"Желтоқсан оқиғасында Азаттық түнде тікелей эфирге шықты"

Азаттық радиосының қызметкерлері: (солдан оңға қарай) Нұркамал Пынар, Хасен Оралтай, Талғат Қосжігіт, Әбдіуақап Қара, Әлихан Жаналтай. Мюнхен. 1995 жыл.

Биыл құрылғанына 65 жыл толған Азаттық радиосының қазақ бөлімінде ұзақ жыл жұмыс істеген Талғат Қосжігіт өзі қызмет еткен жылдардағы көрген-білгендерімен бөлісіп сұхбат берді.

1953 жылы наурыз айында Азаттық радиосы алғашқы хабарларын тарата бастады. Сол жылы Совет одағын отыз жылдан аса басқарған Иосиф Сталин қайтыс болып, кейін оның орнына Никита Хрущев тағайындалды. Оның билікке келуімен қарайлас Қазақстанда арнайы агросаясат жүзеге аса бастады. Сол кезде Америка дипломаттары мен Совет одағынан барған түрлі топтағы эмигранттарының күш біріктіруінің нәтижесінде ақпараттық-саяси радиостанция пайда болды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Азаттық радиосына 65 жыл толды.

Азаттық радиосы. 70 жыл

1990 жылдардың басына дейін Азаттық радиосы өз хабарларын Германияның Мюнхен қаласынан таратып тұрды. Радио хабарларының негізгі тыңдаушылары «темір шымылдық» құрсауындағы совет адамдары еді. Тиісінше, 1953 жылғы 1 наурыздағы алғашқы хабар да орыс тілінде таратылып, радио кейіннен тәулік бойы орыс тілінде хабар беретін болды. Іле-шала Азаттықтың басқа да тілдердегі хабарлары іске қосылды. Соның ішінде қазақ бөлімінде ұзақ жыл қызмет атқарған, эфирде «Талғат Көкбұлақ» есімімен танылған Талғат Қосжігіт Азаттыққа сұхбат берді.

Азаттық: - Азаттық радиосындағы алғашқы қадамыңыз қалай басталды?

Талғат Қосжігіт: - Азаттыққа алғаш 1966 жылы үш айға іс-тәжірибеден өтуге келдім. Бірақ екі айдан «уақытың бітті» деп кері қайтарды. Ол кезде мен Стамбул қаласында гимназияда инженер-электрик мамандығы бойынша оқитынмын. Бір жылым қалған еді. Соны аяқтадым. Оқуымды бітіргеннен кейін, 1967 жылы қазан айында қайта шақырды. Мен барған кезде екі қазақ – Дәулет Тағыберді мен Абдулла Жүсіпоғлы бар еді. Менен кейін үш күннен соң Хасен Оралтай келді. Сол жерде үш жыл жұмыс істегенннен кейін Түркия үкіметі әскерге шақырды. Жиырма ай әскерде болып, кейін қайтадан Мюнхенге келдім. Содан 1995 жылға дейін Азаттықта үздіксіз жұмыс істеппін.

«ТҮРКІСТАН РЕДАКЦИЯСЫ»

Азаттық: - Оқыған мамандығыңыз ақпарат саласынан алыс болса да, халықаралық радиоға журналист болып кету мүмкіндігіне қалай ие болдыңыз?

Мюнхенде тұратын этникалық қазақ Талғат Қосжігіт жұбайы Саадет Қосжігітпен бірге. Алматы, 2016 жыл, 5 қазан.

Талғат Қосжігіт: - Әлі есімде, түрік тіліндегі газеттердің біріне қазақ тілін білетін маманның керектігі туралы ақпарат шықты. Ол кезде шетелде қазақша еркін сөйлейтін қазақтар аз еді. Мен өзім туралы ақпараттарды қазақтың төте жазуымен қағазға түсіріп, Мюнхенге жібердім. Бірақ оған жұмысқа тұрам деген ой болмады. Арада бірнеше ай өткен кезде Мюнхеннен хабарласып, өкілдерінің Стамбулға баратынын, әңгімелесу болатынын ескертті. Кейін одан да өтіп, Азаттыққа жұмысқа қабылдандым.

Азаттық: – Сіз Азаттыққа барған кез - қазақ бөлімінің әлі дербес редакция болып ашылмаған тұсы еді ғой?

Талғат Қосжігіт: - Иә, сол тұста түркі тілдерінде хабар тарататын тұтас «Түркістан» редакциясы жұмыс істеді. «Түркістан редакциясының» құрылуына ерекше қызмет еткен, негізін қалаған - Қарыс Қанатбай. Бірақ өзі қызмет істемеді. Ал алғашқы директоры Мәулікеш Қайбалды есімді қазақ болды. Мәулікеш белгілі бір себептерге байланысты басшылықта ұзақ отыра алмады. Өмірінің соңына дейін фрилансер болып қана жүрді. Кейін құпия жағдайда қаза болды. Мүрдесін теміржолдың бойынан таптық. Тілі өткір, жазған кезде тіліп түсетін еді. Қазақ-орыс тіліне өте жетік, жоғары білімді заманында Ленинградтан білім алған азамат болатын. Аса көп сөйлемейтін, езуіне үнемі темекі қыстырып жүретін.

Азаттық радиосының Мюнхендегі ғимараты. 1953 жыл.

