Атыраудағы көпір апатының себептерін анықтау үшін талай әдебиетті парақтауға тура келеді

Апат орнында көпірдің құлаған бөлігін көтеру жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атырау, қазан, 2009 жыл.

Атыраудағы құлаған көпір заңсыз салынған.Көпір құрылысын салуға мемлекеттік сараптама жасалмаған. Ондағы болған адам өліміне байланысты «Трансстроймост» компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Облыстық прокуратураның басқарма бастығы Қайрат Өтеулиевтің айтуынша, көпір құрылысына байланысты жүргізілген тексеру қорытындысы оның заңсыз салынғанын анықтаған.

-Көпір құрылысы жергілікті атқарушы органдар тарапынан рұқсатсыз және жобалау- сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптаманың жоқтығына қарамастан салынған. Ал мемлекеттік сараптама қорытындысын көпір құрылысын салумен айналысқан «Трансстроймост» АҚ тек қыркүйектің 11-інде, яғни тура көпір құлаған күні алған,- деп мәлімдеді журналистерге Қайрат Өтеулиев.

ҚҰРЫЛЫС УАҚТЫЛЫ ТОҚТАТЫЛҒАНДА АПАТ БОЛМАС ПА ЕДІ...

Прокуратура қызметкерінің сөзіне сүйенсек, бұл жерде сәулет құрылысына мемлекеттік бақылау жасайтын облыстық басқарманың да кінәсі бар көрінеді.

-Өйткені олар бұл құрылысты дер кезінде тоқтатулары керек еді,- дейді Қайрат Өтеулив. -Құрылыс инспекторлары болса көпір құрылысына тексеру жүргізгенімен, тиісті заңды тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жазып, көпірдің құрылыс-монтаж жұмысын тоқтатуға тырыспаған.Олар көпір құрылысын тек тамыз айында бар болғаны үш күнге ғана тоқтатқан. Сондықтан лауазымды тұлғаларға қатысты жинақталған құжаттар бойынша процесуалдық шешім қабылдау үшін іс Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жолданды.

Ал Атырау облыстық ішкі істер департаменті бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Шалқарбек Исенғалиев «Трансстроймост» акционерлік қоғамының бірнеше жетекшілеріне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлап отыр. Олардың ісі ҚР Қылмыстық кодексінің 245- бабының 2-тармағына сай «құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзып, соның салдарынан абайсызда кісі өліміне және ауыр зардаптарға әкеп соқтыру фактісі» бойынша қаралмақ. Ал бұл бап бойынша айыпты деп саналғандар алты жылға дейін бас бостандығынан айырылады дейді ол.

Шалқарбек Исенғаливтың айтуынша, қаза болғандардың туысқандары бұл қылмыстық істе жәбірленуші жақ болып саналады.

КӨПІР ҚҰРЫЛЫСЫ ТУРАСЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТТІ ҚАЗАҚСТАННАН ТАБУ ҚИЫН

-Қазір Қызылордадан арнайы шақырылған сарапшылар сот-техникалық сараптамасын өткізіп жатыр. Олар апат болған жерден жинақталған айғақтар мен құжаттарға байланысты тергеу сұрақтарына жауап беретін болады. Ең бастысы бұл сарапшылар «компания көпір құрылысын салу барысында техникалық норма талаптарын сақтады ма, жоқ па» деген маңызды сауалға жауап беретін болады. Әрине бұл оңай міндет емес. Сарапшылар көпір құрылысына байланысты талай әдебиетті парақтайтын болады. Ал оларды Қазақстаннан табу да оңай емес,- деді Шалқарбек Исенғалиев журналистермен кездесуде.

Сондай-ақ ІІД орынбасарының айтуынша, жеті құрылысшының өліміне олардың суға батып, тұншығуы тікелей себеп болғандығы анықталған. Әрі судан шығарылған мүрделерден бірнеше жарақаттар мен сүйектерінің сынғандығы байқалған. Ал марқұмдардың отбасына тиісті төлемақыны төлеуді «Тасжол» кәсіпорыны облыстық әкімшілікпен бірлесе отырып жүзеге асырады деп мәлімдеді Шалқарбек Исенғалиев.

Естеріңізге сала кетсек, осы жылғы қыркүйектің 11-інде Атырау қаласындағы Мечников пен Баймұханов көшелерін байланыстыратын жаңадан салынып жатқан көпірдің бір бөлігі Жайық өзеніне құлап, 8 адам қаза болған еді. Олардың жетеуінің денесі су астынан табылғанымен, тағы бір құрылысшының мәйті әлі күнге дейін жоқ. Қазір көпірдің Жайық өзеніне құлаған бөлігін көтеру және қалған бір адамның денесін іздестіру жұмыстары жүріп жатыр.