Қазақстандық фермерлер қытайлық ауылшаруашылық компанияларымен бірлесе жер игерсе, одан тек қана пайда көреді деп санайды қытайлық консалтингтік компания басшысы мен Қазақстан фермерлер одағының өкілі.
Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті Жібек Әжібаева наурыздың 25-і Азаттыққа берген сұхбатында қытайлық Huahe International консалтингтік компаниясы қауымдастыққа қайырылғандығын айтты.
- Бізге олар көмек сұрап келді. Көмек дегенде ауылшаруашылық саласындағы жобасын жүзеге асыруда өздерімен бірлесе жұмыс істейтін фермерлерді тауып беруімізді өтінді. Біз болсақ Қазақстанның фермерлер одағының координаттарын бердік, - дейді радиомызға Жібек Әжібаева.
Оның сөзінше, қауымдастық бұл мәселеде тек делдал қызметін атқарады. Ал Қытай тарапымен бірлесіп жұмыс істей ме, істемей ме, ол әрбір қазақстандық фермердің жеке өз ісі дейді, қауымдастық вице-президенті.
Еске салсақ, өткен аптада халықаралық Huahe International консалтингтік компаниясының жетекшісі, бірқатар қытайлық компаниялар Қазақстанда ауылшарушалығын дамытуға үлес қосуға ниет білдіріп отыр дегенді айтқан еді. Осыдан кейін бірқатар ақпарат құралдары мен қазақ қоғамында бұл мәселе қызу талқыланған.
Оған себеп те жоқ емес. Өйткені оның алдында, наурыздың басында президент Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев өзінің блогында, «Назарбаевтың Бейжіңге соңғы сапары кезінде Қытайға 99 жылға бір миллион гектар қазақ жерін беруге келісім жасады» деген ақпарат жариялаған еді.
«НАҚТЫ ЖОБА ЕМЕС, ТЕК ОЙ ЕДІ...»
Наурыздың 18-і Азаттыққа сұхбат берген қытайлық Huahe International консалтингтік компаниясының президенті Лю Чуаньу мырза, бұл нақты жоба емес, тек өзінің ойы болғандығын айтты. Ол өз сөзінде, бұл ұсынысы жергілікті халыққа ұнамаса, оны іске асырмаймыз дегенді атап өтті.
Оның сөзінше, өзінің жәй ғана ойын көпшілік журналистер нақты жүзеге асырылмақшы жоба деп қате түсінген. Ол мүлдем басқа тақырып бойынша өткен баспасөз мәслихаты барысында журналистер Қытайдың қазақ жерін ауылшарушылығы өнімдері үшін пайдалануына қатысты сұрақ қойғандығын айтты. Мен сол сәтте тек өз ойымды жеткіздім дейді Лю Чуаньу.
Қытайлық наши этникалық тобына жататын шаруалар астық жинап жатыр. Юньнань провинциясы, 30 мамыр 2006 жыл.
- Менің ойымша Қазақстанда ауылашаруашылығы саласында қарым-қатынас орнатудың болашағы зор. Сондықтан осы мақсатта қазақ жерлерін пайдалану дегенді мен ойдан шығарған едім. Бұл нақты жоба емес. Ол туралы арнайы келісім де жоқ. Біз тек консалтингтік компаниямыз ғой, бізде ондай ақша да жоқ. Біз тек осы жобаға қызығатын компанияларға көмектесеміз. Егер сіздердің фермерлер осы жобаға қатысуға ниет білдірсе, біз көмектесуге дайынбыз, - дейді сұхбаттасымыз. Оның сөзінше, ауылшарушылық өнімдерінің ең ірі өндірушісі болып саналатын Қытайдың осы саладағы тәжірибесі мол, сондықтан осы тәжірибені Қазақстанға алып келе отырып, қазақтандық шаруалар мол табыс таппақ.
