Қарт белсендінің ұстанымы мен «айыбы»

Азаматтық белсенді Ғатауғали Бохан.

Атыраудағы қарсылық шеруінен соң 70 жастағы Ғатауғали Боханға «мемлекетке опасыздық» және «билікті басып алуға шақыру» сынды айыптар тағылды. Сот екі айға қамауға алған зейнеткер үйін кепілге қойып абақтыдан шыққан.

Атырауда 24 сәуірде рұқсат етілмеген ең ірі митингіден кейін «мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірді» деген негізбен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеуге алынған сегіз адамның арасындағы ең үлкені – 70 жастағы Ғатауғали Бохан. Ол сәуірде Атырауда Исатай - Махамбет алаңындағы рұқсат етілмеген жиынға қатысып, Қазақстан үкіметінің жер кодексіне былтыр енгізілген өзгертулер арқылы шілденің 1-інен бастап ауылшаруашылық жерлерін сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзарту жоспарына өз қарсылығын білдірген.

Митингі кезінде Азаттық тілшісімен әңгімеде қарт белсенді алаңға «өз жүрек қалауы және ар-ожданы жетегімен» келіп тұрғанын айтқан еді.

"Демос" қоғамдық бірлестігі жетекшісі, құқық қорғаушы Тоғжан Қизатованың Facebook парақшасынан скриншот. 8 мамыр 2016 жыл.

​18 мамыр күні қарт белсендіні қала прокуроры Руфат Құттықов шақырып, 21 мамырда алаңға шықпауын ескерткен. Ертесінде Атырау облыстық әкімдігінде жер кодексіне байланысты өткен қоғамдық кеңеске арнайы шақырумен барған Ғатауғали Бохан билік саясатына сын айтқан еді.

– Мемлекет өз халқына қарсы болмауы тиіс. Егер халық жерді сатуға, жалға беруге болмайды деп шешсе, парламент заңды қайта қарап, конституциямызға бұған дейін алынып тасталған жер, су, ауа, жер асты қазба байлықтары – мемлекет меншігінде болады деген бұрынғы норманы қайтаруы керек, - деген Бохан.

Сол жиында зейнеткер сәуірдегі шеруден соң өзін екі мәрте құқық органдарына шақыртып, ескерту жасағанын да айтқан.

Мамырдың 18-19 күндері Атырау құқық органдары белсенділерге шетінен ескерту беріп жатқанын естіген Азаттық тілшісі Ғатауғали Боханмен телефон арқылы сөйлескенде қария өз ұстанымын өзгертпейтінін мәлімдеген еді.

– Қандай жағдайда арымызды сақтауымыз керек. Азаматқа ең алдымен керегі – ар. Ертең көшеде кездескенімізде бір-біріміздің бетімізге ұялмай қарайтындай болуымыз керек. Маған не істейтіндерін білмеймін, бірақ өз пікірімнен қайтпаймын, - деген Бохан.

ВИДЕО: Ғатауғали Боханның жер реформасына қатысты Атыраудағы митингте сөйлеген сөзі. 24 сәуір, 2016 жыл.

Your browser doesn’t support HTML5

Белсенді Ғатауғали Боханның митингідегі сөзі

20 мамыр күні сот қаулысы негізінде Атырау облыстық ұлттық қауіпсіздік департаменті сегіз адамның – Макс Боқаев, Талғат Аян, Ерлан Башақов, Сағынғали Қапизов, Ғатауғали Бохан, Құбайдолла Шолақ, Әділбек Мұсаұлы және Жасұлан Мұсабековтың үйлеріне тінту жүргізіп, олардың жеке компьютерлері, мобильдік телефондары мен дерек сақтайтын заттарын тәркілеген. Белсенділердің өздерін әуелі ұстап, кейін сегізін де сотқа дейінгі тергеу аясында екі ай мерзімге тергеу абақтысына қамау туралы сот шешімі шықты.

