Махамбет Әбжанов – күнкөрісі нашар көп балалы отбасылар мен жетімдерге арналған дамыту орталығын ашқан қоғамдық белсенді. 2012 жылы құрыла салып 40 баланы қамқорлығына алған орталықты қаржыландыру 31 жасар белсендіге қиын тиеді. Мемлекет грантынан күдер үзуге айналып, жобасы жабылуға шақ қалғанда өзі күтпеген жерден «Бота» қоғамдық қорынан жәрдем жетеді.
Дамыту орталығын ашуға үкіметтен грант ала алмадық. Бірақ ол қаржыны «Бота» қоғамдық қоры берді. Былтырдан бастап сегіз ай бойы тәрбиешілердің жалақысы мен орталықтың жалға төлейтін қаржысын сол қаржымен төледік. Қазір біздің орталықта тәрбиеленген балалардың алды бірінші сыныпқа барады. «Бота» қорының күнкөрісі нашар отбасыларға көп пайдасы тиді, - дейді Махамбет Әбжан.
«ДАУЛЫ ҚАРЖЫ ТАУСЫЛДЫ»
Махамбет Әбжанның «Балаларды дамыту орталығына» 1 миллион 300 мың теңге бөлінген «Бота» қоғамдық қоры қыркүйектің 17-сі күні 2014 жылдың соңына қарай жұмысын тоқтататынын мәлімдеді. 1990 жылдардың соңында Батыстың мұнай компаниялары мен Қазақстан билігінің арасындағы күмәнді делдалдыққа қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша күдікті қаржы ретінде ондаған миллион АҚШ доллары Швейцария банктерінде тұтқындалған еді.
«Ботаның» атқарушы директорының орынбасары Мұрат Усатаевтың Азаттыққа айтуынша, 2008 жылы Қазақстан, АҚШ және Швейцария үкіметтерінің үш жақты келісімімен Қазақстанда қайырымдылықпен айналысатын қоғамдық қор құрылып, оған 84 миллион АҚШ доллары көлеміндегі тұтқындалған қаржы босатылып берілген. Швейцария банктерінде жатқан уақытта бұл қаражат пайыздық өсімімен 115 миллион долларға жеткен.
Бес жылға есептелген қаржы жұмсалып болды. Негізгі үш бағдарлама бойынша әлеуметтік тұрғыда нашар қорғалған, күнкөрісі төмен отбасылардың балаларына бөлінді. «Келісілген ақшалай жәрдемақылар» бағдарламасы бойынша 150 мыңнан астам балаға, «әлеуметтік қызметтерді қолдау» бағдарламасы бойынша үкіметтік емес ұйымдар арқылы 30 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсетілді. Ал «білім гранттары» бағдарламасы бойынша 841 студент грант алды, - дейді Мұрат Усатаев.
Оның сөзіне қарағанда арнаулы орта және жоғары оқу орындарына «Бота» қорынан грант алып қойған, бірақ оқуы әлі аяқталмаған студенттерге тиесілі қаржылары түгел төленеді.
Оқуын 2015-2016 жылы аяқтайтын 130-ға жуық студент бар. Олардың тек оқу ақысы ғана емес, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қажетті ақшаға дейін толық төленеді, - дейді ол.
«ЖАЛҒАСТЫРУҒА БОЛАР ЕДІ»
«Бота» қоры атқарушы директорының орынбасары әуелгі 84 миллион доллар қаржының қайдан шыққаны туралы ақпаратты білмейтінін айтты. Оның сөзінше «Швейцария банкінде жатқан Қазақстанның кейбір лауазымды адамдарының қатысы болуы мүмкін делінген даулы ақша» туралы, яғни қаржының саяси қыры туралы сөз ете алмайды.
Біз саяси мәселелермен айналыспаймыз. Қазақстан, АҚШ және Швейцария үкіметтерінің өзара келісімінде «Бота» қорының саяси мәселемен шұғылданбайтыны және оның Қазақстан үкіметінен тәуелсіз жұмыс істейтіні көрсетілген. Біздің, тіпті Қазақстан үкіметімен ынтымақтасып жұмыс істеуге құқығымыз жоқ, - деді Мұрат Усатаев.
Ол «даулы ақша» негізіне құралған активі 84 миллион доллардан көп болғанда қор жұмысын жалғастыра берер еді деп ойлайды.
Азаттық тілшісімен сөйлескен экономист, «Бота» қоғамдық қорының қамқоршылар кеңесінің мүшесі Меруерт Махмұтова «қор жұмысын жалғастырған жөн» дейтін ұстанымда болғанын айты.
Өйткені Қазақстанда жасөспірімдер мен кішкентай балалардың проблемалары толық шешілді деп айта алмаймыз. Әрине, бұл мәселемен бірінші кезекте үкімет айналысуы тиіс. Дегенмен «Бота» сияқты қоғамдық қорлардың көмегі қажет. «Шетел банктерінде жатқан, сот шешімімен «тұтқындалған» күмәнді қаржылар есебінен шамамен 100 миллион доллар қаржысы бар тағы бір қор ашылуы мүмкін» дейтін пікірлер осыған дейін айтылған. Қор жұмысын Білім және ғылым министрлігі реттейтіні жөнінде сөз болған еді. Бірақ әзірге ондай қор құрылған жоқ, - дейді Меруерт Махмұтова.
«ҚАЗАҚГЕЙТ ІСІ»
«Бота» қоғамдық қорының бастапқы қаржысы 84 миллион доллар 1990 жылдардың соңына қарай көпшілікке мәлім болған, ауызекі тілде АҚШ баспасөзінде «Қазақгейт» аталып кеткен іске байланысты Швейцария банкінде тұтқындалған қаржы еді. Бұл іс аясында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі қызметін атқарған шетелдік бизнесмен «Батыс мұнай компанияларының Қазақстандағы мүддесін оңтайлы шешу үшін Қазақстанның билігінде отырған жоғары лауазымды адамдардың есепшоттарына үлкен көлемде қаржы аударған» деген ақпарат тараған.
Кейін «Қазақгейт» ісі бойынша америкалық Джеймс Гиффен АҚШ-та тұтқындалып, оған «Қазақстандағы бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларға пара берді» деген айып тағылып, 2010 жылы ол бір жылға сотталған.
«Қазақгейт» ісіне байланысты АҚШ үкіметінің ұсынысымен Швейцария банктерінде бұғауланған 84 миллион доллар 2007 жылы үш мемлекет қол қойған келісім бойынша «Бота» қоғамдық қорына құйылған. Солайша бұл қаржыны «Қазақстанда қайырылымдылыққа жұмсау» туралы шешім қабылданған. Биліктен тәуелсіз қызмет атқарған қордың қамқоршылар кеңесінде құқық қорғаушы Евгений Жовтис сияқты белгілі қоғамдық тұлғалар да бар.
Қаржылық әлеуеті зор қайырымдылық қорларын құру үшін тағы бір «Қазақгейт» сияқты дауды күтіп, «кездейсоқ ақшаға» сүйеніп отырғанша «Ботаның» жұмысын жаңа формада жалғастыру керек деп санайтындар да бар. Оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов Азаттыққа:
Жыл сайын мемлекеттік бюджеттен миллиардтаған теңге игерілмей қалатынын көріп жүрміз. Конституция бойынша Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан әртүрлі халықаралық симпозиумдар мен форумдар, ойын-сауық шараларын өткізгеннен гөрі «Бота» сияқты қорлар арқылы жекелеген мұқтаж адамдармен тіке жұмыс істейтін тәуелсіз қорлар құру керек, - деді.