Конституцияда тосын түзетулер де бар

Жерлерінен айыруға қарсы тұрғындар конституциядан цитата жазылған баннер ұстап тұр. Астана, 28 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан конституциясының жаңа редакциясын күткен көпшілік түзетулердің өздері ойлағаннан көп екенін байқады. Олардың біразын алдын ала болжады, енді бірі тосын болды.

Елдегі тұрақты президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі енді конституцияда да атап көрсетілген. «Казахстанская правда» газеті наурыздың 14-і күні «Қазақстан Республикасының конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды жариялады. Парламент наурыздың 6-сы күні қабылдаған конституцияның жаңа нұсқасы жарияланған күні күшіне енді.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖЕКЕ МӘРТЕБЕСІ

Азаттықтың сұрағына жауап берген сарапшылар «Конституцияға қазір енгізілетін түзетулердің ішінде ең маңыздысы не?» деген сауалға қатысты әртүрлі пікір айтты. Әлеуметтік желілерде танымал адвокат Жохар Өтебеков конституцияның 91-бабына енгізілген толықтыруға сүйеніп, «түзетудегі ең маңыздысы – ел президентінің мәртебесін бекіту» деді.

91-баптың 2-тармағының жаңа редакциясында: «Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді» деп берілген. Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басы аталған қосымша ел президенті туралы бөлімнен тыс орналасқан.

Ескі редакциясында бұл тармақ: «Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, Республиканы басқару нысаны өзгермейді» деп тұрған еді.

Адвокат Жохар Өтебеков.

– Бұл өзгеріс конституцияға бірінші президенттің құқығын әлсірететін өзгерістерді енгізуге тыйым салады. Оның кепілдіктері туралы оған арналғанконституциялық заңның күшін жою мүмкін болмайды, – дейді Жохар Өтебеков.

Мәжіліс депутаты Серік Сейдуманов түзетудегі басты мәселе – парламенттің мәртебесін мемлекеттік өкілдік органы ретінде көтергені, оның заңды билікке ие болғаны деп санайды. Парламент туралы 49-баптың 1-тармағында жаңа редакцияда: «Парламент – Қазақстан Республикасының заң шығару билігiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы» деп жазылды. Бұрынғы нұсқасы: «Қазақстан Республикасының Парламенті — заң шығару функцияларын жүзеге асыратын Республиканың ең жоғарғы өкілді органы» болатын.

Оған қоса, Сейдумановтың айтуынша, парламенттің өкілеттігі айтарлықтай кеңейтілген және сонымен қатар үкіметтің парламент алдындағы жауапкершілігі күшейтілген. Конституцияның 70-бабының 1-тармағындағы жаңа редакциясы: «Үкімет жаңадан сайланған Республика Парламенті Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғарады» деп тұр, ал бұрын үкімет «жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президенті алдында өз өкілеттігін доғарады» болатын.

Депутат Серік Сейдуманов.

Алайда Қазақстаннан тыс аумақта қуғында жүрген оппозициялық саясаткер Ержан Досмұхамедов бұған келіспейді. Ол конституциядағы үкімет туралы бөлімнің 44-бабының 3-тармақшасына енгізілген жаңа редакция туралы: «Бұрын парламенттің әр палатасы депутаттардың жалпы дауысының басым көбі арқылы үкімет мүшесін орнынан алу туралы президентке ұсыныс жасай алса, енді оны тек үштен екіден кем емес дауыспен ғана өткізе алады. Яғни үкімет мүшесі заңды орындамаған жағдайда оны орнынан алу күрделі парламенттік рәсімге айналады» деді.

Құқықтанушы профессор Әлипаша Қараев парламентте формалды жазылған құқықтардың бұрын да жеткілікті болғанын айтады. Оның пікірінше ең бастысы – парламент бұрын өз құқықтарын толық қолдана алмаған, қазір де олай істей алмайды (қазір кеңейтілген түрде), себебі бір партиядағы адамдардан құралған. Парламент өкілдері бұрыннан бері биліктегі «Нұр Отан» партиясының мүшелерінен сайланады.

