Компартия мүшелерін қайта санауды тоқтата алмады

Ленин ескерткіші жанында тұрған Коммунистік партия мүшелері. Алматы, 7 қараша 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Әділет министрлігі оппозициялық Қазақстан компартиясы мүшелерінің санын тексеріп жатыр. Партия басшылығы мұны биліктің партияны «біржола» жабуға тырысу әрекеті деп санайды.

Қарашаның аяғында партия мүшелерінің санын тексеруге қатысты әділет министрлігінің талап-арызы бойынша өткен сотта оппозициялық Қазақстан коммунистік партиясының (ҚКП) Астана және Алматы қалалық филиалдары жеңіліп қалды. Бұдан ертеректе Орал қалалық соты ҚКП аймақтық филиалының дәл осындай талап-арызын қараудан бас тартқан болатын.

Осы тұста компартияның бірінші басшысы ауысып, Ғазиз Алдамжаровтың орнына Төлеубек Махыжанов біржола келді.

ӘДІЛЕТ МИНИСТРІНІҢ БҰЙРЫҒЫ

Оппозициялық партияның келешек тағдырына қатысты күмән тудыратын оқиғалардың жаңа кезеңі ерте күзде басталған. Қыркүйекте ҚКП аймақтық ұйымдарының кейбір басшылары мен белсенділері бірінен кейін бірі партия басшылығын ашық сынап, партиядан шығатындарынмәлімдей бастады. ҚКП-ның бірнеше аймақтық бөлімшелері басшылары партия мүшелерінің санын тексеруді сұрап, әділет министрлігіне шағым жолдаған.

- Бәрі бір мезгілде қарсы шыққаны аздай, олар әділет министрлігіне жазған шағымдарын бір-бірінен көшіре салған. Ал қазақ тілінде жазылған бір арызда орыс тіліндегі арыздардың мәтінінің мазмұны қайталанған, - дейді компартияның жаңа басшысы Төлеубек Махыжанов.

Бәрі бір мезгілде қарсы шыққаны аздай, әділет министрлігіне жазған шағымдарын бір-бірінен көшіре салған. Ал қазақ тілінде жазылған бір арызда орыс тіліндегі арыз мәтінінің мазмұны қайталанған.

Махыжанов «Бұл – саяси тапсырыс, мына тексеру - кезектен тыс парламент сайлауы өтпек деген болжам жасалып жатқан тұста партияны жабудың немесе жұмысын ақсатудың амалы. Мұндай әрекет 2012 жылы, алдыңғы парламент сайлауы кезінде де болған. Ол кезде билік ойдан шығарылған айыптармен оппозициялық компартия қызметін уақытша тоқтатып тастаған» деп болжайды.

Компартия мүшелерінің санын тексеру әділет министрі Берік Имашевтің бұйрығы және оның ішкі істер министрлігіне тапсырмасы негізінде жүргізіліп жатыр. Әділет министрлігінің тіркеу қызметі департаменті директоры Бақыт Әбішев ҚКП мүшелерінің санын тексерудің әлдебір саяси астары жоқ екенін айтады.

- ҚКП-ның бес аймақтық бөлімшесінен шағым түсті. Ішінде алауыздық болып жатқан партия дұрыс жұмыс істемейді, адам саны сәйкес келмейді. Партия мүшелерінен «Партия мүлде жұмыс істемейді. Тексеріңдерші. Қағаз жүзінде ғана бармыз» дегенмәлімдемелер түскен, - дейді Бақыт Әбішев.

ЖІК ШЫҚҚАНДА БАСШЫЛЫҚ АУЫСТЫ

Жаппай тексеріс болып жатқан тұста оппозициялық партияның бірінші басшысы ауысқаны да онша еленбей қалды. Ғазиз Алдамжаровтың орнына бұрын партияның Семей қалалық комитетін басқарған Төлеубек Махыжанов келді.

ҚКП-ның бұрынғы төрағасы Ғазиз Алдмажаров.

Ғазиз Алдамжаров денсаулық жағдайына байланысты партияның бірінші хатшысы қызметінен босату туралы өтінішті мамырдың 31-і күні берген. Ол кезде партия бюросы шешім қабылдауды кейінге қалдырған. Күзде Алдамжаровтың тағы бір өтінішінен кейін ақыры шешім қабылданған.

- Шешім қарашаның 16-сі күні Алматыда өткен партия бюросының кеңейтілген отырысында қабылданды. Оған Ғазиз Қамашұлы қатысты. Бюро мүшелерінің кейбірі, мысалы оралдық Василий Иванович Шамин отырысқа скайп арқылы қатысты. Ғазиз Қамашұлының өтініші қанағаттандырылды. Партияға қысым күшейген соңғы жылдардағы оқиғалар Ғазиз Қамашұлының денсаулығына зардап келтіргенін дәрігер ретінде айта аламын, - дейді ҚКП-ның жаңа бірінші хатшысы Төлеубек Махыжанов.

Ғазиз Алдамжаровтың өзімен хабарласу мүмкін болмады.

АЙМАҚТАРДАҒЫ ПРОЦЕСС

Ал қазір партия жетекшілерінің аузынан «сатқын», «құпия сөз байласу» сияқты бір-бірін айыптаған сөздер шығып жатыр. Азаттықпен телефон арқылы сөйлескен ҚКП-ның Ақтөбе облыстық комитетінің бұрынғы хатшысы Жолдас Ерекенов бұрынғы серіктерінің «партияны сатып кетті» деген айыптауын мойындамайды.

— Керісінше, партияның нағыз патриоты менмін, - дейді Жолдас Ерекенов.

Облыстық филиалдың бұрынғы жетекшісі «Партия белсенді жұмыс істеп жатыр, мүшелері көп деп көлгірсіп, жоқты бар деп көрсету - ұят нәрсе. ҚКП-ның Ақтөбе облыстық ұйымының шындығында 20-30 ғана мүшесі бар, ал қағаз жүзінде тіркелген мыңдаған мүшесі - «өлі жандар». Шындықты айту үшін батыл да адал, әрі партиялық патриотизм таныту керек, басшылықтың оның беделін қалай түсіргенін көріп отырғанша, партияның дер кезінде жабылғаны дұрыс» дейді.

Партияның Алматы, Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы аймақтық басшылары мен бірқатар партия белсенділері де осы сарында мәлімдеме жасаған.

ПАРТИЯ КЕЛЕШЕГІ

Белгілі саясаткерлердің оппозициялық компартиядағы ахуалға қатысты реакциясы әрқилы. Құқық қорғаушы Рамазан Есіркепов әділет министрі оппозициялық компартия мүшелерін санын тексеру туралы заңсыз бұйрық шығарған әрі партия қызметін тексеруді ішкі істер министрлігіне заңсыз тапсырған деп санайды.

Құқық қорғаушы Рамазан Есіркепов.

- Бұл - мемлекеттік органдарға тән шаруа емес. Оның үстіне, әлгі бұйрық конституцияға қайшы, - дейді құқық қорғаушы.

Президентшіл Қазақстанның коммунистік халық партиясының (ҚКХП) бұрынғы жетекшісі, парламент депутаты Владислав Косаревтің айтуынша, оппозициялық ҚКП жетекшілері «партияның түбіне жеткен».

- «Әлін білмеген әлек» деген осы, - дейді Владислав Косарев.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) бұрынғы бас хатшысы Әміржан Қосанов билік ҚКП мүшелерінің санын тексеру арқылы оның қызметіне бөгет жасап қана қоймай, елдегі барлық оппозициялық партиялардан құтылуды көздейді.

- Алда билік үшін өте маңызды кезең келе жатыр. Яғни саяси жүйе (парламент, партиялар) Назарбаев билігінен кейінгі кезеңді заңдастыруы тиіс. Ал Ақорда жазған бұл сценарийде ҚКП сияқты ұнамсыз партияларға орын жоқ, - дейді Әміржан Қосанов.

Қазақстан коммунистік партиясын 1996 жылы құрылған сәттен бастап 2010 жылға дейін жоғарғы кеңестің бұрынғы төрағасы Серікболсын Әбділдин басқарған. 2004 жылы партия жікке бөлініп, Владислав Косарев бастаған топ президентшіл Қазақстанның коммунистік халық партиясын құрған.

2004 жылғы сайлауда парламенттен орын тимеген оппозициялық ҚКП 2007 жылы парламент сайлауына қатысудан бас тартқан. 2012 жылғы парламент сайлауы қарсаңында сот ҚКП қызметіне алты айға тыйым салған.