Алматы қаласының Медеу ауданы соты қылмыстық айыптау бойынша тергеліп жатқан оппозициялық "Саяси қалам. Трибуна" газеті бас редакторы міндетін атқарушы Жанболат Мамайды екі айға тұтқындау туралы шешім шығарды. Мамайды ақпанның 10-ы күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлері шетелде қуғында жүрген опозициялық саясаткер, "БТА банк" директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовтің ісіне қатысы бар деген күдікпен ұстаған. Тергеу органы 28 жастағы Жанболат Мамайды "БТА банктен" ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін "Саяси қалам. Трибуна" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деген күдікпен тергеп жатыр.
Бюро "Тергеу барысында Әблязовтің жаңа көмекшісі Мамай Жанболат Мамайұлы екені анықталды. Ол "БТА банктен" ұрланған қаражаттың бір бөлігінің ізін «Саяси қалам: Трибуна» газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған. Қазір коррупцияға қарсы бюро қажетті тергеу шараларын жүргізіп жатыр" деген ақпарат таратты.
2017 жылы ақпанның 11-і күні Алматыда "Астана" қонақүйінде өткен Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алу жиынында Жанболат Мамайдың абақтыдан жазған мәлімдемесі оқылды. Онда "Жария мәлімдеме. Мен, Мамай Жанболат Мамайұлы, тағылған айыптар бойынша өзімді кінәлі деп санамаймын. Өмірімде бизнеспен, қаржылық шаруалармен айналысқан емеспін. Бұл істі саяси астары бар деп, журналистік қызметіме қысым және "Трибуна" газетін жабу әрекеті деп есептеймін" деп жазылған.
Бүгінгі AzattyqLIVE хабарында «Жанболат Мамайдың ұсталуының себептері қандай?», «Оған тағылып отырған айыптардың негізі бар ма?», «Бұл сөз еркіндігіне қысым емес пе?» деген сұрақтарға «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай жауап берді.