Қалман Қочигит - Әндіжандағы оқиға орнынан әлемге бейнетаспа таратқан бірден-бір журналист

Қалман Қочигит, журналист. Алматы, 12 мамыр 2010 жыл

Сыртқа дақпырты жеткенмен, анық-қанығы әлі белгісіз оқиғаның зардабын көзімен көріп, өзі түсірген бейнетаспасын әлемдік ақпарат құралдарына таратқан түркиялық Ихлас ақпарат қызметінің журналисі Қалман Қочигит сол сапарының жай-жапсарын Азаттыққа әңгімелеп берді.

2005 жылы мамырдың 13-інде Әндіжанның орталық алаңына отыз мыңға тарта адам жиналып, бейбіт митинг өткізбек болды. Бірақ Өзбекстанның қарулы күштері наразылық митингісіне жиналған тұрғындарға оқ жаудырып, күшпен таратты.

- Осы оқиғаның ертеңінде Әндіжанға барған екенсің. Әлемді шарлап кеткен сирек бейнежазбалардың бірін сол қалада түсіріп алыпсың. Қанды оқиғаға куәгер ретінде онда не болғанын тарқатып айтшы. Ол қалаға қалай жолың түсті?

- 2005 жылы ИХА түрік ақпарат агенттігінің Алматыдағы арнаулы тілшісі едім. 8 мамырда Ташкентке барып, Стамбулдан келетін әріптестерімді күтіп жатқанмын. Он үші күні Әндіжанда көтеріліс болып жатқаны туралы хабар жетті. Жалғыз баратын болып шештім. Ташкенттің базарынан бейнекамера сатып алып, таксиге мініп, Әндіжанға тарттым.

Әндіжанға келсем, соғыс болмаған сияқты. Күнделікті тірлік. Бір алаңға келіп едім, қарулы әскер көшені бөгеп, ешкімді өткізбей тұр екен. Бір әскер таяп келіп: «Кімсіз? Не түсіріп жатырсыз?» деді. Журналист екенімді, түсіруге құқым бар екенін айттым. «Бастықтарың рұқсат етті» дедім. Олар үндеген жоқ.
Үкіметтік күштер басып -жаншыған Әндіжан қырғынында қаза тапқандарға құран бағыштау. Әндіжан, 14 мамыр, 2010 жыл.


Көшенің ар жағынан атыс естіліп жатыр. Бірақ ол жаққа ешкімді жібермейді. Бір өзбек бала жаныма жүгіріп келді де: «Жаяулар өтетін жер асты өткелінде көп адам өліп жатыр. Соны түсіріңіз» деді. Айтқан жеріне барсам, өлген адам жоқ. Бірақ елу қаралы сарбаз тұр екен. Бәрінің жүзінде – үрей. «Қазір соғысқа аттанамыз» деп қорқып отырған 18-19-дардағы жас сарбаздар. Арғы жаққа өтіп, атысты түсірейін деп едім, командирлері рұқсат етпей қойды. Сәлден кейін сарбаздардың бәрін көлікке мінгізіп алып кетті. Қоршау ашылды. Жұрт көше-көшемен сол жаққа қарай ағылды.

- Көшеден оққа ұшқан адамдарды көрдің бе? Көрсең, қару-жарақтары бар ма екен, лаңкестерге ұқсай ма?

- Көшеде оққа ұшқан жиырмадай адам жатыр екен. Ешбірі әскери қызметкер емес, бәрі – қарапайым халық, жас жігіттер. Кейбірінің қолында дорбасы бар. Бір күн бұрын жаңбыр жауған сияқты, біреулерінің қолшатыры бар. Лаңкестерге ұқсамайды. Қару-жарақтары да жоқ. Оққа ұшқандардың арасынан 14-15 жасар бір баланы көрдім. Велосипедпен кетіп бара жатқанда оқ тиіп, арыққа құлаған екен. Денесі арықта, басы жағада жатыр. Бір байқағаным – бәрінің денесінде оқ тиген тесік жоқ. Сүйегін опырып, не жұлып әкеткен. Ірі қарумен атқан сияқты.

Төңірегіме қарасам, өзімнен басқа журналист көрінбейді. «Басым аманда, түсірген таспамнан айрылмай тұрғанда кетейін» дедім. Сол жерде өзбектің ер-әйелдері жаныма келіп, көрген-білгендерін айтпақ болды. Бірақ кейін өздеріне кесірі тимесін деп, ешкімнен сұхбат алған жоқпын. Таксиге мініп, Әндіжаннан 7-8 шақырым жердегі Байтук қаласына қайттым.

- Ондағылар Әндіжан оқиғасын естімеп пе? Ташкентке қайтарда тосқауылға кездеспедің бе? Құнды таспаны қалай алып өттің?

