Менің балаларым мен немерелерім – кеудесінде намысы бар ұлдарым мен қыздарым қызыл қанға боялып жатыр. Оққа ұшып өлген құрбандар он бес деп айтады, ал жараланған жұрттың ұзын саны жүзден асқан. Бұл – екшеуден өткен ресми мағлұмат. Әлде шындық, әлде лақап, жергілікті, көлденең хабарларға қарағанда, қаза тапқандардың тізімі – бұдан әлдеқайда көп, жараланғаны екі, үш есе артық. Ал, он беске тоқтадық. Тіпті, бес адам, екі, үш адам болсын. Өз ажалынан өлген ешқайсысы жоқ. Бәрі де атылған. Айдың-күннің аманы, бейбіт заманда. Өз елі, өз жерінде. Маңғыстау – Жаңа-Өзен мен Шетпеде. Кім атты? Неге атты? Атуға жарлық берген кім?
Ешкім де жарлық берген жоқ дейді Ішкі істер министрлігі. Құқық қорғау күштері өз еркімен қаруланып, өздері атқан. Пәленбай деген жағдайда түгенбай заң бар көрінеді. Ешкім жарлық бермеген. Енді бұл өлім қарулары қоймада тұрған жерлерінен өз беттерімен ытқып шығып, ешкім кезенбей-ақ өз беттерімен жусатып атты десе де сенетін жағдайға жеттік. Бұрын «құдайсыз қурай сынбаса», «елбасының тапсырмасынсыз» шөп басы қимылдамаушы еді. «Елбасының тапсырмасы бойынша» деп сөйлейтін кез-келген үлкенді-кішілі шенеунік атаулы. Бұл жолы ешқандай тапсырма бермепті. Алайда, айтусыз орындалған іске дән риза. «Полиция өзінің міндетті қызметін дәлме-дәл орындады және өз өкілетін заң шеңберінде жүзеге асырды» деп мағлұмдаған («Полицейские четко выполняли свой служебный долг и действовали в рамках своих полномочий по закону»).
«Елбасының тапсырмасы бойынша» деп сөйлейтін кез-келген үлкенді-кішілі шенеунік атаулы. Бұл жолы ешқандай тапсырма бермепті. Алайда, айтусыз орындалған іске дән риза.
Енді не айтасыз? Айтарымыз бар екен. Тағы да қару қолданамыз деген доңайбат. Ішкі істер министрі айтыпты. Әлбетте, бостан-босқа емес. Егер қоғамдық тәртіпті бұзып, әлдекімдерге қатер төндірсе...
Аптап жаз, ызғырық күз – жеті ай бойы ереуілдеп тұрған мұнайшылар кімге қатер жасапты? Тек 16 желтоқсан күні ғана бұрқ етті. Онда да... Әлгі қаза болған боздақтардың арасында құқық қорғау орындарынан ешкім жоқ екен. Әлдебір полицейлер таяққа жығылыпты-мыс. Ұрып-соғып жатқан ешкімді көрмедік. Сол сәтінде бейне-таспаға түспесе, көгерген көзімен, жарылған басымен неге теледидар айнасына шығармасқа. Жарайды, солай екен дейік. Атекемнің баласының басы жарылыпты. Есесіне жапырлатып атып жықтық.
Ол рас. Жеті-сегіз ай бойы шыдаған жастар кенеттен бүлік бастады. Әлдебір арандатқыш күштер дейік. Қолға ілінгенді қиратып жатыр. Одан соң, өздерін осы жеті ай бойы ғана емес, нешеме жылдан бері қорлап, талап келе жатқан ұжымдарға қатысты әлдебір мекеме, ғимаратты өртеді. Дұрыс емес, әрине. Алайда... Қазір баяғы «темір перденің» заманы жоқ. Жұрт әлемдегі барлық жағдайды біліп, көріп, танып отыр. Осы биыл ғана Лондонда қандай бүлік болды. Әлдебір жас жігіттің жазатайымда полиция қолынан қазаға ұшырағанына наразылық танытқан ондаған мың жас жігіттер мен қыздар көшеге шықты. Ызадан өздерін ұстай алмай, қаншама ғимаратты өртеді, қаншама машинаны жақты, полициямен кәдімгідей қақтығысты. Әрине, шектен шығып кеткен еді. Бірақ осы, екі-үш күнге созылған, Лондоннан озып, басқа да үлкен қалаларға жайылған бүлікке өкімет күштері тарабынан бір де оқ атылған жоқ. Қуды, таратты, қаншамасын тұтқынға алды, ақыры біразын кәдімгідей соттады.