АЗАМАТТЫҚ ЖӘНЕ АСТАНА

Сарапшылардың бірқатары конституцияның 10-бабының 2-тармағындағы азаматтықтан айыру туралы қосымшаны елеулі санайды: «Республиканың азаматын азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыстар жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана жол беріледі».

Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерісті билік «террористер» мен саяси қарсыластарына қарсы қолдануы мүмкін.

Бұрынғы редакцияда бұндай азаматтықтан айыру мүмкіндігі мүлдем болмайтын. «Республиканың азаматын ешбір жағдайда азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды» деп жазылған еді.

Сарапшылар конституцияда ел астанасының заңды мәртебесі күшейтілгенін айтады. Конституцияның 2-бабының 3-1-тармақшасында: «Астана қаласының шегінде конституциялық заңға сәйкес қаржы саласында ерекше құқықтық режим белгіленуі мүмкін» деп тұр.

Оппозициялық саясаткер Ержан Досмұхамедов. Прага, 23 мамыр 2011 жыл.

Оппозициялық саясаткер Ержан Досмұхамедов конституциядағы Астанаға қатысты түзету «белгілі бір компаниялар мен коммерциялық келісімдерді қазақстандық соттың құзыретінен шығарып, болашақта оларға қосымша халықаралық-құқықтық кепілдіктер мен дербес құқықтық беру үшін жасалып отыр» дейді.

26-БАП

Билік «Қазақстан Республикасының азаматтары» деген тіркесті «әркім» деген сөзбен ауыстырғысы келген еді, бірақ ол қоғамда үлкен шу тудырды. «Билік жерді шетелдіктерге сатуды заңдастырмақ» деп санағандар көп болды. Мәжіліс депутаты Ахмед Мурадов конституцияның 26-бабының 1-тармағын өзгертуді талап етпеген президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімі дұрыс болды дейді.

Конституция «Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады» деген қалпында қалды. Мурадовтың айтуынша, қазіргі кезде жағдайды шиеленістірудің керегі жоқ, себебі қоғам бұл тармақты өзгерткеннен еш қауіп жоғын түсінбейді.

Алайда Ахмед Мурадов президент Назарбаевтың болашақта 26-бапты өзгертсем деген ниетін құптайды: «Жерді ешкім қолынан жасаған жоқ. Алла берді, біз ол жерде тудық. Оны қараусыз қалдыру – қылмыс. Сондықтан ол [президент Назарбаев] бұл мәселені әлі де зерттейміз деді. Бірақ менің ойымша, Қазақстанда жерге қатысты асығыс шешім қабылданбайды немесе ойсыз әрекеттер жасалмайды» дейді ол.

Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин конституцияның 26-бабын өзгертуге қарсы. Оның айтуынша, осы өзгерістің арқасында шетелдіктер (әсіресе, Қытай) алдында несиеге батқан президент Назарбаев қоғамның кейбір бөлігіне тән үрейге беріліп, жермен есептеспек болуы мүмкін.

Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 30 маусым 2016 жыл.

«Сондықтан қазақстандық қоғам сақ болуға тиіс, себебі президент Назарбаев болашақта міндетті түрде бапты өзгертуге тырысады» дейді саясаткер.

Билік оппозициялық саясаткердің бұндай пікіріне келіспейді.

Құқық қорғаушы Олеся Халабузарь конституцияның 26-бабына өзгеріс енгізуді үлкен мәселе санамайды, себебі демократиялық қоғамда нарық еркіндігі болуы керек дейді. Оның уәжінше, шетелде тұратын Қазақстан азаматтарының жер телімдері бар, демек Қазақстандағы шетелдіктердің де сондай құқықтары болуы керек. Бірақ ол билікті «патриот емес» деп айыптайды, «билік ең алдымен жерді Қазақстан азаматтарына сатуы керек, бірақ олай істемей отыр» дейді. Тұрғын үй салу үшін әр адамға 10 сотық жер беру туралы уәде жайына қалды дейді ол.

Қазақстанның қазіргі конституциясы 1995 жылы жалпыұлттық референдумда қабылданды. Оған бірнеше рет қазіргідей парламент деңгейінде, референдумсыз өзгерістер енгізілген.​

Мақаланы орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.