Жақында белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтис билікке бейбіт жиындар туралы жаңа заң жобасын ұсынды. Ал тағы бір құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина әділет министрлігінен «бейбіт жиындар туралы жаңа заң қажет емес, ескі заң бар» деген жауап алған.
ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ ҰСЫНҒАН ЖОБА
Қазақстан сыртқы істер министрлігі жанындағы «Адам өлшемі жөніндегі диалог алаңының» өткен аптада Астана қаласында болған кезекті отырысында құқық қорғаушы Евгений Жовтис азаматтардың бейбіт жиналу еркіндігі туралы жаңа заң тұжырымдамасы мен заң жобасын таныстырды.
– Ескі заң 1995 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен қабылданған. Одан бері 20 жылдай уақыт өтті. Ескірген заң демократиялық стандарттар мен Қазақстан қол қойған халықаралық міндеттемелерге сай емес. Қолданыстағы заңда негізгі терминдер жалпылама түрде жазылған. Құқық қорғау органдары мен сот жүйесі оларды өз қалауынша түсініп, өз ыңғайына қарай икемдеп пайдаланады. Соның салдарынан бейбіт жиынға қатысушылардың жанынан кездейсоқ өтіп бара жатқан жүргіншілер мен журналистерді полиция ұстап әкетеді, - дейді Евгений Жовтис.
Өмір бір орында тұрмайтынын айтқан құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділер «бейбіт жиындар туралы заңды жетілдіру жолдарын ұсындық, бірақ билік мән бермейді» дейді.
– Мен бейбіт жиындар туралы жаңа заң жобасын 2007 жылы әзірлеген едім, бірақ оны талқыламастан, жылы жауып тастады. Биыл әлгі жобаны қайта өңдеп, оған қоса жаңа заң тұжырымдамасын жеке әзірлеп, заң жобасы мен тұжырымдаманы «диалог алаңына» қатысушыларға тараттым, - дейді құқық қорғаушы.
Бейбіт жиындарға қатысы бар өзге заңдарға билік тарапынан өзгерістер енгізіліп жатыр. Бірақ құқық қорғаушы ол өзгерістер азаматтардың негізгі құқықтары мен еркіндігін шектеуді күшейтіп отырғанын айтады.
– Бейбіт жиындар өткізу еркіндігі құқық қорғау ұйымдары мен биліктің көзқарасы мүлде қабыспайтын сала болып отыр. Ұстанымымыздың дұрыс екенін дәлелдеуге қаншалықты тырысқанымызбен жөнді нәтиже шыққан жоқ, - дейді Евгений Жовтис.
КӨПШІЛІК ІС-ШАРАЛАР МА, ЕРКІН ІС-ШАРАЛАР МА?
Құқық қорғаушының бұл сынын кейбір азаматтық белсенділер де қостайды. «Ар.Рух.Хақ» құқық қорғау ұйымы жетекшісі Бақытжан Төреғожина «бейбіт жиындар туралы жаңа заң жобасын әзірлеу қажет» деген ұсынысына жуырда әділет министрлігінен жауап алды.
Министрліктің халықаралық құқық және ынтымақтастық департаменті бастығы Дархан Бәкіровтің жауабында «Мемлекет басшысының 2012 жылдың 10 шілдесіндегі «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: жалпыға ортақ еңбек қоғамына 20 қадам» мақаласында берген тапсырмаларын және үкіметтің 2012 жылдың 23 шілдесіндегі 961-қаулысымен бекітілген мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру іс-шаралары жоспарының 48 тармағын орындау үшін мәдениет министрлігі «Көпшілік іс-шаралар өткізу туралы» заң жобасын әзірлеген болатын» деп жазылған.
Алайда Бәкіровтің жазуынша, ол заң жобасын әзірлеу қажет емес деп танылған. Оның сөзінше, қазір «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» заң бар.
Бірақ Төреғожинаның пікірінше, үкімет әзірлеген «Көпшілік іс-шаралар өткізу туралы» заң жобасында көбінесе биліктің өзі немесе билікке жақын қоғамдық ұйымдар мен партиялар ұйымдастыратын көпшілік іс-шараларды өткізу тәртібі ғана қарастырылған.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, биыл парламент қабылдаған қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық кодекстер мен әкімшілік заң бұзушылықтар туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы заңдарда бейбіт жиындарға қатысушылардың жауапкершілігі күшейтілген. Бұл өзгерістер 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Халықаралық құқық қорғаушылар ресми Астананы бұл өзгерістерден бас тартуға шақырады.