Мұндай жағдай әлемнің барлық елдерінде бар. Мәселен, антиглобалистер. «Үлкен жетілік» аталатын жетекші мемлекеттер басшылары кеңес өткізбек қалаға Еуропаның әр тарабынан құйылып келіп, тек қана қирату, өртеумен болады. Әрине, басбұзар тентектік. Керек десеңіз, қылмыс. Бірақ ешқашан оқ атылып көрген жоқ. Полиция бұзақы жастармен жағаласып жүріп, шетінен ұстайды, қамайды, ақыры таратады. Мүмкін, кейбіреуін жауапқа іліндіріп жатуы да. Бірақ кісі өлімі болып көрген емес. Ал біздің «қызметіне адал» полиция бытырлатып атады.
Ал Жаңа-Өзендегі бүліншілік басталған кезде ержүрек полицияның өміріне қауіп келді ме? Иә, үркіту бар, бірақ төбелес болуы неғайбыл. Тарсылдатып ату басталған кезде халық алаңда, ал полиция ай дала – алаңның шетінде тұр. Видео-түсірілімдер куәлігі осындай. «Міндетті қызметін дәлме-дәл орындаған» жаужүрек полиция тас ұшпас, таяқ жетпес, қатерден қақас жерде тұрып, бейбіт халықты жусатып салған. Бұрынғы барды айтпағанда, халықаралық интернет жүйесіне жаңадан түсіп жатқан нақты куәлік осындай. Алдымен, қалқандарын көтерген бойы, сап түзеп жақындады. Содан соң жаппай, топырлатып ату басталды. Қарусыз, құрқол жігіттерді қуып жүріп, көздеп тұрып. Жараланып жығылғандарын резеңке тоқпақпен жабыла төпелеп, біржола жер жастандырды. Адам айтқысыз қаталдыққа қазір жарым дүние куә болып отыр.
Енді, өздерінің туған халқына қарсы жасаған қылмысты істерін бүркеу үшін, ескіше айтқанда, «менің сүйікті өкіметім мен туысқан партиям», яғни ең жоғарыдан ең төменге дейінгі биліктің барлық құрылымдары тек Жаңа-Өзен ғана емес, бүкіл Маңғыстау халқына жала жауып, қисынсыз өтірікті қардай боратып жатыр. Советтік заман, бұдан жиырма бес жыл бұрынғы Желтоқсан кезіндегідей, өкіметтік бүкіл ақпарат құралдары жаппай, қызу науқан үстінде. Тіпті, одан әлдеқайда асып түсті. Өзінің азаматтық құқығын қорғап шыққан шарасыз азаматтарды «бұзақылар», «азғындар» деп жариялады. Баяғы Желтоқсандағы «наркомандарға» тетелес. Алайда, басқа барлық жағынан асып түсті. «Наразы еңбекшілердің» жалпы жиналыстары, жекелеген «патриоттардың» ашу-ызасы ештеңе емес. Баяғы Желтоқсан кезіндегідей, «ұлт зиялылары» алдыңғы қатарға шығыпты. Сорақысы сол қалпында.
