Қаңтардың 12-сі күні ақпарат құралдары «Алматы қалалық мамандандырылған экономикалық соты 2014 жылы желтоқсанның 25-інде Қазақстан коммунистік партиясының жұмысын үш айға тоқтатқан» деп хабарлады.
Бұл хабарды Азаттық тілшісіне Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Гүлнар Мейіржанова да растады. Ол «мәселенің мән-жайын коммунистік партия жетекшілігінен сұраған жөн» екенін айтты. Бірақ Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі Төлеубек Махыжанов «сот шешімі бойынша ешқандай ақпарат пікір айтуға болмайтынын, егер пікір айтса партияны жауып тастайтынын» мәлімдеп, жауап беруден бас тартты.
«БҰЛ – БИЛІКТІҢ ҚЫСЫМЫ»
Соттың партия қызметін үш айға тоқтату себебін Азаттық тілшісіне Қазақстан коммунистік партиясы Алматы қалалық комитетінің хатшысы Көпбосын Панзабеков түсіндірді.
– Сот шешімі бойынша коммунистік партия өз мүшелерінің санын үш ай ішінде қайтадан нақтылап, тізімін тапсыруы тиіс. Компартия жұмысын тоқтату туралы сот шешімі партия төрағасы Төлеубек Махыжановқа электронды поштамен жіберілген, – деді Көпбосын Панзабеков.
Ол компартияның қанша мүшесі бар екенін білмейтінін, үш ай ішінде сот шешімін орындау өте қиын екенін айтады. Көпбосын Панзабековтің сөзінше, коммунистік партияның орталығы да, офисі де, бірінші хатшының орынбасарлары да жоқ, партия мүшелерінің қатары да егде тартып бара жатыр.
– Былтыр күзде партияның бұрынғы төрағасы Ғазиз Алдамжаров денсаулығы жарамай қызметтен кеткенде партия жетекшілігін табыстайтын тәжірибелі адам таба алмадық. Мені де ұсынған. Бірақ жасым 79-ға келді. Мен де шаршадым әбден. Біздің партиядағылардың бәрі шалдар ғой. Бәрі шаршады, жастар жоқ, – дейді Қазақстан коммунистік партиясы Алматы қалалық комитетінің хатшысы Көпбосын Панзабеков.
Ол «билік шындықты ашық айтатын жалғыз партияға – коммунистік партияға қысым жасап отыр, бұл – сайлау алдында қайталанатын әдет» деп біледі.
«ПАРТИЯНЫҢ ӨЗІ ДЕ АЙЫПТЫ»
Былтыр желтоқсан айына дейін коммунистік партияның ұйымдастыру бөлімінің бастығы қызметін атқарған, қазір өзін партия жұмысынан аулақ кеткен адам ретінде таныстырған Владимир Косяченко Көпбосын Панзабековтің пікірімен – «бұл – биліктің қысымы» деген сөзбен келіспейді.
– Партияның бірнеше облыстық комитеттерінің ұсынысынан кейін ғана әділет министрлігі партияны тексеру жөнінде шешім қабылдады. Сондықтан биліктікі дұрыс емес дей алмаймын, – дейді ол.
Былтыр күзде баспасөз мәслихатын өткізіп, «сырқатқа шалдыққан компартияны қайта құру қажет» деп мәлімдеген Владимир Косяченко партия жұмысының уақытша тоқтатылуына ұйымның өзі айыпты деп біледі.
– Жергілікті жерлерде партия мүшелері жоқ деуге болады. Партия тізімінде тұрғандардың көбі Ресейге, тағы да басқа елдерге кетіп қалды, біразы қайтыс болды. Қалған мүшелерінің жастары 70-тен асып 90-ға келді. Заң талабын орындау үшін партия қатарына кем дегенде 30 мың адам тарту керек. Үш ай ішінде оны кім істейді. Үш ай мерзім біткен соң наурыздың 25-інде сот компартияны жабу жөнінде шешім қабылдайтыны анық, – дейді Владимир Косяченко.
МҮШЕЛЕР НАРАЗЫЛЫҒЫ МЕН БӨЛІМШЕЛЕР ТАЛАБЫНАН СОҢ
Оппозициялық Қазақстан коммунистік партиясына қатысты түрлі мәлімдемелер 2014 жылы күзден бастап айтыла бастаған еді. Ұйымның бірнеше мүшесі «партияның ауруға шалдыққанын бұдан әрі жасыруға болмайтынын, компартия мүшелерінің санын ешкім білмейтінін» мәлімдеген.
Партияның бірнеше аймақтық бөлімшелері басшылары партия мүшелерінің санын тексеруді сұрап, әділет министрлігіне шағым жолдаған. Артынша Қазақстанның бірнеше облысындағы компартия бөлімшелері тексеруге іліккен. Әділет министрлігінің тіркеу қызметі департаменті «Қазақстан коммунистік партиясы мүшелерінің санын тексерудің әлдебір саяси астары жоқ» екенін, бұл іске партияның бес аймақтық бөлімшесінен «өз мүшелерінің санын тексеру жөнінде» шағым түсуі себепкер болғанын айтқан.
1996 жылы құрылып, 2003 жылы қайта тіркеуден өткен Қазақстан коммунистік партиясына оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин жетекшілік еткен. 1999 жылы өткен парламент сайлауында партия мәжілістен екі орнын иеленген. 2004 жылы партия екіге жарылып, Косарев бастаған бір топ азамат Қазақстан халықтық коммунистік партиясын құрған. Ал Қазақстан коммунистік партиясы 2004 жылғы парламент сайлауында орынсыз қалып, 2007 жылғы сайлауға қатысудан бас тартқан.
2012 жылғы парламент сайлауы қарсаңында Қазақстан коммунистік партиясының қызметіне 6 айлық тыйым салынып, Косарев бастаған Қазақстан халықтық коммунистік партиясы мәжілістің 7 депутаттық орнын иеленген.
2010 жылы Серікболсын Әбділдин өз еркімен Қазақстан коммунистік партиясы жетекшілігінен бас тартып, орнына Ғазиз Алдамжаровты ұсынған еді. 2014 жылы Алдамжаров денсаулық жағдайына байланысты уақытша қызметтен кетіп, жетекшілікті Төлеубек Махыжановқа тапсырған.