2017 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы парламентте "Кинематография туралы заң" жобасын таныстырғанда кино өндірісі үшін мемлекет бюджетінен бөлінетін қаражатты үнемдеу мәселесін де сөз етті. Оның айтуынша, алдағы уақытта "кино қоры" құрылады және фильм түсіруші студияларға осы қор арқылы қаражат бөлінеді. Студиялар кино түсіруге қажетті қаражаттың жартысын өздері табуға міндеттеледі.
Бұдан бөлек заң жобасында кинематографистер құқығы, "Қазақфильм" киностудиясы аумағында еркін экономикалық аймақ құру, шетелдік өнімдерді қазақ тіліне аудару, қазақ тіліндегі фильмдердің көрсетілу уақытын анықтау жайы да қарастырылған.
"Кинематография туралы заң" жобасы Қазақстандағы кино өндірісін реттей ала ма? Осы тақырыпқа арналған AzattyqLIVE хабарына режиссер Данияр Саламат қатысты.