Атырау облысы әкімі Бергей Рысқалиев қазанның 31-інде болған жарылыстан «қирап-бүлінген ештеңе жоғын» айтып, өзін-өзі жарған адамды «лаңкестердің сыбайласы» деп атады.
Әкім «облыстағы діни ахуал нашарлап кеткені туралы төрт жылдан бері айтып келе жатқанын, бірақ оны қалыпқа келтіру органдардың міндеті екенін» еске салды.
«СОТСЫЗ ШЕШІМ»
– Қауіптің алды алынды, осыған дейін лаңкестік әрекет жасауға қатысы бар деген 40 шақты адам қамауда отыр. Кеше өзін-өзі жарған азамат – солардың сыбайласы. Осы арқылы халықты қорқытып-үркітпек болған. Бірақ бұл әрекет тұрғындарға керісінше әсер етіп, осындай жат ағымдарға деген ашу ызаны тудырып отыр, – деп мәлімдеді әкім қарашаның 2-сі күні облыс халқына жолдаған үндеуінде.
Бергей Рысқалиевтің айтуынша - «Қобалжуға негіз жоқ. Өзін-өзі жарған жанкештіден басқа адам өлімі болған емес. Айтарлықтай бұзылған, қирап-бүлінген де ештеңе жоқ».
Облыс әкімінің бұл үндеуі қоғамдық ортада әртүрлі пікір туғызды. «Демос»
– Әрине, әкім ретінде тергеу амалдарының жүру барысы туралы молырақ ақпаратқа қанық болар. Алайда халықаралық конвенциямен бекітілген «кінәсіздік презумпциясы» деген ұғым бар. Сот шешімі шығып заңды күшіне енгенше ешкімнің де алдын-ала баға беруге құқы жоқ, – дейді Тоғжан Қизатова.
ТҰТҚЫНДАУ
Қазір Атырауда ұлттық қауіпсіздік комитеті, облыстық және қалалық ішкі істер басқармасы, прокуратура маңы жіті бақылауға алынған. Көрші Ақтөбе, Орал, Астрахан (Ресей) қалаларына шығатын жолдарға блокпосттар қойылған.
Атыраудағы жарылыстарға қатысы бар деген күдіктілерді әлі іздестіріп жатыр. Бір жас жігіт Азаттық тілшісіне қарашаның 1-і күні түнде көшеде сейілдеп жүргенде қалай қамауға алынғанын айтып берді. Полиция оны түнгі сағат 2-де қонақтан келе жатқан кезде ұстап әкеткен екен.
– Мені есімді жиғызбай қалалық ішкі істер басқармасына алып келді. Сол күні қырынып үлгермегендіктен сақалым сәл өсіңкі еді. «Террорист
Алайда Атырауда болған оқиғаға байланысты «төтенше жағдай немесе коменданттық сағат жарияланды» деген ескерту болған жоқ.
«ҚАМАУҒА АЛЫНҒАНДАР СОҚҚЫҒА ЖЫҒЫЛҒАН»
«Теракт жасамақ болды» деген күдікпен қамауға алынғандардың бірінің анасының айтуынша, балаларын ұстап әкеткен соң бірнеше күнге дейін хабар ала алмаған. Тек ұлының жора-жолдастарынан баласын бетперде киген әлдекімдердің бір жаққа алып кеткенін ғана естіген.
– Баламның намаз оқитыны рас. Бірақ бірдеме деуден қорқамыз. Өйткені, сөз жоқ, оларды ұрып-соғып мойындауға мәжбүрлеген. Естуімізше, осындай қысымшылықтан ұсталғандардың бірі көз жұмып, енді бірі ақылынан адасып кеткен, – дейді аты-жөнін айтудан бас тартқан ана.
Ал баласы қамауда отырған тағы бір ана кездесуге келгенде баласының бет-аузы күп болып ісіп кеткенін көргенін айтады. Оның ұлы 18 жаста екен.
– Қатты ұрып-соққан тәрізді. Балам «мені алып кетші, апа» дегеннен басқа ештеме айтпады, – дейді ол.
Азаттық радиосы бұған дейін де «уахабшылар діни ағымының белсенді мүшесі» ретінде іздеу жарияланып, кейін қамауға алынған жігіттің әкесі айтқан деректерді жариялаған еді.
– Істе ұсталғандардың ата-анасы куәгерлер ретінде тартылып жатыр. Олардың бас тартуға құқы болса да, балаларына зияны тие ме деп келісіп жатыр, – дейді осы іске қатысты адвокаттардың бірі.
Өкінішке қарай, облыстық құқық қорғау орындары осы оқиғаға байланысты қанша адамның қамалғаны жайлы ешбір мәлімет бермей отыр.