1 маусымда облыстық ҰҚК департаментінің қаулысы негізінде олар «мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірген, аса ауыр қылмыс жасаған күдіктіге» айналды. Тергеу орындары белсенділерге тағылған айыптар туралы комментарий сұраған Азаттық өтінішін елеусіз қалдырды.

АБАҚТЫДАН КЕПІЛГЕ ҮЙІН ҚОЙЫП ШЫҚТЫ

Ғатауғали Боханның қызы, мамандығы заңгер Эльвира Бохан әкесінің адвокаты болып белгіленген. Қарт зейнеткердің меншігіндегі үйін кепілге қойып, оны абақтыдан босатуды сұраған адвокаттың өтінішін 31 мамырда сот қанағаттандырды. Абақтыдан босап шыққанымен Ғатауғали Боханнан айыптаулар алынған жоқ.

Қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіп жатқан Атырау облыстық ҰҚК департаментінің талабына сәйкес, Ғатауғали Боханға өзімен бірге тергеуге тартылып, қазір абақтыда немесе үйқамақта отырған жеті адаммен және олардың туған-туыстарымен сөйлесуге, араласуға тыйым салынған.

Тек қамақтағылармен салыстырғанда Боханның үйінен тысқа шығып, қала ішінде еркін жүріп-тұруына рұқсат берілген.

Алматыдағы «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының жетекшісі Амангелді Шорманбаев Атыраудағы шеруге қатысушыларға таңылып отырған қылмыстық кодекс баптарының ешбіріне дәлел жоқ дейді.

Оның сөзінше, «билікті құлатпақ болған» деген айыптауға негіз ретінде үлкен көлемдегі қару-жарақ арсеналы мен соншама көп адам күші болуы керек.

Ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге жалға беруге қарсы шеруге қатысушылар. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

– Зейнеткер Бохан немесе қамауда отырған Боқаев пен Аянда қайдағы қару немесе әскер? Менің ойымша, құқық қорғау органдары оларды күштеп «өкіндіруге» тырысады, - дейді Амангелді Шорманбаев.

Ол қазіргі кезде Оралда «жер мәселесі» бойынша наразылық білдірген соң қылмыстық айып тағылып, абақтыда отырған бард ақын, азаматтық белсенді Жанат Есентаев туралы алып-қашпа хабарлар тарап отырғанын мысалға келтіріп, ондай жайттардың бұған дейін болғанын еске салады.

– Әрине, құқық органдары Ғатауғали Боханға және басқа белсенділерге кез келген айыпты таға алады. «Жаңаөзен оқиғасы» кезінде оппозициялық саясаткер Владимир Козловқа қатысты істе де ешқандай дәлел болмаса да, «мойындаулар» болды, - дейді құқық қорғаушы.

Амангелді Шорманбаев «жер шерулерінен» кейін билік тарапынан қысымға ұшырап, қылмыстық айыптар тағылып отырған қазақстандық белсенділердің ісіне адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдардың назарын барынша аударып, оларды хабардар ету қажет деп санайды.

Атыраудың тумасы Ғатауғали Бохан совет кезінде ішкі істер органдарында қызмет атқарған. Біраз жыл «Теңізмұнайгаз» мекемесінде еңбек еткен. 2004 жылдардан бастап қоғамдық-саяси жұмыстарға араласқан Бохан 2004-2007 жылдары Қазақстанда ресми тіркелмеген оппозициялық «Алға» партиясының Атыраудағы филиалында қауіпсіздік бөлімін басқарып, кейін филиал жетекшісінің көмекшісі болған. Қазір онымен бірге қылмыстық іс бойынша тергеуге тартылып жатқан Құбайдолла Шолақ пен Сағынғали Қапизов те кезінде сол партияда болған еді. 2012 жылы желтоқсанда Алматының Алмалы аудандық соты «Алға» партиясын «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне тыйым салу туралы шешім шығарған.