«Азат» партиясы президенттік сайлауға қатысудан бас тартты

Болат Әбілов, Азат ЖСДП тең төрағасы. Алматы, 12 ақпан 2011 жыл

«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы кезектен тыс президенттік сайлауға ешқандай кандидат ұсынбайтын болды. Ақпанның 12-сі күні болған партияның съезінде делегаттар осындай шешім қабылдады.

Съезді жүргізген партияның тең төрағасы Жармахан Тұяқбай партия тарапынан президенттік сайлауға түсуге үміткерлер көп екенін, десе де биліктің сайлауға дайындалу үшін өте қысқа уақыт беріп отырғанын атап өтті.

Жиында партия атынан президенттік сайлауға түсетін бірегей үміткердің есімі (Болат Әбілов) анықталса да, съездің шешімі бойынша бұл үміткер тек уақытында өтетін сайлауға қатысады.

- Қазір билік заңды бұзып, асығыс президенттік сайлау өткізбек. Қайда асығамыз? Не болды? Кімнен болмаса неден қорқамыз? Неге сайлау заңды жолмен өз уақытында өтпейді? Нағыз лайықты үміткерлер дайындықсыз қалу үшін бе? - деді Болат Әбілов.

«БИЛІК БІЗДІҢ ҚАТЫСУМЫЗҒА ЗӘРУ»

Жиында сөз сөйлеген партияның өзге де мүшелері сайлауға байкот жариялау керектігін, биліктің заңсыз бастамасына қарсылықты осылайша білдіру қажеттігін айтты.

Ертең біз қатыспасақ, Назарбаев не деп айтады халыққа? «Мен Амантай қажыны жеңдім» деп айта ма?
- Оппозициялық күштің осы сайлауға қатысуы билікке өте-мөте керек. Билік біздің қатысуымызға зәру. Ертең біз қатыспасақ, ол (Назарбаев – ред.) не деп айтады халыққа? «Мен Амантай қажыны жеңдім» деп айта ма? Біздің Қазақстан оппозициясының бір кемшілігі бар. Ылғи да билік бір бастама көтерсе, соның соңынан үдере көшіп, жүре береміз. Сайлау хаттамаларын қолымызға бермейтінін де білеміз. Сол баяғы 6-3 пайыз жасайтынын білеміз. Неге сонда да шапқылап жүреміз? - деді партияның бас хатшысы Әміржан Қосанов.

Ол президентті кезектен тыс сайлауға қатысудан бас тартуға шақырды. Айтуынша, сайлаудың Назарбаевтың қазіргі президенттік құзыры аяқталатын 2012 жылы өткені жөн болады.

Съезд соңынан арнайы резолюция қабылданып, оған сәйкес елде сайлау науқанын өткізуге қатысты билікке бірқатар талап қою туралы шешім қабылданды. Партия мүшелері билікке төмендегідей талап қойып отыр: республиканың түкпір-түкпіріндегі сайлау комиссияларына партия мүшелерін енгізу, президенттікке үміткерлер арасында теледебат ұйымдастыру және президенттік сайлауға қатысатын барлық үміткерлер үшін бағдарламаларын таныстыруға бірдей мүмкіндік беру.

Ақпанның 14-і күні «Халық билігі» саяси блогы да осы сайлауға қатысты өздерінің көзқарастарын айтпақ.

Сәуірдің 3-іне белгіленген кезектен тыс президенттік сайлауға қатысуға Орталық сайлау комиссиясына тіркелген бірнеше адамның есімі белгілі. Бұлар: Сәлім Өтен, Қанат Есжанов, Нұрсұлтан Назарбаев, Амантай қажы және Мұсағали Дуамбеков. Олардың ішінде әзірге мемлекеттік тіл сынағынан өткендері Сәлім Өтен, Нұрсұлтан Назарбаев және Мұсағали Дуамбеков қана.

Орталық сайлау комиссиясы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мұсағали Дуамбековтің үміткер ретінде сайлауға керекті қол жинауын қуаттады.