- Сіздерде жер бар және ауылшаруашылық жағдайларыңыз Қытаймен ұқсас. Бірақ, өнімді шығару мен технологияларыңыз артта келеді. Ал бізде оның барлығы бар. Сондықтан осы жерде бір-бірімізді толықтырып, сіздердің шаруаларыңызға тұқым мен технологияларды ұсына отырып, ортақ пайда табар едік. Қытайда да жер шаруаларға жеке меншікке берілген. Алайда олардың көпшілігі ірі компаниялармен бірігіп жұмыс істейді. Компаниялар шаруларға ұрық беріп, кейін ол өнім бергенде оны экспортқа шығару жағын ойластырады. Дәл осы жүйені сіздерге де енгізсе деген ой еді. Бұл жобадан алдымен жергілікті шаруалардың жағдайы жақсарады, - дейді Лю Чуаньу.
Өзін тек қарапайым кәсіпкер екендігін айтқан сұхбаттасымыз, Қазақстанда бұған дейін де жер мәселесі туралы дау болғандығынан хабардар екендігін жасырмады. Алайда, өз ойының ешқандай саясатпен қатысы жоқ екендігін атап айтты. Оның жетекшілік ететін консалтингтік компаниясы бір жыл бұрын ғана құрылған. Негізгі мақсаты - Қытай мен Орталық Азия арасындағы бизнес байланыстарына демеу көрсету.
Лю Чуаньудың сөзінше, аталған жоба жүзеге асқан күннің өзінде қазақ жерінде міндетті түрде соя мен рапсты өсірудің қажеті жоқ. Экспортта қандай өнім сұраныста болса, сол өнімдерді шығарған жөн. Мәселен, мақта мен күріш қазіргі таңда сұранысқа ие болып тұр дейді ол. Ал сұхбатының соңында Лю Чуаньу мырза Қытай әркез Қазақстанға жақсы көзқараста болып келгендігін атап отты. Сондықтан егер қандай да бір жоба жергілікті халыққа ұнамайтын болса, ешкім мәжбүрлемейді деп атап өтті.
«ЕГЕР КӨП АҚША ТӨЛЕСЕ, БІЗГЕ ТИІМДІ»
Бұл мәселеге қатысты Қазақстан фермерлер одағына хабарласқанымызбен, басшылығы демалыста екен. Алайда әңгіме Алматы мен Жамбыл облысына қарасты жерлер туралы болғандықтан наурыздың 25-і одақтың Алматы облысындағы бөлімшесінің төраға орынбасары Қанай Жүнісовпен сұхбаттастық. Оның сөзінше, бұл мәселеде өте мұқият болу қажет.
- Бұл жерде бір мәселені ажыратып алу керек, егер үкімет өздерінше бір шарт жасап, содан кейін миллиондаған гектар беріп жатса, ертең бұл бәле немен бітеді, ешкім де білмейді. Сондықтан халық күмәнданады да, наразылық білдіреді. Ендігі жайт Қазақстан заңы бойынша жерді [шетелдікке] жалға беруге болмайды, тек қана сол жерде бірлескен еңбек келісім-шарты бойынша бірігіп жұмыс істеуге болады. Сондықтан фермерлермен жеке келісіп жатса, қытайлық фермермен, я мемлекеттік кәсіпорынмен бірге жұмыс істейтін [қазақстандық] фермерлер табылып қалуы мүмкін, - дейді Қанай Жүнісов.
Мұндай фермерлер табылған күннің өзінде бұл ынтымақтастық қазақстандық шаруаларға тиімді болар ма екен деген сұрағымызға Қанай Жүнісов мырза:
- Егер көп ақша төлесе,тиімді болып шығады. Аз төлейтін болса, есептеу керек. Ол шартқа байланысты, - деп жауап берді.
Алматы облысы бойынша Қытай тарапымен бірлесіп жұмыс істеп жатқан фермерлер бар ма деген сауалымызға:
- Мен ондайды көрген жоқпын. Бірақ Алакөл жақта бар деп естігенмін. Қалай болғанда сендер шатастырмаңдар. Мемлекеттер арасында шарт болып қалмасын және оның ішінде Қазақстанға қарсы бір тармақтар болып қалмасын деп халық соған наразылық білдіріп жатыр. Ал екі шаруашылықтың (қытай-қазақстандық – ред.) арасында келісім-шарт жасалынып жатса, оның зияны жоқ, - деді Қазақстан фермерлер одағының Алматы облысындағы бөлімшесінің төраға орынбасары Қанай Жүнісов.