Полицейлерге шабуыл жасау оқиғалары

Телефонмен сөйлесіп тұрған полицей. Қазақстан, 18 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда 2008-2013 жылдары 135 полицей қызмет бабында жүріп қаза тапты. Азаттық биыл полицейлерге жасалған шабуылдар хронологиясын жасады.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, соңғы бес жылда полицейлерге шабуыл жасау фактісі бойынша 8 мыңға жуық іс тіркелген, осындай оқиғалар кесірінен 135 полицей қаза тапқан.

2013 жылдың алты айында ғана «полиция қызметкерінің өміріне қауіп төндірді» деген айып бойынша 457 іс қозғалып, 20 адам сотталған. Төмендегі инфограммадан полицейлерге 2013 жылы жасалған шабуылдар жайлы мәліметті көре аласыз.

http://cdn.knightlab.com/libs/timeline/latest/embed/index.html?source=0AsORHZ8r-TeedE9sMFBZc003dldaanpXNDdpYVFIbGc&font=Bevan-PotanoSans&maptype=toner&lang=ru&height=650

Қаңтар, 2013 жыл
Ақтөбе облысында мас күйінде көлік жүргізіп, жол ережесін бұзған азамат өзін бөлімшеге әкеле жатқан екі полицейдің қолын тістеп алды. Сот ол азаматты бірнеше бап бойынша кінәлі деп тауып, үш жылға бас бостандығынан айырды.

Қаңтар, 2013 жыл
Астанада көлік жүргізушілердің бірі құжатын көрсетуді талап еткен жол полициясы қызметкеріне пышақ ала жүгіріп, бетін жарақаттады. Жүргізушінің үстінен «мемлекеттік қызметкерлерге шабуыл жасау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, оған 300 айлық есептік көрсеткіш (АЕК, 1 айлық есептік көрсеткіш – 1731 теңге) есебінде айыппұл салынды.

Наурыз, 2013 жыл
Алматыда 31 жастағы полицей Ерлан Бопырбаев көмекке шақырған қарындасын құтқару үшін әлдебір пәтерге барғанда үй иесі оның иығы мен арқасына пышақ салып, қашып кетті. Полицей жедел жәрдем көлігінде өмірден озды.

Сәуір, 2013 жыл
Алматыда үш мас жігіт жол полициясы қызметкеріне шабуыл жасап, соққыға жығып, құжаттары мен қаруын алып кетуге тырысты. Кейін олар тұтқындалып, айыппұл төледі.

Мамыр, 2013 жыл
Жезқазғанда көп қабатты үйлерге рейд жасап жүрген бөлімше полицейіне тұрғындардың бірі – мас ер адам шабуыл жасап, қолын тістеп алды. Айыптының үстінен «мемлекеттік қызметкерлерге шабуыл жасау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, оған айыппұл салынды.

Маусым, 2013 жыл
Павлодарда мас ер адам полицейге шабуыл жасап, оны пышақпен жарақаттады. Кейін тәртіп бұзған азамат жазаланып, он күнге қамалды.

Маусым, 2013 жыл
Алматы облысы Қарасай ауданы Ерменсай ауылындағы арнайы операция кезінде полицей Шакир Мусахунов қайтыс болды. Үйіне келген полицейді ауыл тұрғыны, 63 жастағы ер адам аңшы мылтығымен атқан.

Маусым, 2013 жыл
Солтүстік Қазақстан облысы Астрахан ауылында бала-шағасын сабап жатқан 38 жастағы ер адам тәртіпке шақыруға келген полицейді итіне талатты. Айыпты азамат 13 күнге қамалды.

Шілде, 2013 жыл
Таразда 27 жастағы әйел адам полиция сержанты Еркебұлан Қыстаубаевқа пышақ жұмсап, оң иығын жаралады. Ол азаматқа қатысты «мемлекеттік қызметкерге шабуыл жасау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, айыппұл салынды.

Шілде, 2013 жыл
Өскеменде кафелердің бірінде мас болып, тәртіп бұзған 28 жастағы жігіт өзін бөлімшеге әкеле жатқан полицейдің бас бармағын тістеп алды. Оған қарсы «мемлекеттік қызметкерге шабуыл жасау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, айыппұл салынды.

Шілде, 2013 жыл
Өскеменде 25 жастағы тұрғын жаяулар жолынан өтіп бара жатқан полиция сержантын көлігімен қағып кетті. Жол апатынан ауыр жарақат алған полицей оқиға орнында қаза тапты.

Қазан, 2013 жыл
Атасу-Жезқазған тас жолында мас көлік жүргізушісі Жаңаарқа ауданының жол полициясы қызметкеріне құжатын көрсетуден бас тартып, полицейге шабуыл жасап, оның қолын сындырды. Тәртіп бұзған азамат қамауға алынды.