Әйелі Шыңжаңда қамалған қазақстандық көмек сұрайды

Қытайда қамауда отырған Мүнира Серікжанның күйеуі Айқын Әден баласымен. (скриншот)

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытайда ұсталған қазақстандық азаматтардың мәселесімен айналысып жатқанын айтты. Сарапшылар Қытайдың адам құқықтары туралы халықаралық шарттарды орындайтынына күмәнді.

Алматы облысына қарасты Текелі қаласында тұратын Айқын Әден 2017 жылы әйелі Мүнира Серікжанды алып Қытайдың Тарбағатай аймағы Толы ауданында тұратын қайын жұртына Қорғас арқылы қыдырып барған. Алайда сол жылы желтоқсан айында әйелі Мүнираны Толы аудандық ішкі істер бөлімінің өкілдері шақырып алып, саяси оқыту-тәрбиелеу орталығына алып кеткен.

АЙҚЫННЫҢ ЗАРЫ

Айқынның айтуынша, «бес-он күннен кейін жібереміз» деген әйелін бір ай күткенімен келмеген. Айқын еріксіз екі жасар баласын алып, Қазақстанға оралған.

- Желтоқсан айының 16-сы күні жергілікті сақшылар келіп, әйеліме: «Сіз екі айдан астам уақыт Қытай шекарасына өтпей Қазақстанда ықтияр хатпен жүріп алыпсыз» деп алып кетті. Маған: «Сіз Қазақстан азаматы екенсіз. Бірақ әйеліңіз – Қытай азаматы, сондықтан саяси тәрбиелеу орталығына алып кетеміз, бес-он күнде кері қайтады» деді. Бір ай бойы аптасы бір рет жергілікті сақшы мекемесіне барып, телефонмен сөйлесіп тұрдым. Кейін өзімді де қудалап, «Сіз – шетел азаматысыз. Сондықтан жергілікті заң бойынша қонақ үйде ғана жатуыңыз керек» деді. Ал қонақ үй қымбат екен. Сосын еріксіз баламды алып, елге (Қазақстанға – ред.) оралдым, - деді Айқын Азаттыққа.

Айқын әйелі Мүнирамен 2016 жылы бас қосқан, орталарында бір ұл бар. Қазір баласын әкесі бағып отыр.

Оқи отырыңыз: Қытайда ұсталған Қазақстан азаматтары

Азаттық радиосы Тарбағатай аймағы Толы аудандық сақшы мекемесінің өкіліне қоңырау шалғанымен, өзін тек «Бауыржан» деп қана таныстырған азамат Мүнира Серікжан туралы «ештеңе білмейтінін» айтты.

Шыңжаңдағы жүздеген этникалық қазақ пен ұйғыр былтыр жаздан бері жаппай саяси қысымға ұшырап, «Қазақстанға симпатия танытты» немесе «діни радикализмге қатысты бар» деген айыптауға ұшырап жатқандарын айтып шағымданып келеді.

САРАПШЫЛАР СӨЗІ

Қытайдағы қазақтар мәселесін біраздан бері бақылап келе жатқан Түркияда тұратын этникалық қазақ, халықаралық қатынастар саласының маманы Мариям Хакім Шыңжаңдағы жаппай қамау мен қысым жасау туралы жергілікті жұрттың ресми шағымдануы қиын екенін айтады.

Түркияда тұратын этникалық қазақ Мариям Хакім.

- Бұл – саясаттың басқа бір түрі. Ол жерде (Шыңжаңда – ред.) әр адамды жеке-жеке қорқыту, дауысын шығармай тұншықтыру арқылы [Қытайдың] өздеріне сіңіру әрекеті деп бағалауға болады. Бұл – бір ғана қазақтың басындағы емес, сол жерде тұратын ислам дінін ұстанушылардың басындағы кеп. Және ол жерде аз ұлттардың арасында өз құқықтарын қорғауға арналған ұйымдар жоқ. Өйткені бұл мәселені Қытай үкіметі баяғыда шешіп тастаған (тыйым салып тастаған – ред.). Сондықтан жекелеген адамдардың үні шықпай отыр, тіпті өзін өзі қорғауға қорқады, - деді Мариям Хакім.

Мариям Хакімнің айтуынша, Қытайдағы этникалық қазақтардың билік саясатының кесірінен бір-біріне сенбеуі және халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен тікелей байланыса алмауы мәселелерін қиындата түскен.

- 2017 жылдың соңында, желтоқсан айында Түркияда адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдармен болған кездесуде бұл мәселені көтердік. Ал ондай ұйымдар қамауда отырған әрбір жеке адамның атын атап, оларға жасалып жатқан қысым жайлы қорықпай айта алса ғана араласатындарын айтты, - дейді түркиялық қазақ.

Халықаралық құқықтану саласының маманы Есбол Өміржанов Қытайды адам құқықтарына қатысты ондаған халықаралық конвенцияда айтылған шарттарды сақтауға көндірудің қиын екенін ескертеді.

