Бөтен балконда өлген арман

Алтынай Берікқызы, Азаттықтың блог байқауына қатысушы

«Қолжетімді» деген заманауи, «модный» сөз енді қолданысқа. Бірақ үйге қолыңды жеткізу үшін жалақың тәуір, әмияның ауыр болуы керек екен.

Мен мына бір жаңа үйдің жанынан күнде өтемін. Жай өтпеймін, жүдеп өтемін.

Үкімет мұндай үйлерді кезектегілерге, баспана бағдарламасына іліккендерге, тағысын-тағыларға беруін беріп жатыр-ау. Бірақ... ондай бағдарламалар мен тізімге біздейлерге ілігу қайда? Ол үшін бюджеттік ұйымда жұмыс істеуің керек, ол үшін кедей болғаныңа анықтама керек. «Қолжетімді» деген заманауи, «модный» сөз енді қолданысқа. Бірақ үйге қолыңды жеткізу үшін жалақың тәуір, әмияның ауыр болуы керек екен.

Міне, арманымның асқарындай болған жаңа үйдің жанынан тағы да өтіп барамын. Бұл үйден менің бір ауылдасыма баспана бұйырды. «Қоныс құтты болсын!» айтуға барып, ренжіп қайттым. Неге деймісіз? Өйткені ауылдасым «маған пәтерді бірінші қабаттан берді» деп, қатты налып отыр екен. Қанағатсыздығына қапаландым.

Бір апта бұрын Қанат атты кластасымды кезіктіріп қалдым. Көңілі көтеріңкі. «Үй алдым!» деп қояды. «Ә-ә-ә-ә, сатып алдың ба? Үйің бар емес пе еді?». «Жоқ, ә. Ол үйді кезінде әкемнің атына жазып тастағанмын. Мемлекеттік қызметте болғандықтан, үй алуға хақым бар ғой. Үкімет беріп жатса, несіне бас тартам?» дейді лепіріп. «Ондай да бола ма?» деймін. «Ойбуй, көктен түскенбісің? Өмір бойы салық саласын басқарып түйені түгімен жұтқан Сәбираны білесің ғой. Күйеуге тимеген кәрі қыз. Үш қабатты екі үйі бар. Ол да баспанасы жоқ адам ретінде бір бөлмелі пәтер алды».

«Естімеген елде көп деген осы да». Осы Қанат жолдасымның үйінде өзім сияқты өмір бойы пәтер жалдап үйсіз жүрген Жайсаңмен шүйіркелестім. «Сен де бюджетте жүрсің, үй алатын күнің алыс емес шығар» деп қоямын оған. «Мүлдем олай емес. Қазір бұрын бюджетке қараған көптеген кәсіпорындар жекеменшікке қарап кеткен. Олай болуына заңдағы өзгерістер әсер етті. Сондықтан үкімет беретін үйден бізге қайран жоқ» деді жүзін төмен салып Жайсаң.

Үкімет кезектегілерге берген жаңа үйдің балконына кейде тас лақтырғым кеп кетеді. «Жынданған ба» немесе «іші тар екен» дей көрмеңіз. Ондай ойға баруыма ана бір қаңыраған балкон себепші. Иесінің өз үйі болғандықтан, бұл пәтер бос тұрғанына екі жыл. Ал мына бір пәтерді иелері жалға беріп қойып, алшаң басуда. Ал маңдайымызға пәтершілік жазылған біз пақырдың жүрісіміз мынау.

Алтынай БЕРІКҚЫЗЫ

Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.