Лұқпан Ахмедьяров есін жиды, бірақ жағдайы ауыр

Журналист Лұқпан Ахмедьяровты жедел жәрдем ауруханаға алып келді. Орал, 19 сәуір 2012 жыл.

«Уральская неделя» газетінің журналисі Лұқпан Ахмедьяровқа сәуірдің 19-ы түнде үйінің қасында қарулы қастандық жасалды. Оны жедел жәрдем Орал қаласындағы облыстық клиникалық ауруханаға алып келген. Аурухана кезекшісі түс әлетінде «журналист есін жиды, бірақ жағдайы ауыр» деп хабарлады.

Лұқпан Ахмедьяровқа ауруханада операция жасалғанын Азаттық радиосына оның әріптесі Тамара Еслямова хабарлады.

Лұқпан Ахмедьяровтың басқа да туыстарымен бірге ол да ауруханаға барған. Дәрігерлер журналистің жағдайы туралы бірден ақпарат бермеген, бірақ жарақаттың ауыр екенін айтқан.

- Лұқпанға үш сағат бойы операция жасалды. Біз ауруханадан шамамен [түнгі] төрт жарымда шыққан кезде дәрігерлер оның жағдайы ауыр деп бағалады, - дейді Тамара Еслямова таңертең Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, қан көп кетпегендіктен Лұқпан Ахмедьяровқа қосымша қан құюдың керегі болмаған.

«Уральская неделя» газетінің бас редакторы Тамара Еслямова. Алматы, 29 наурыз 2011 жыл.


- Сегіз пышақ жарақаты болған. Қайта құдай сақтап пышақ жүрегіне тимей жанап өткен. Және оның желке тұсына ауыр соққы тиген. Ол жерде ашық жарақат бар. Бұған қоса, дәрігерлер оның денесінде травматикалық қару оғынан да тиген жарақат бар екенін айтты, - дейді Тамара Еслямова.

Оның айтуынша, «қазір Лұқпан Орал қаласындағы облыстық клиникалық аурухананың реанимация бөлімінде наркозда жатыр».

«ЖАНТҮРШІГЕРЛІК ҚАСТАНДЫҚ»

Әріптестерінің айтуынша, Лұқпан Ахмедьяров сәуірдің 19-ы күні шамамен кешкі сағат он жарымдарда темекі шегу үшін сыртқа шыққанда, подъезд алдында белгісіз біреулер оған шабуыл жасаған.

Тамара Еслямова «Көршілер оған тиіскен бес адамды көрген» дейді. Оның айтуынша, полиция қылмыс болған жерді түнде шолып, әйелі мен өзінен сұрақ-жауап алып кеткен.

Тамара Еслямова бұл қастандықты журналистің кәсіби қызметімен байланыстырады. Еслямова Лұқпан Ахмедьяровтың әйелінің «Нац Экс» компаниясында жұмыс істейтінін айта келіп, «Маған Лұқпан осыдан екі күн бұрын

Жаңаөзен оқиғасының жүз күндігіне орай өткен қарсылық митингісін ұйымдастырушы Лұқпан Ахмедmяров. Орал, 24 наурыз 2012 жыл.

әйелін компания басшысы - Графкин деген адам шақырып алып, «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамдары келіп, "сенің компанияңда мемлекет жауының әйелі істейді" деп ескертті. Қарсылық митингілерін ұйымдастыруын қойсын» дегенін айтқан еді» дейді.

Тамара Еслямова Азаттық тілшісіне «бүгін заңгерлермен келісе отырып бұған байланысты мәлімдеме жасайтындарын» айтты.

Орал қалалық ішкі істер басқармасына хабарласқан Азаттық тілшісіне өзін кадр бөлімі бастығының орынбасарымын деп таныстырған Қуат Дүйсенғалиев:

- Қазір ешнәрсе айта алмаймын. Оқиға болған жерде бастықтың орынбасары Арман Мұхамедияров жүр. Ол жұмысқа түстен кейін келеді. Содан білесіздер. Қазір күдікті екі адам бар. Түстен кейін хабарласыңыздар, - деді.

Кеше АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орналасқан The Committee to Protect Journalists - CPJ (Журналистерді қорғау комитеті) халықаралық ұйымы тәуелсіз «Уральская неделья» апталығының журналисі Лұқпан Ахмедьяровқа жасалған қастандықты айыптап мәлімдеме таратты.

Мәлімдемеде «CPJ Қазақстан билігін қастандықты дереу тергеп, кінәлілерді жауапқа тартуға шақырады. Ахмедьяров мақалаларында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билігін сынап, облыс басшыларын 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзенде мұнайшылар мен полиция арасындағы қақтығыстарға назар аударуға құлықты емес деп айыптаған болатын» деп жазылған.

Committee to Protect Journalists халықаралық ұйымы директорының орынбасары Роберт Махони (сол жақтан санағанда бірінші) АҚШ конгресі ұйымдастырған журналистер қауіпсіздігі туралы "Блоггерлер түрмеде" атты халықаралық семинарға қатысып отыр. АҚШ, Колумбия округі, 27 сәуір 2010 жыл.