​Мәулікештен кейін «Түркістан редакциясының» директоры Уәли Зұнун есімді жігіт болды. Кейін Азаттықтың қазақ бөлімі Түркістан редакциясынан жеке бөлініп шықты. Қазақ бөлімінің ең алғашқы жетекшісі болып Дәулет Тағыберді тағайындалды.

«ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНАН БАСТАЛҒАН ТІКЕЛЕЙ ЭФИР»

Азаттық: - Ол кезең советтік елдердің, соның ішінде Қазақстанның да әлемнен оқшауланып, тек Мәскеуге бағынған тұсы еді ғой. Сіздер қазақ тілді тыңдармандарға шынайы ақпаратты қайдан алып тұрдыңыздар?

Талғат Қосжігіт: - Жаңалықтар жоғарғы жақтан бекіп келетін де, біз оны аударып, эфирден оқитын едік. Бұған қоса, бізге Қазақстанда шығатын газеттер мен журналдар үздіксіз келіп тұратын. Сондағы шыққан мақалаларға да талдау жасайтынбыз. Мысалы, 1980 жылдардың шамасында «Мәдениет және тұрмыс» журналында «Шарап ішілмей қалған күн» атты мақала шықты. Онда жаназаға жиналған халықтың дастарханға қойылған арақты ішпей кетіп қалғаны туралы жазылған. Міне, осы секілді қазақтың салты мен дәстүріне жат үрдістердің еніп кеткенін сынап, талдап жазатын едік.

Азаттық: - Қазақ тілді газет-журналдар келіп тұратын деп жатырсыз ғой. Жалпы, сол кездегі Қазақстандық БАҚ материалдарын қалай бағаладыңыздар? Мазмұны қандай болды?

Бұрынғы Брежнев алаңындағы Желтоқсан оқиғасы кезінде жиналған адамдар. 1986 жыл.

Талғат Қосжігіт: - Мәселен, біз Қазақ радиосын тікелей тыңдап отыратын едік. Таңертеңнен кешке дейін колхоз бен совхоз туралы айтатын еді. Тыңдай қоятындай хабар болмады. Айтатындары Совет Одағының шаруашылығы, жетістігі еді. Газет-журналдарда да сондай болды. Қанша тонна бидай алды, қой басы қанша миллион болды деген секілді нәрселер болатын.

Азаттық: - Бірақ 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы туралы алғашқы ақпаратты «Азаттық» таратты ғой?

Талғат Қосжігіт: - Иә, бізге бұл хабар факс арқылы келіп жетті. Германия уақытымен түнгі бір болатын. Барлығымыз жұмыстан қайтып кеткенбіз. Хабар жеткен бойда, түн ортасында қайтадан келіп, тікелей эфирге шықтық. Сол күннен бастап Азаттықтың Қазақ бөлімі тікелей эфирден хабар таратуды бастады. Соның алдында Чернобыль апаты туралы да алғаш рет Азаттық хабарлаған еді.

АЗАТТЫҚҚА СҰХБАТ БЕРГЕН АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ

Азаттық: - Қазақстанмен тікелей байланыс қай кезден бастап орнай бастады?

Талғат Қосжігіт: - 1991 жылы Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға барған алғашқы сапарында мен Мюнхеннен Анкараға арнайы ұшып барып, аэропорттан қарсы алғандардың арасында болдым. Кейін Назарбаев екі күннен соң Стамбулға үшып келді. Ол жерде жергілікті қазақтар жиналып аэропортта құрбан шалды. Үлкен жиын болып Назарбаев баяндама жасады.

Жалпы, Қазақстан тәуелсіздігін алған кезде өзге емес, біз ерекше қуандық қой. Соның алдында редакцияда Қазақстан жайлы хабардан кейін Дәулет Тағыберді, Хасен Оралтайлар жылап отырып Қазақстанның тәуелсіздік алуын тілейтін еді. Сол күнді көргенімізге қуандық.

Ал тоқсаныншы жылдары Азаттықтың Мюнхендегі редакциясына тікелей келіп сұхбат берген қазақстандық алғашқы шенеунік Иманғали Тасмағамбетов болды. Сонда оның қасында Алтынбек Сәрсенбаев болған еді. Оған дейін де Мюнхенге келген шенеуніктер болды. Бірақ олардың бәрі сұхбат беруден қорқатын. Мысалы, солардың арасында Заманбек Нұрқаділов те бар еді.

Азаттық: - «Қорқатын» демекші, сіздерде әрқандай бір қорқыныш болмады ма? Әсіресе, алғаш ашылған жылдары қиын болған сияқты ғой. Өзіңіз де әлгінде Мәулікеш Қайбалды құпия жағдайда қаза тапты деп қалдыңыз ғой?

Талғат Қосжігіт: - Неге болмасын, болды. Мысалы 1980 жылдардың орта шенінде советтік КГБ-нің адамдары Мюнхендегі офиске бомба қойып, жарылыс болды. Қаншама адам жарақат алды. Оған дейін де КГБ қолынан бірқанша адам қаза тапты. Сол себепті біз сол заманда Шығыс Европаға, мәселен, совет ГДР атаған Германияға көлікпен бармайтынбыз. Барсақ та тек самолетпен ұшатынбыз.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет!