Әзербайжан мектеп оқушыларына хиджабты үйде ғана киюге рұқсат берді

Хижаб киген студент қыз. Баку.

«Қызым орамал тағып жүрсін деген адам болса, онда тек мектептен тыс жерде, күнделікті тұрмыста ғана тақсын» деп мәлімдеді Әзербайжанның ішкі істер министрі Рамиль Усубов. Әзербайжанда мұндай тыйым наразылық тудырды.

Әзербайжанның ішкі істер министрі Рамиль Усубовтің пікірінше, ел азаматтарының көпшілігі мектептерде хиджабқа тыйым салынуына түсіністікпен қарайды.

– Біздің елімізде қандай да бір конфессия өкіліне өз діни салттарын орындауына кедергі жоқ, – деп мәлімдеді ішкі істер министрі «Әзербайжан» ресми газетіне 28 қаңтарда берген сұқбатында. – Осыған байланысты әйелдер орамал тартып жүруге ерікті. Бұған ешбір шектеу жоқ. Алайда теріс ниетті әлдебіреулер «орта мектеп оқушылары мектепке орамал тартып келулері керек» дегенді айтады. Өркениетті қоғамдағы құндылықтар тұрғысынан келгенде, бұл – дұрыс емес.



БӘРІНЕ БІРДЕЙ КИІМ

Әзербайжан ішкі істер министрі Рамиль Усубов Әзербайжанның орта мектеп оқушылары үшін бірыңғай киім үлгісі белгіленгенін еске салып, одан кейін: «Әзербайжан әйелдеріне орамал тартқызғысы келгендер әйелдердің өздерінің пікірлерін білді ме екен?» деп сұрады.

– Әзербайжан әйелі еркін және тәуелсіз болып, өз мүмкіндігін халқының, мемлекеттің дамуы үшін бағыттауға таңдау жасады, – дейді әзербайжан министрі.
Әзербайжанның ішкі істер министрі Рамиль Усубов. Баку, 18 қаңтар 2008 жыл.
Оның айтуынша, хиджабты жақтаушылар осыдан екі-үш ғасыр бұрынғы ғұрыптар мен дәстүрлерді күштеп таңады және тұлға ретінда әлі қалыптаспаған жасөспірім қыздарды надандыққа итермелегісі келеді.

Министрдің пікірінше, бұлардың барлығы – шетелден қолдау тауып отырған елдегі радикалды діни топтардың әрекеті. «Дәл осы діни топтар елді өркениетті және зайырлы даму жолынан бұрып әкеткісі келеді» деп мәлімдеді Рамиль Усубов «Әзербайжан» газетіне берген сұқбатында.

– Елдің құқық қорғау орындарының, оның ішінде ішкі істер министрлігінің қырағылығы арқасында бұл әрекеттер мен ниеттер әшкереленді. Қазір тиісті шаралар атқарылып жатыр, – деді Рамиль Усубов. – Әзербайжанға қарсы әрекет жасаушылар біздің елімізге бағытталған барлық істеріне қатаң тосқауыл қойылатынын білгені жөн. Біздің қызметкерлеріміздің бәрі діни экстремизмге, радикализмге келгенде өте қырағы. Тиісті мемлекеттік құрылымдар елдегі ішкі тұрақтылықты бүлдіргісі келетін қандай да бір топтардың еніп кетуіне жол бермейді.

Рамиль Усубовтің айтуынша, Әзербайжанда барлық әйелдер мен қыздар хиджаб киюге немесе кимеуге ерікті. Бұл мәселеде ешқандай тыйым жоқ.

– Біз көп уақытымызды адамдардың, оның ішінде жасөспірімдер мен жастардың ішкі рухани әлемінің баюына, олардың ұлттық құндылықтарды құрметтеуіне бөлуіміз керек. Дін қызметкерлері де бұл мәселелерге назар аударуы керек. Олар біздің азаматтарымыздың соқыр нанымнан, кертартпалық, экстремизм және радикализм сияқты идеялардан аулақ болып, біздің дініміздің шынайы мағынасын түсінулеріне қамқор болулары керек, – дейді «Әзербайжан» газетіне сұқбат берген министр.

Бірақ құқық қорғаушы ұйымдар елдің оқу орындарында хиджаб киюге тыйым салынуына байланысты қарсы пікірлерін білдірді. Deyerler ислам сайты: «Әзербайжанның Конституциясында және «Білім туралы» заңда
Педагогикалық институтта хиджаб киюге тыйым салынды. Баку, 24 қыркүйек 2010 жыл.
хиджабқа байланысты баптар жоқ. Бірақ мектеп директорлары хиджаб киген оқушы қыздарды мектепке кіргізбейді. Дәл осы кезде көптеген елдерде, оның ішінде христиан елдеріндегі оқу орындарында қыздардың орамал тартуларына тыйым салынбаған» деп, Оксфорд университетін, Томас Деконның академиясын, Король Эдвардтың мектебін, Уимблдон, Мортенсрад, Герслеб, Сандакер, Хедаях академиясын, сонымен бірге америкалық Массачусетс штаты мен британиялық Бирмингемнің жүздеген мектептерін мысалға келтіреді.

Әзербайжандық Deyerler ислам сайтында Нью-Йоркте орналасқан халықаралық «Хьюман Райтс Уотч» құқыққорғау ұйымы өкілдерінің пікірлері де жарияланған.

«Біз оқу орындарында хиджаб киюге құқықтық жағынан негізсіз түрде тыйым салынуына алаңдаушылық білдіреміз. Әр адамның жеке өмірінде, қоғамда заң аясында дінді үйренуге, үйретуге және қай дінге жататындығын жария етуге құқы бар. Адам құқының халықаралық стандарттары мемлекеттерден әр адамға өзінің жеке өмірін өзі таңдауына мүмкіндік беруін талап етеді.

Елдер азаматтардың қандай дінге және жынысқа жататындығына байланысты кемсітушілікке жол бермеуі тиіс. БҰҰ-ның адам құқы жөніндегі комитеті «бас киімдер, діни киім мен символика қай дінге жататындығыңды көрсететудің формасы болып табылады және діни наным концепциясына жатады» деген қаулы шығарды» деп жазады құқық қорғаушылар.


«ШЕШІМДІ ҚЫЗДЫҢ ӨЗІ ҚАБЫЛДАУЫ КЕРЕК»

Азаттық радиосы жүргізген аз ғана зерттеу Әзербайжандағы хиджаб мәселесіне байланысты пікірлердің әр алуандығын байқатты. Мемлекеттік «Әзербайжан» телерадиокомпаниясының Астанадағы тілшілік қосынының бастығы Аида Эйвазова Азаттық радиосымен телефон арқылы болған әңгімеде «Әзербайжанда хиджаб киюге байланысты ешқандай түйткілді мәселе жоқ» дейді.

– Бұның бәрі бос әңгіме. Әзербайжан – демократиялық және зайырлы мемлекет. Дәл қазақ қыздары сияқты әзербайжан қыздары да ерте кезде ерлермен бірге ат үстінде жүрген, ешқашан беттерін бүркеген емес, – дейді журналист Аида Эйвазова.

Аида Эйвазова әзербайжан драматургы Джафар Джаббарлының «Севиль» атты туындысын мысалға келтірді. Шығарманың бас кейіпкері «ерлер мен әйелдер тең құқылы» дегенді білдіруі үшін бетіндегі пәренжісін шешіп тастайды. «Қазіргі Әзербайжан қоғамындағы әйелдің рөлі әлдеқашан өзгерген» дейді Аида Эйвазова.

Журналистің айтуынша, Әзербайжанда әйелдердің жоғары қызметтерде отырып, өздерінің барлық құқықтары мен еркіндіктерін жүзеге асыруларына мүмкіндіктері бар. «Әйелдерге хиджаб кигізу – Иран жақтан соққан леп» дегенді айтады журналист.

– Әлдекімдер аяғынан нық тұрған Әзербайжанның гүлденуін көре алмайды. Иран Әзербайжанның мемлекеттік істеріне араласқысы келеді. Иранда миллиондаған әзербайжанның тұрып жатқандығын, олардың ана тілінде білім алуға мүмкіндіктері жоқтығын, мектептер мен оқулықтардың жоқтығын, неге екені белгісіз, ұмытып кетеді, – деді Аида Эйвазова.

Журналист Аида Эйвазованың пікірінше, «бірінші сыныптың оқушысы мектепке орамал тартып келу керек пе, жоқ па деген мәселеге байланысты өздігінен шешім қабылдай алмайды».

– Менің университет бітірген қызым осыдан екі жыл бұрын хиджаб кигісі келетіндігін айтты. Ол – намазын оқып жүрген мұсылман қыз. Бірақ мен бұған тыйым салдым. «Алла сенің жүрегіңе қарайды» дедім. Мен қызымның хиджаб киіп жүргенін қолдамас едім. Достарымның арасында да хиджаб киетін әйелдер жоқ, – дейді журналист.

Алматылық «Бизнес и Власть» газетінің астаналық тілшісі, Қазақстан азаматы, әзербайжан қызы Жәмилә Каримова да әріптесінің сөзімен келіседі. Оның айтуынша, қыздар хиджабты бой жеткен кезінен бастап кие бастайды. «Егер кішкентай қыздың басына бастауыш сыныптардан бастап орамал тартып қойса, бұл – ақымақтық» деп есептейді.

– Олар әлі кәмелетке де толмаған әрі қазір жабатын ешнәрсесі жоқ Олар бұны әлі түсінбейді де. Бұл – шамасы, ата-аналарының қалауы. Ойланып жасалған таңдау емес, – деді Азаттық радиосына берген сұқбатында Жәмилә Каримова.

«Ата-аналары кішкентай қыздарының осылай киінуін әдетке айналдырғысы келеді. Ал балалары мұның неге керегін түсінбейді. Олар хиджабтың принциптерін түсінбейтін болар» деген пікір айтады Жәмилә Каримова.

– Бірақ екі жақты да түсінуге болады. Егер жас қыз хиджаб киіп, исламның барлық шарттарын ұстанамын деп шешім қабылдаса, оған сол хиджабты шешіп тастап, қайтадан мектеп формасын кию де оңай емес. Психологиялық жағынан да бұл өте ауыр. Егер мұсылман қыз денесін жауып жүруге үйреніп қалса, мектепке өзгеше киініп келгенде қалай жүреді? – дейді Жәмилә Каримова.

Оның ойынша, белгілі бір жастан бастап хиджаб кию мәселесін қыздардың өздері шешетіндей жағдай жасау керек.

– Хиджаб кие ме, жоқ па – оны қыздың өзі шешсін. Егер хиджаб киемін десе, оның таңдауына құрметпен қарау керек. Сонда ғана дінге сенушілердің құқықтары бұзылмайды, – дейді Жәмилә Каримова.


ХИДЖАБҚА БАЙЛАНЫСТЫ ДАУ

2010 жылдың желтоқсан айында Әзербайжанда бірнеше наразылық шаралары өтті. Дінге сенушілер елдің оқу орындарында хиджаб киюге тыйым салғанға келіспеді. Жұрттың бұлай наразылық білдіруіне Әзербайжанның білім министрі Мисир Мардановтың мәлімдемесі түрткі болды.

– Бірде-бір мектепте, өзге де оқу орындарында оқушылар да, мұғалімдер де сабаққа хиджаб киіп келмейтін болады, – деп мәлімдеді білім министрі.

Мисир Марданов педагогикалық институт пен өзге оқу орындарының хиджаб киген студент қыздарын, сонымен бірге мектеп оқушыларын сабаққа кіргізбей қойғандығы жөнінде шағым түскенін айтады. «Білім министрі оқу орындары басшыларының ұстанымын толық қолдады» деп хабарлады AzanNews сайты.

– Егер оқушы қыз мектеп формасын кимей келсе, оны сабаққа кіргізу немесе кіргізбеу мәселесін мектеп басшылығының өзі шешеді, – деп мәлімдеді білім министрі Мисир Марданов.

Оның айтуынша, орта мектептегі 1-ден 11-сыныпқа дейінгі оқушы қыздардың барлығы қабылданған мектеп формасын киюлері қажет. Жоғары оқу орындарындағы студент қыздар жалпы ережеге бағынуы керек.

2010 жылдың желтоқсан айында Әзербайжан білім министрлігінің ғимараты алдында рұқсат етілмеген қарсылық шарасы өтті. Полиция митингіге қатысқан 16 адамды бөлімшеге әкелініп, олардың бесеуіне ескерту жасап, үйлеріне қайтарылды. Ал 11 адамның ісі Нариманов аудандық сотына жіберілді.

Сол кезде Әзербайжанның білім министрі Мисир Марданов осы шараны ұйымдастырушыларды бұрыс жолдан бас тартуға шақырған. Оның айтуынша, әлемде болып жатқан өзгерістерді ескеру керек.

– Хиджаб киюге тыйым салу – министрдің ойлап тапқаны емес, мемлекеттің саясаты. Оны министрлік қолдайды, – деп мәлімдеді Мисир Марданов.

Кейінірек, 2010 жылдың 16 желтоқсанында Баку маңындағы Нарадран кентінде мыңдаған мұсылман жиналды. Олар: «Өлсек өлерміз, бірақ хиджабты шешпейміз!» деп ұрандатты.

Екі күннен кейін тағы осындай қарсылық шарасы өтіп, шерушілер білім министрі Мисир Мардановтың суретін өртеді. Олар хиджаб киюді қолдайтындардың қолын жинап, ел президенті Ильхам Әлиевке жіберуге үндеді.

Қаңтар айында хиджабқа тиым салу мәселесі Әзербайжанның Ислам партиясында талқыланып, олар биліктің әрекетін айыптады. Партия басшылары, тіпті, әлеуметтік теңсіздіктің орын алып отырғанын айтып, билікті құлатуға шақырды. Алайда ресми Баку мұндай қысымға көне қоймайтынын байқатып отыр.