Осы мәлімдемеде халықаралық ұйымның өкілі Роберт Махони:

- Жантүршігерлік қастандық Қазақстанда тәуелсіз журналист болудың қандай қиын екенін көрсетеді. Ахмедьяров үкіметті сынаған, енді ауруханада жатыр. Үкімет шұғыл түрде тексеру жүргізіп, жауаптыларды жазалау керек, - дейді.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) да Лұқпан Ахмедьяровқа жасалған қастандықты айыптап мәлімдеме жасады.

"Қазақстан билігін жантүршігерлік шабуылға ерекше назар аударуға шақырамын. Оқиғаны дереу тексеріп, шабуыл оның кәсіби қызметімен байланысы бар-жоғын анықтау керек. Жауаптылар сотқа тартылуы тиіс" деді ЕҚЫҰ-ның баспасөз еркіндігі бойынша өкілі Дуня Миятович.

Жұма, 20 сәуір күні Қазақстанның журналистер қауымы Лұқпан Ахмедьяровқа жасалған қастандыққа қатысты мәлімдеме жасап, құзырлы органдардан оқиғаны дереу тексеріп, бақылауға алуды талап етті.

Қастандықты Ахмедьяровтың кәсіби қызметімен байланыстырған журналистер бұл оқиғаны жай ғана қылмыс емес, саяси астары бар әрекет деп біледі.

"Ішкі істер министрлігінен қастандықты дереу шынайы түрде тергеу, тексеруді, ал бас прокуратурадан Ахмедьяровтың ісін қатаң бақылауға алуды талап етеміз. Соттан қастандыққа тапсырыс беріп, оны орындағандарды әділ түрде жауапқа тартуды да талап етеміз" дейді журналистер.

Батыс Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлжан Қанатованың айтуынша, бұл оқиғаға байланысты қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлімі бойынша ("қылмыс жасауға оқталу") қылмыстық іс қозғалды деп хабарлайды Tengrinews агенттігі.

ҚАМАУ МЕН АЙЫППҰЛ

Бұған дейін Азаттық радиосы азаматтық қоғам белсендісі әрі журналист Лұқпан Ахмедьяровты наурыздың 7-сі полицейлер үш рет тоқтатқанын жазған еді.

Лұқпанның өзі сол кезде мұны Орал қаласында наурыздың 24-і күні қарсылық митингісін өткізуге өтініш бергенімен байланыстырған.

2011 жылы қаңтардың 6-сы күні Лұқпан Ахмедьяров Қазақстан президенті

Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін ұзартуға қарсы шыққан Лұқпан Ахмедьяровты (сол жақ шетте) полиция ұстады. Орал, 6 қаңтар 2011 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін ұзарту туралы референдум өткізуге қарсылық білдіріп, бір топ адаммен алаңға шыққан. Оларды полиция тұтқындап, ертеңінде Орал қалалық әкімшілік соты Лұқпан Ахмедьяров «бес тәулікке қамалсын» деген үкім шығарған еді.

Лұқпан Ахмедьяров жұмыс істейтін «Уральская неделя» газеті - билікті сынап келе жатқан басылымдардың бірі. 2010 жылы қазан айында бұл газеттің меншік иесінің барлық есеп-шоты бұғауланып, газетке шықпай қалу қаупі төнді. Өйткені сот үкіміне сәйкес «Уральская неделя» газеті мен оның тілшісі Лұқпан Ахмедьяров «ТенгизНефтеСтрой» компаниясына 20 миллион теңге (немесе 136 мың АҚШ доллары) моральдық өтемақы төлеуге тиіс болды.

Компанияның сотқа шағым-арыз түсіруіне себеп болған - 2009 жылы тамыздың 6-сы күні «Уральская неделя» басылымында жарық көрген Лұқпан Ахмедьяровтың «За ширмой тендера» атты мақаласы. Онда журналист компания тендерді ұтып алмай жатып-ақ болашақта газ құбыры салынатын жерде құрылыс жұмыстарын бастап кеткендігін сөз еткен. Жағдайды баяндай келе, журналист «Тенгизнефтестрой» тендерді жеңіп алатындығына сенімді болған деген тұжырым жасаған.

2010 жылы шілдеде «Уральская неделя» газетінің кезекті саны сот шешіміне наразылық белгісі ретінде бос бетпен жарық көрді. «Бірінші беттің бос болуы - баспаханада жіберілген олқылық емес. Бұл осы елде жемқорлыққа және баспасөзге қысым көрсетуге қарсылық білдірудің жалғыз амалы. Біз осылай жасау арқылы сот шешімімен ұстанымды түрде келіспейтінімізді көрсеткіміз келеді. Бос бетке қараңыздар да, еркін баспасөз болмаса, өмір қандай болатыны туралы ойланыңыздар» деп жазған еді редакция оқырмандарға жазған үндеуінде.

Youtube-те жедел жәрдемнің Лұқпан Ахмедьяровты ауруханаға алып келгені туралы видео жарияланды:

http://www.youtube.com/embed/Wxt8NBFdSC0