- Қытайда бұған дейін де өте көп адам құқықтарына қатысты жағымсыз жағдайлар болды. Және ол жерде адам құқықтары жөніндегі көптеген халықаралық ұйымдар мен Қытайдың өз ішіндегі адам құқықтары жөніндегі ұйымдар жұмыс істейді. Және жыл сайын Қытайдағы адам құқықтары жайындағы баяндама жасалады. Сол баяндаманың ішінде Қытай билігіне ескертпелер мен ұсыныстар айтылып отырады. Бірақ ол ескертпелерден Қытай бір қорытынды жасап жатыр деп айту қиын, - дейді маман.

Маманның сөзінше, Қытай үкіметі адам құқықтары жөніндегі халықаралық конвенцияларға қол қойғанымен олардың көпшілігін бекітпеген. БҰҰ-ның дерегіне сәйкес Қытай «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге» 1998 жылы қол қойса да, әлі ратификацияламаған. Ал Пекин мүлдем қол қоймаған құжаттардың ішінде «Азаптауға қарсы пакт хаттамасы», «Өлім жазасын жою хаттамасы», «Барлық тұлғаларды зорлық-зомбылықтан жоғалып кетуден қорғау туралы халықаралық пакт», «Барлық еңбек мигранттарының және олардың отбасы мүшелерінің құқығын қорғау туралы халықаралық пакт» бар.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері Қытаймен екіжақты ынтымақтастыққа қатысты 68 құжатқа қол қойған. Бұл келісімдердің көпшілігі мұнай-газ игеру саласы мен шекара аймағындағы экономикалық қарым-қатынасты реттейді. Екі ел арасында «Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету келісіміне» 1993 жылы Пекинде қол қойылып, бұл құжат 1995 жылы күшіне енген.

ПЕКИН МЕН АСТАНАНЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ

Соңғы жылдары Қытайдың Шыңжаң өлкесінде қамауға алынып, саяси және еңбек тәрбиесі орталықтарында күшпен оқытылып жатқан жүздеген этникалық қазақ пен ұйғыр туралы шағымдарды Пекин жоққа шығарып келеді. Бірақ былтыр Қытайдың Қазақстандағы елшісі бір сөзінде жаппай қамау туралы мәліметті растаған.

Қазанның 31-і күні Астанадағы «Бейжің сарайы» қонақүйінде болған журналистермен кездесуінде Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Хань Хуей журналистер қойған сауалға орай Шыңжаңда «заңсыз әрекеттер болып жатқанын» мойындаған болатын. Ол Қытай коммунистік партиясының қазанның 24-інде аяқталған 19-съезі қарсаңында Шыңжаңда азаматтарды «қатаң қадағалау мен тексеру шаралары» жүргізілгенін айтқан.

Азаттық Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің атына Айқын Әден сияқты туыстары Қытайда ұсталған бірнеше адамның аты-жөнін атап және сол жақта қамауда деп сипатталатын кейбір қазақстандықтар жайлы сұрау салып, қаңтардың 25-і күні ресми түрде хат жіберген еді.

Ақпанның 19-ында өзінің жиналысқа кетіп бара жатқанын айтып, қысқаша ғана жауап берген Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Әнуар Жайнақов «Хат бойынша сұрау салынып, жұмыс істеліп жатқанын, Қытайда ұсталған қазақстандықтар жайлы ақпаратты тек туыстарына ғана беретіндерін» айтты.

ВИДЕО: "Қытайға дипломатиялық нота жіберілді".

Your browser doesn’t support HTML5

Министр Әбдірахманов: "Қытайға дипломатиялық нота жіберілді"

- Өткен аптадағы министр айтқан сөзді кейбір журналистер басқаша түсінді. Министр Қытайда ұсталған Қазақстан азаматтары туралы айтты. Ол – нота емес. Ол – Қытаймен жұмыс тәртібі бойынша жіберліген сауалдар. Жалпы анықтау жұмыстары жүргізілуде. Және Қытайдан жауаптар келіп жатыр. Бұл жауаптарды өзіміздің ұсталған азаматтардың туыстарына ғана береміз, - деді Жайнақов.

Әнуар Жайнақов Қытайдағы этникалық қазақтардың қысымға ұшырауына қатысты қойған сауалымызға жауап бере алмайтынын айтты. Ақпанның 15-інде парламент отырысының жалпы жиналысына келген Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов: «Мәліметтер расталған соң Қытай тарапына ресми түрде дипломатиялық арналар арқылы дипломатиялық нота жібердік» деген болатын.

Қытайдағы этникалық қазақтардың үкімет қысымына ұшырап жатқаны және Шыңжаңға барған кейбір қазақстандық азаматтардың да қамауға алынғаны туралы алғашқы хабарлар 2017 жылдың көктемі мен жаздың басында шыға бастаған еді. Азаттық бұл тақырыптағы сериялы мақалаларының алғашқысын 2017 жылы маусымның 8-і жазды.

Қазақтар Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономиялық өлкесінің Іле-Қазақ автономиялық облысына қарасты аудандары мен қалаларында, Алтай, Тарбағатай аймақтарында, бұлардан басқа тағы бірнеше өңірлердегі қазақ автономиялық аудандарында, Үрімжі қаласында көбірек шоғырланған. Қытайдың 2000 жылы жүргізген халық санағы мәліметтері бойынша, Қытайдағы этникалық қазақтар саны 1 миллион 250 мың болған.