- Ондағы жұрттың ештеңеден хабары жоқ, күнделікті тірліктерін жасап, той тойлап жатыр. Одан шығып Ташкентке тарттым. Жолда полициясы бар, әскері бар, арнайы қызметі бар, кедені бар – 12 тосқауылдан өттім. Бәрі құжатымды тексеріп, журналист екенімді білген соң: «Әндіжанға бардың ба? Бірдеңе түсірдің бе?» деп сұрайды. Көлікті, киім-кешегімді тінткен жоқ. Сөзіме сеніп, өткізе берді.

Ташкентке келіп, бейнетаспаны әріптестеріме тапсырдым. «Өзбекстан» қонақ үйінің 17-қабатындағы шатырға құрған спутниктік қондырғы арқылы бейне көріністерді 5-10 минутта Стамбулға жібердік. Жарты сағаттан кейін бөлмедегі теледидарды қоссам, Си-Эн-Эн, Би-Би-Си және орыс арналары сол көріністерді таратып жатыр екен.

Ташкенттегі жұрттың да ол оқиғадан еш хабары жоқ. Өзбек арналарын қоссам, Әндіжан туралы бір ауыз сөз айтпайды. Ешкім ештеңе білмейді. Сол жақта туыстары бар адамдар алғашқы кезде телефонмен хабарласқан екен, кейін оған да зар болды. Өзбек билігі Әндіжан оқиғасы туралы мәліметті жасырып бақты.

- Әндіжандағы оқиға неден тұтанды? Бұл - өзбек билігінің арандатуы деген пікірге қалай қарайсың?

- 2005 жылы көктемде Қырғызстанда төңкеріс болып, ақырында Асқар Ақаев елден кеткен еді. Іле-шала Әндіжан оқиғасы бұрқ етті. Менің ойымша, өзбек билігі «Өзбекстанның басқа жерлерінде бұндай оқиға ендігәрі қайталанбасын» деп, Әндіжандағы жиналған жұртты әдейі қырды.

Әйгілі оқиғаның ертеңіндегі Әндіжан. 14 мамыр 2005
Журналист ретінде байқағаным – алаңда өліп жатқан адамдар лаңкестер емес. Лаңкес болса – дайындалып келер еді, киімдері ыңғайлы болар еді, қару асынар еді. Естуімше, қаза тапқандардың арасында қарттар да, әйелдер де, бала-шағалар да болған. Билік оларды жинап әкетіп, ер-азаматтарды ғана тастаған. Ол жерде мың жарымдай адам қайтыс болған деседі. Алаңды қоршап тұрып, тікұшақтан ірі қарумен, пулеметпен атқан. Менің ойымша, бұл – әдейі жою операциясы. Содан кейін де Әндіжанға екі рет жасырын барып келдім. Бірақ таспаға түсіріп алардай ештеңе қалмапты.

- Сол оқиғадан кейін Өзбекстанда аялдадыңдар ма, ешкім сезіктенген жоқ па?

- Ол оқиғадан кейін де Ташкентте 15 күндей жұмыс істедік. «Өзбекстан» қонақ үйінің шатырындағы қондырғыдан Батыстың, Швецияның, Ресейдің, Түркияның, Украинаның, Грузияның ақпарат құралдарына, «Әл-Жазира» телеарнасына материалдар жіберіп тұрдық. Он бес күннен кейін кім екенімізді біліп қойды. Полицияны да, арнайы қызмет өкілдерін де көрген жоқпыз. Қонақ үйдің директоры «кетіңдер» дегенді сыпайылап қана жеткізді. Өзі қатты ашуланып отырды. Сөгіс естіген болса керек. Қонақ үй күзетшілері күнде шатырға шығып, бейнетаспаларды бізбен бірге тамашалап отыратын. Өзбек барлау қызметінің әлсіздігі ме, әлде басқа бір себебі бар ма – бізге қысым көрсеткен жан болмады. Өзбекстаннан ың-жыңсыз шығып кеттік.

- Журналист ретінде өз пікіріңді айтшы. Әндіжан оқиғасының ақиқаты қашан жария болуы мүмкін?

- Өзбекстанда демократиялық билік орнамай, ашық қоғам, ақпарат еркіндігі болмай - Әндіжан оқиғасының анық-қанығына жету қиын. Билік шетелден келген тәуелсіз сарапшылардың жұмыс істеуіне рұқсат бермейді, журналистерді жібермейді. Ол оқиға туралы дерек жинап, ақпарат таратқан журналистер қыспаққа түсіп, қуғын көріп жатыр. Билікте ауыс-түйіс болды деген күннің өзінде, Каримовтан кейін келетін билік қандай болады – бәрі соған да байланысты. Мүмкін, ол билік бұдан да сорақы болатын шығар!