Азаматтықтан айыру мәселесі дауға ұласты

Қазақстан азаматы паспортының мұқабасы.

Қазақстан конституциясына енгізілген азаматтықтан айыру туралы түзетуге қатысты «Мемлекеттің өз азаматтарынан бас тартуға құқығы бар ма?» деген тәрізді көптеген сауал туды. Тәуелсіз сарапшылар түзетуге негізінен теріс баға береді.

Наурыздың 6-сы күні парламент қабылдаған конституциялық түзетулерде Қазақстан азаматтығынан айыру мүмкіндігі туралы новелла пайда болды. Наурыздың 3-і күні парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында президент әкімшілігі жетекшісі Әділбек Жақсыбеков таныстырған заң жобасында мұндай ұсыныс болмаған. Сол күні заң жобасын талқылау кезінде сенат депутаты Гергий Ким осы мәселеге қатысты аяқ астынан ұсыныс жасады.

Ол кезде Георгий Ким: «Конституцияның 10-бабының 2-тармағын «Республика азаматын азаматтығынан, айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тысқары жерге аластауға болмайды. Азаматтықтан айыруға террорлық қылмыстар жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана жол беріледі» деп түзетуді ұсынамын» деген.

Қазақстан парламентінің қос палатасы конституциялық реформалар заң жобасын қарап отыр. Астана, 6 наурыз 2017 жыл.

Депутаттың азаматтықтан айыру мүмкіндігі туралы әлгі ұсынысы констиуцияның жаңа редакциясына сөзбе-сөз енгізілген. Конституцияның бұрынғы редакциясында қазақстандықты азаматтықтан айыру және оны мемелкет аумағынан қуудың кез-келген мүмкіндігі мүлде болмаған.

АЗАМАТТЫҚТАН АЙЫРУДЫ ҚОЛДАЙТЫНДАР МЕН ҚАРСЫЛАР

Георгий Ким әлгі ұсынысы терроризм қатерінің өршуіне тосқауыл қоюы мүмкін деп түсіндірген. Бұған қоса ол азаматтықтан сот шешімімен ғана айыруға болатынына назар аударған. Оның сөзінше, әлгі ұсынысында «нақты байланыс пен еліне деген адалдық міндеттемесінің бұзылуы» ескерілген.

Қазақстандағы адам құқығы бюросы директорының орынбасары Денис Дживага заң шығарушылар елден кетіп, террористік топтар қатарында соғысқан азаматтарды Қазақстаннан осындай амалмен аластауға тырысатын шығар дейді. Бірақ Дживаганың айтуынша, оларды азаматтықтан айыратын сот та сырттай өтуі тиіс. Сарапшының пікірінше, мемлекет қазақстандықтың әуелі елге оралғанын күтіп, содан кейін оны соттап, азаматтықтан айырады деп елестету қиын.

Қазақстандағы адам құқығы бюросы директорының орынбасары Денис Дживага.

– Ал сосын не болады? Оны азаматтығы жоқ тұлға ретінде Қазақстанда қалдыра ма? Осы жағы проблема болады. Әлде оны ел территориясынан қуып шыға ма? Бірақ оны кім қабылдайды? Ол саяси босқын емес, терроризм айыбымен сотталған адам. Ал ондай терроршы кімге керек болады? – деп сұрайды Денис Дживага.

Бұған қоса сарапшы тіпті қазақстандықтың шетелде террорлық топтар қатарында соғысқаны анықталып, оның сотын сырттай өткізсе де, кінәсіздік презумпциясы сақталатынына кепілдік болмайды деп санайды.

Құқық қорғаушы сот қазақстандықтың ел территориясында «террорлық қылмыстар» жасағаны немесе Қазақстанның «өмірлік маңызды мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргенін» анықтаған жағдай тіпті түсініксіз деп санайды. Бұл жағдайда сот адамды азаматтықтан айыра ала ма, ал айырса, оны елден қуып шыға ма әлде елде қалдыра ма – бұл жағы түсініксіз.

ОППОЗИЦИЯҒА ҚАРСЫ ТҮЗЕТУ

Денис Дживаганың айтуынша, сырттай өтетін сотты «республиканың өмірлік маңызды мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін» азаматтықтан айыру мүмкіндігімен ұштастыру іс жүзінде режимнің саяси қарсыластарын сот арқылы жазалауға ұласуы мүмкін. Оның пікірінше, конституцияға енген осы новелла мен оның ісі бойынша Алматыда өтуі тиіс сырттай сот тұрғысынан алғанда, өзін Нұрсұлтан Назарбаев режимінің бітіспес қарсыласы санайтын БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов тұлғасы ерекше болмақ.

Қазақстан соты екі мәрте, оның ішінде «мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді» деген айып бойынша сырттай соттаған ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев өз еркімен Қазақстаннан тысқары жерде қуғында жүр. Ол әлі күнге дейін Қазақстан азаматы екенін айтады.

ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев. Вена, 14 сәуір 2015 жыл.

– Маған конституцияның 10-бабына енген түзету нормасы қолданылатын тәрізді. Бірақ мен халықаралық іздеуде жүрген кезде Алматы қаласында маған төлқұжат берілгенін соттың не деп түсіндіретіні – нонсенс. Ал мемлекеттік төңкеріс әрекетіне қатысты 2008 жылы қабылданған шешімнен кейін расталған азаматтығын қалай тартып алады. Мен мұны да түсінбеймін, – дейді Әлнұр Мұсаев.

