Сарсаңға салған баспана

Ұлжан Шораева, Азаттықтың блог байқауына қатысушы

Бұған дейін анамыз түтінін түтетіп, әкеміз отынын жағып отырған ыстық ұядан алыстап көрмегендікі болар, «өз үйім – өлең төсегімнің» әнін әуелетіп жүре бергенбіз.

Мен - тәуелсіздіктің құрдасымын. Бүгінгі жасқа жеткенімше бөтеннің шаңырағында телмірудің мәнін ұғынып көрмеген екенмін. Басқа түскен соң «баспана» мәселесі талқылауы әжептеуір тақырып екеніне көзім жеткені бар ма?!

Бұған дейін анамыз түтінін түтетіп, әкеміз отынын жағып отырған ыстық ұядан алыстап көрмегендікі болар, «өз үйім – өлең төсегімнің» әнін әуелетіп жүре бергенбіз. Шүкір, сол кісілердің арқасы ғой, қарнымыз тоқ, киіміз бүтін. Дегенмен, маңдайында жұлдызы жарқыраған ару қаламызға арман қуып келген өзіміз. Бірақ, бір арманның соңынан басқа арманның жағаласа шығарын кім білген?!

Бүгінде Астананы іскерлер қаласына айналдырған жұмысбасты кісілерді көшеде көрсек, өмірден түңіліп жүргендей кейпін аңғарамыз. Бәрінің санасын бір ғана ой билеп алғандай. Яғни, пәтерақы төлейтін күнді елестетіп, бөтеннің табалдырығында өгейсіп жүргендегі сезімнің шыңырауына түсетіні. Нәтижесінде, алтын уақыттың жүгін артқан тоқтаусыз күндердің құнсызданып бара жатқанын мойындауға тура келетіндей-ақ.

Мен де елден қалыспайын деп өзімнің баспанам болатын күнді армандай бастадым. Төрт қабырғаға қамалып, тапқан-таянғанымды, үйдің бір бұрышын жалдауға жарататын жағымды емес өмір хикаяларымды ғажайыппен алмастыруға сүйіспеншілігім арта түсті. Иә, расымен де мен үшін ғажайып болатын шығар. Себебі мемлекеттік бағдарламалардың ешбірі әзірге менің мәліметіме сай емес. Бірақ, жүректің тереңінде бір үміттің тұтанып тұрғанын ішім сезеді. Елбасы бұл түйткілдің жайын саралағаны болар, өз жерінде үйсіз жүргендердің баспаналы болуын «нұрлы жолдың» қатарына қосты. Мені қойшы, тек Алла жазса, болашақ балаларымның біреудің емес, өз шаңырағымызда өсіп-жетілгенін қалаймын.

Ұлжан ШОРАЕВА

Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.