«Сүттей ұйып отырған ел татулығына ешқашан қол көтерме!» – деп зекіреді бұрнада Парламент басшысы, одан соң Мемлекетік хатшы, ақыр түбінде экс-сенатор Әбіш Кекілбайұлы. «Жаңа-Өзеннен түсірілген репортажды көріп, аса ауыр әсерде қалдым... Ешкімге, ештеңеге жаны ашымайтындар... Ел естіп көрмеген сұмдық!» – дейді. Шынында да сұмдық емес пе. Қаншама қыршын жастың ғұмыры қиылып жатыр. Сөйтсек, бәрі керісінше екен. «Ел естіп көрмеген сұмдық» – «бүкіл халық қуанып тойлап жатқан мерекенің шырқын бұзған», «елдің де, жердің де қадірін білмейтін» жаңағы басбұзар жастар екен. Менің өзіммен бірге оқыған, бірге өскен, күні кешеге дейін ешбір шәй деспеген Әбіш досыма айтар сөзім жоқ. Ең үлкен мансап – қаламгерлік қызмет емес пе еді, жағынсақ ең алдымен туған халқымызға жағыну ләзім еді ғой. Бірақ Әбекең қаламын қызметке айырбастады, ақыры мынау. Туған халқымыз, бүгінгі жұрт, ертеңгі ұрпағымыз деген аталы сөздерді былай қойғанда, Әбіш Кекілбайұлы осы Маңғыстауда дүниеге келген, бүкіл қазақ, оның ішінде Маңғыстау жұртының айрықша қадір-құрметіне бөленген жан емес пе еді. Табаламаймын, жаным ашиды.
«Бір қызымнан бір қызым сорақы» демекші, енді өз ауылыма келейін. Шығыс Қазақстан ғой. Бұл жолы сенаторлық дәрежеде нық отырған Ғарифолла Есім. Академик, профессор, философ. Ептеп көркем проза да жазып кететіні бар. Кезінде жақын тұтқан, қолдау көрсеткен інілерімнің бірі. Жерлес болғандықтан емес, ақыл-парасатынан, жазуынан үлкен үміт күткендіктен. Міне, осы философ-сенатор Ғарифолла Жаңа-Өзен оқиғаларын: «Естіген құлаққа ауыр болды... Лаңкестік, шектен шыққан әрекетке барушылық!» – деп бағалапты. Әлбетте, «қызметіне адал» полицияның оқыс қимылына емес, «бірлігі жарасқан елдің төл мерекесі өтіп жатқанда осыншама шектен шыққан әрекеттердің орын алуына» байланысты. Ау, шырақ, Жаңа-Өзенде мұнайшылардың бейбіт ереуілі басталғалы жеті-сегіз айдың жүзі болды. Құрметті сенатор бұл жұрт әзірге «шектен шықпай» тұрғанда неге парламенттің алдына мәселе қоймаған? Неге ғана сол Маңғыстауға барып қайтпаған? Шалқып отырған қызметтің негізгі міндеті де осы, тиесілі, жүйелі заң негізінде халықтың мүддесін қорғау емес пе еді? Ендігіміз не сәуегейлік?
«Көппен көрген ұлы той» – өзіңнің туған халқыңа қарсы ғайбат айту емес еді. Жауыздықты жақтау емес еді. Жаңа-Өзен мен Шетпеден, Ақтаудан жеткен хабарларға қарап ашынасың, торығасың, ал Астана мен Алматының ресми ақпарат бетіндегі сұқытына қарап, мүлде түңіледі екенсің. Атақты ақын, алтынбай артист, пәленбай профессор, ең кереметі – күні кеше, Желтоқсан оқиғасы кезінің өзінде қаһарлы үкіметке туған халқының ашу-ыза, наразылығын қаймықпай айтқан Жазушылар одағындағы таңдама жиын... – түгелімен өз азаматтарын оққа байлаған өкімет пен партия (Назарбаев билігі мен «Нұр Отан») жағында. Ойбай, тыныштығымызға әреке келтірді, тәуелсіздік тойының шырқын бұзды деген реніш, кейіс, айыптау.
Алдыңғы Әбіш Кекілбайұлы мен Ғарифолла Есім де, кейінгі Нұрлан Оразалин мен Смағұл Елубай да (естуімше басқа бір жерде Фариза Оңғарсынова да) алаңға шыққан жастарды сөгеді, сонымен қатар ешқайсысы да «Неге оқ атылды?» деген сауал қоймайды. Айтпаса да анық аңдалып тұр – атқаны жөн, мұндай азғын лаңкестердің көзін құрту керек. Және манағы министр айтпақшы, тағы да қару қолданыла қалса, құба-құп.
Міне, осындай керемет. Төңірегі түгел сатып кеткен қорғансыз халық. Сөзін сөйлемек азаматтарымыздың сиқы осындай.
Нақты саны қанша екенін білмеймін, менің адамшылығы жоғары, намысы зор, тек қана әділдік аңсаған, адал, қыршын балаларым мезгіліне жетпей, көктей қиылды. Шәйіт деп көңіл жұбатамыз. Ендігі бір жұбаныш – қайран дүние жарқ етті де өшті, бар азаптан құтылды, оларға ендігі өсек-ғайбаттың да, марапат, мадақтың да керегі жоқ. Оны айтасыз, тірі қалғандар қызығатындай жерге кетті. Тірі болғанда, тұтқынға алынып, адамның қолынан азап шегіп жатқандар. Еркін ақпарат құралдары арқылы Батыс әлеміне жетіп тұрған шынайы мағлұматтарға қарағанда, бұл балалардың көрмей жатқан сұмдығы жоқ. Ұрады, соғады, жанын қинайды, бәлкім кейбірін тепкілеп өлтіріп те жатыр. Жаңа-Өзендегі Ішкі істер басқармасының едені тұрыпты, қабырғасына дейін қызыл қан. Ресейлік «Коммерсанть» газетінің тілшісі Владимир Соловьевтің айтуынша, жас жігіттерді ұрып-соғу оның көз алдында да тоқталмаған. Және... азаптаушы жендеттер қазақ емес, славян текті деп атап көрсетеді (19.12.2011).
Әлбетте, мәселе нәсіл-текте емес, болмыс-бітімде. Күні кеше ғана Мәскеуде орыс ағайындар Қазақ елшілігінің алдына келіп, наразылық акциясын өткізді, марқұм болған кісілердің рухына бағыштап гүл шоқтарын қойды, өздерінің реніш, пайымдарын айтты. Дегенмен, жаңағы – назар аударарлық жағдай. Бұл жендеттер басқа бір республикадан келді ме, әлде жұрт айтып жүргендей Қарағандыдан іріктеліп алынды ма – қайткенде де осы арада жаңа бір пәлекетке түрткі болатын зәндем саясат жатыр. Біздің сүйікті өкіметіміз (қазір «билік» дейтін болыпты) жаны қысылып бара жатса, көшедегі екі масты төбелестіріп, немесе өздері-ақ араласып, басқа бір өртті тұтатып жіберуден тайынбайды. Әр тараптағы ақпарат құралдарында ұлт мәселесі де алаңдаушылық туғызып жатқаны кездейсоқ емес.
Өлгендер – кетті, тұтқындағылар – отыр. Жаңа-Өзенге, Ақтауға сыймай, басқа қалаларға әкетіп жатыр дейді ұзынқұлақ. Қайткенде де түрме ғой. Біздегі тергеу тәсілі белгілі. Жазықты-жазықсыз балаларымыздың азабы жеңілірек болсын, амандықта қалсын дегеннен басқа тілеу, шарамыз жоқ. Осы орайда тағы бір сұмдықтың шеті қылтияды. Жаңа-Өзенде ізім-қайым жоғалу оқиғалары кеңінен орын алып отырған көрінеді. Өлі, тірісін ешкім білмейді. Тіпті, атыс пен шабыстан соң, жай ғана үйінен шыққан бетте жоғалу бар. Қанша кісіні тыныш жатқан жерінен суырып әкетіп жатыр – оның есебі тағы белгісіз. Хабарсыз жоғалғандардың ішінде кешегі қасап қырғын кезінде қаза тапқандар болуы да мүмкін. Ресми есепте өліктің саны он бестен аспай отыр ғой. Ендеше бейресми шәйіттердің сол беті жоғалуы ғажап емес.
Халқымыздың басына осыншама қасірет түскен бүгінгі күні не айтамыз...
«Тәуелсіздік мерекесінің шырқын бұзды!..» дейді ғой. Шын тәуелсіздік күні алда. Сол кезде шындап тойлаймыз.
Бұрын да бастан өткен жағдай. Осыдан тура 25 жыл бұрын, айы мен күніне, тіпті, сағатына дейін сәйкес келген Желтоқсан. Онда... Совет өкіметі еді ғой. Компартияның күн көсемдері билеген. Ал қазір Егемен... Тәуелсіз... емес. Ол рас, де-юре – қағаз жүзінде тәуелсіздік алдыңыз, алайда де-факто – іс жүзінде бәрі баз-баяғы қалпында. Керек десеңіз, бұрнағыдан да сорақы. Желтоқсанда Совет өкіметі жастарға қарсы оқ атпап еді ғой, иә, айрықша қаталдықпен жаныштады, сапер күрекпен, рәзеңке тоқпақпен ұрды, тепкілеп, төмпештеп те жатты, бірақ қалың жұртқа оқ жаудырған жоқ. Ал қазіргі – Совет Одағының ыдырауының нәтижесінде еріксізден, ең соңынан дербестік жариялаған Қазақстан өкіметінің басында қалған байырғы қызылдар Жаңа-Өзенде қарусыз халықты қойдай қырды. Және өзімнің бар ісім дұрыс деп, бас көтерсеңдер, қит етсеңдер тағы да атамын деп, қоқаңдап отыр. Бүгінде Жаңа-Өзеннің не болғанын білмейміз. Ақтаудағы мыңдаған ереуілшіні мылтықтың оқпанын тіреп, әрең ұстап отыр. Басы бұла жұртты қорқытып-үркіту, өлгендердің аруағына тіл тигізу, тұтқындарды азаптау әлі жүріп жатыр. Бұдан артық қандай қызық керек?
Ендеше, бүгінгі Қазақстан – қазақ халқының өзіндік мемлекеті емес, билік басындағы барлық әкім-қара – ең үлкен Жармағынан бастап, ең кіші жандайшабына дейін – қазақ халқының өз өкіметі емес, керек десеңіз, қазақстандық халықтың да өкіметі емес. Мұны мына мен айтып отырғам жоқ, қазірде аз-маз көзі ашық, саңылаулы санасы бар кез-келген адамға белгілі жағдаят. Баяғыда, жалғыз-ақ күнде бүкіл қазақ Совет саясатының қыр-сырын ұғынып еді. Жаңа-Өзендегі қасап қырғын одан асып түсті.
«Тәуелсіздік мерекесінің шырқын бұзды!..» дейді ғой. Шын тәуелсіздік күні алда. Сол кезде шындап тойлаймыз. Бүгінгі жасөспірім балаларым тұрыпты, жетпістің ішіне кірген менің өзім осыған сенем.
Бір пара сөзіміз осымен тәмам. Айтарымыз көп еді, соның аз ғана бір бөлшегін сыртқа шығардық.
Ең соңғы лепес – халқына қарсы оқ атқан қылмыскерлер өздерінің жеке басын қауіпсіз сезінеді екен. Алдамшы қиял. Аз ба, көп пе уақыт өткенде бәрі де тергеледі, бәрі де әділ заң алдында жауап береді.
(Бұл жазбаның авторы Азаттық радиосы қызметкерінің туысы болғандықтан материалды жариялау туралы шешімді Азат Еуропа/Азаттық Радиосы корпорациясының редакторлар кеңесі қабылдады).