Қазақстаннан тысқары жерлерде еркімен қуғында жүрген, бірақ сотталмаған оппозициялық саясаткер Ержан Досмұхамедов конституцияға енген әлгі новелланы репрессивті сипатта болады, өйткені оның «Қазақстан Республикасының өмірлік маңызды мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін» азаматтықтан айыру нормасы бұлыңғыр деп біледі. Досмұхамедовтің сөзінше, мұндай жалпылама тіркес қазіргі режимге өзінің саяси қарсыластарын «қудалап», оларды «жоюға» мүмкіндік беруі мүмкін.

Қазақстан азаматтығынан айыруға болатын конституциялық негіздемелердің бұлыңғырлығы кей құқық қорғаушылар мен оппозициялық саясаткерлерден өзге жұртты да ойландырады. Наурыздың 13-і күні Астанадағы брифинг кезінде сенат депутаты Дархан Қалетаевқа ««республиканың өмірлік маңызды мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіру» деген тіркесті нақты қалай түсінуге болады деген сұрақ қойылған. Депутат конституцияға бұрынғы тіркестен нақтырақ етіп жазбау керек еді деп жауап берген. Ал тіркесті «мемлекетке опасыздық жасау» және «елге зиян келтіру мәселелері» деп түсіну керек деген.

ТЕРРОРШЫ МА ӘЛДЕ АЗАМАТ ПА?

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) жетекшісі Жармахан Тұяқбай заңдарды парламент арқылы қабылдау технологияларын бұрынғы бас прокурор әрі бұрынғы мәжіліс спикері ретінде өз тәжірибесінен біледі. Ол конституцияға енгізілген азаматтықтан айыруға қатысты түзету өте елеулі түзету, сондықтан билік оны қоғам талқысына салмай парламент арқылы «жасырын» қабылдаған деп есептейді.

ЖСДП жетекшісі Жармахан Тұяқбай. Алматы, 19 қазан 2016 жыл.

– Азаматтық мәселесі – өте үлкен мәселе. Көп елдерде азаматтықтан айыруға мүлде тыйым салынған, – дейді Жармахан Тұяқбай.

ЖСДП жетекшісі Георгий Кимнің бастамасы кездейсоқ болуы мүмкін емес, ондай ұсыныс түсетінін президент Нұрсұлтан Назарбаев міндетті түрде білген деп санайды. Сондықтан Тұяқбай конституцияға мұндай маңызды түзетуді бүкілхалықтық талқыға салмай енгізуге толықтай президент жауапты деп мәлімдейді.

ҰҚК-нің отставкадағы полковнигі Арат Нарманбетовтің болжамынша, конституцияға азаматтықтан айыру туралы түзету енгізуге ең әуелі арнайы қызмет мүдделі. Олар шетелде террорлық ұйымдарға қосылған азаматтарды Қазақстаннан осындай амалмен аластаймыз деп үміттенеді. Нарманбетов мемлекеттің өз азаматтарынан бас тартуына болмайды, сондықтан әлгі түзетуді ұсынып, қабылдағандарда патриотизм жоқтығы да түзетудің кемшілігі деп біледі.

– Оларды Қазақстанға қайта әкеліп, қайта тәрбиелеу керек. Егер олар Қазақстанға керек болмаса, өзге кімге керек болады? – дейді ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері.

Қазақстан конституциясы макетінің жанында тұрған әскери қызметкер. Алматы, 30 тамыз 2014 жыл.

Азаматтықтан айыру новелласына қатысты жағдайға мәжіліс депутаты Ахмед Мурадов комментарий берді. Ол Азаттыққа «мұндай заң бірінші рет қабылданды әрі болашаққа бағытталған» дейді.

– Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заң талқыланған кезде Қазақстаннан соғыс болып жатқан аймаққа кетіп, террорлық ұйымдарға қосылып, Қазақстаннан тысқары жерлерде қылмыс жасағандарды азаматтықтан айыру туралы түзету енгізілген. Осы мәселеге қатысты бізде азаматтықтан айыру керек пе әлде жоқ па деген пікір екіге жарылған. Егер айырсақ, қалай айыру керек деген мәселе көтерілген. Сондықтан «сот арқылы», яғни бүкіл процессуалдық нормаларды орындау үшін, адамның шетелде террорлық ұйымдарға жалданып, өзін елінен, өзінің азаматтығынан тыс қойғанын көрсету үшін дәл солай деп жазылған. Мұның бәрі осы қырынан қаралған, – дейді Ахмед Мурадов.

Былтыр ҰҚК парламентке «Қазақстан Респбликасының кей заң актілеріне экстремизм мен терроризм мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынған. Талқылау кезінде азаматтықтан айыру мәселесі де қозғалған. Бірақ ол кезде заң жобасы авторлары мен парламент депутаттары конституция азаматтықтан айыруға тыйым салатынын ескеріп, ішкі істер министрлігінде ресімдеуге болатын «азаматтығын жоғалту туралы» нормамен шектелген.

Заң жобасын парламент мақұлдап, заң 2017 жылғы қаңтарда күшіне енген. Конституцияға азаматтықтан айыру мүмкіндігі туралы түзетулер енгізілгеннен кейін кейбір (ең әуелі терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл және азаматтыққа қатысты) заң актілеріне тиісті өзгерістер енгізілуі тиіс. Наурыздың 13-і күні президент Нұрсұлтан Назарбаев тиісті жарлыққа қол қойған.