпырушыдан алушы едік, кейін бермейтін болды» дейді.

– Таңертең жуынуға, әжетханаға кезекпен барамыз. Мына арада халыққа қызмет көрсету орталығы (ЦОН) мен «Керуен» сауда үйі бар. Төмендегі автотұрақта биоәжетхана бар еді, біз мұнда отырғалы жауып тастады, - дейді Сендуғаш Серікбаева.

Әйелдер үкімет үйі алдындағы акцияларын жалғастыруды жоспарлайды. Бірақ үйін бұзу сейсенбіге белгіленген Алтын Шервалиеваны қолдау үшін олар шілденің 28-і күні кешкісін үйлеріне тарамақ.

ҮЙЛЕРДІ БҰЗУ МЕН ЖЕРДІ АЛУ

Жуырда бес әйелдің үшеуі Астанадағы бұрынғы саяжай аумағындағы үйінен шығарылмақшы. Қалған екі әйелдің үйлерін былтыр бұзып тастаған. Қала билігі олардың жерін «мемлекет қажетіне» деген уәжбен алған. Олар жер телімі үшін тағайындалған өтемақыны алудан бас тартқан.

Мемлекет біздің жерімізге мұқтаж емес екенін, ондай желеумен алынған мүлкіміз жеке біреулердің қолына өтіп жатқанын жұрт көрсе дейміз.

Былтыр Сандуғаш Серікбаева өз үйін бұзудан аман алып қалуға тырысып, бір апта құрылыс кранында отырған еді. Ол ақшалай өтемақы емес, жері мен үйін қайтарып беруді талап етеді.

– Түнде мына жер суық екенін жасырмаймыз. Бірақ бәріне төзіп, президентке шындықты жеткізуге тиіспіз. Біз сот шығарған шешімдерді ашып, бізбен бірге талдауға шақырамыз. Соттардың салдыр-салақ қарайтынын, мемлекет біздің жерімізге мұқтаж емес екенін, мемлекет қажетіне деген желеумен алынған мүлкіміз жеке біреулердің қолына өтіп жатқанын жұрт көрсе дейміз, - дейді Сандуғаш Серікбаева Азаттық тілшісіне.

Астана тұрғындарының бұл тобын «дачниктер» деп атайтын жергілікті билік оларға «жер телімдерің бұрынғы саяжай аумағында болғандықтан үлкен өтемақы берілмейді» деп мәлімдеген. Бірақ бұрынғы саяжайларда салынған үйлердің қожайындары ешқандай өтемақы талап етпейді. Олар өз үйлері мен жерлерін сақтап қалғысы келеді.

Шілденің басында бас прокуратура Астанадағы бұрынғы саяжай жерлерін мемлекет иелігіне алу «заңды» деп мәлімдеген еді. Тұрғындардан алынған жерлерге мектеп пен балабақшалар салынады деп жарияланған.