1986 жылдың 6 ақпанында Қазақстан компартиясының 16-съезі басталды. Сол жиында бірнеше делегат күтпеген жерден Дінмұхамед Қонаевты сынай жөнелді. Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, бұл істе Нұрсұлтан Назарбаев айрықша ынта танытқан.
Қазақстан компартиясының 16-съезінде Қазақ ССР министрлер кеңесінің 45 жастағы төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан коммунистік партиясы ОК бірінші хатшысы, жасы 74-тегі Дінмұхамед Қонаевқа қарсы шығып, бірінші хатшыны да, 16-съезд делегаттарын да есеңгіретіп тастады.
1985 жылы 55 жастағы Михаил Горбачев Совет одағы коммунистік партиясы (СОКП) Орталық комитетіне (ОК) бас хатшысы болды. Бұған дейінгі Леонид Брежнев, Юрий Андропов, Константин Черненко тәрізді қаусап отырған бас хатшылар айналасы үш жылдың ішінде бірінен соң бірі дүниеден өткен еді. Олармен салыстырғанда Горбачев анағұрлым жас көрінетін. Таққа отырысымен қайта құруды бастаған Горбачев ендігі жаңа жұмысты қартайған партия кадрлары атқара алмайды деп шешті.
Бірқатар сарапшылардың пікірінше, 1986 жылдың қаңтар айында СОКП ОК Дінмұхамед Қонаевты зейнет демалысына жіберу туралы шешімді пісірген.
НАЗАРБАЕВ ҚОНАЕВҚА ҚАРСЫ ШЫҚТЫ
1986 жылдың 6 ақпанында Қазақстан компартиясының 16-съезі басталды. Осы съезде Қазақ ССР министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кезде әлі тұғырдан тая қоймағандай көрінетін Дінмұхамед Қонаевқа қарсы шықты.
Осыдан бір ай бұрын, 1986 жылдың қаңтар айында Қазақстандағы КГБ төрағалығына Мәскеуден Виктор Мирошник жіберілген болатын. Мәселе
Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев, Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақ шеткі), СОКП ОК бас хатшысы Михаил Горбачев (оң жақ шеткі). Целиноград, 1985 жыл.
жылдың соңында шешілді: Алматы мен өзге де ірі қалаларда желтоқсан оқиғалары болды; генерал Мирошниктің өзі Қонаевты үйқамаққа алды. Ал бұның барлығы 1986 жылдың ақпан айында Нұрсұлтан Назарбаевтың күтпеген жерден Қонаевқа қарсы шығуынан басталды.Бірқатар сарапшылардың пікірінше, 1985 жылы Совет Одағында билікке Михаил Горбачев келген соң Қазақстандағы амбициялы жоғары дәрежелі шенеуніктер Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың дәурені өтіп бара жатқанын түсінді. Оған қоса Қонаевты орнынан түсіру үшін Мәскеу оларға дем беріп, итермеледі деген де пікірлер бар.
Ол кезде Қазақстандағы жоғары биліктен үш адам үміткер болатын. Олар: Зақаш Камалиденов – Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы, Еркін Әуелбеков – Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы және Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақ ССР министрлер кеңесінің төрағасы.
Қазақстан компартиясының сол съезінде жоғары биліктен үміткер үшеу де Дінмұхамед Қонаевқа қарсы шықты. Бұның қалай болғаны жайында 2009 жылдың 22 маусымында Азаттық радиосы ауқымды материал жариялаған.
Төменде біз осы съезде болған оқиғаға өзге бір басылым ауторының берген
Горбачев Қонаевқа қарсы қазақтың жоғары билігінен үміткерлердің бірі Назарбаевты пайдаланбақ болады. Назарбаев партия съезінің мінберінен Қонаевты «әшкерелеген» соң бұл сөз төңкеріске берілген белгі болуы керек еді.
«Қонаевтың өз еркімен кеткісі келмеді. Украинадағы Щербицкий сияқты ол да халықтың өзін қолдап отырғанын, сондықтан бұрынғысынша билікте отыра беретіндігін айтты. Бұдан соң Горбачев 1986 жылдың басында өтетін Қазақстан компартиясының съезінде оны орнынан алмақ болды», – деп жазады Лиза Бричкина.
Лиза Бричкинаның жазуынша, «Горбачев Қонаевқа қарсы қазақтың жоғары билігінен үміткерлердің бірі Назарбаевты пайдаланбақ болады. Назарбаев партия съезінің мінберінен Қонаевты «әшкерелеген» соң бұл сөз төңкеріске берілген белгі болуы керек еді».
«Назарбаев бұл іске жанын сала кірісті, – деп жазады Лиза Бричкина. – Съездің алғашқы күні-ақ ол күні кеше өзінің жебеушісі болған адамды республика экономикасын құлдыратты деп айыптады. Тіпті, сол кезде республика Ғылым академиясының президенті болып отырған Қонаевтың туған інісі Асқар Қонаевты маскүнем деп атады (Қонаев қызметтен кеткен соң да Назарбаев бұрынғы бастығына тыным берген жоқ. Ол бір жерден Қонаевтың ескі анкетасын тауып алды. Онда 1949 жылға дейін Қонаевтың ұлты татар деп жазылған екен)».
Лиза Бричкинаның жазуынша, «өзге делегаттар Назарбаевты қолдамаған».
«Кешкісін съезд отырыстарының арасында Қазақстан компартиясы ОК ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Сұлтанов Қонаевтың тапсырмасымен біраз жұмыстар жүргізіп, съездің келесі күні мүлдем бөлекше әңгімелер айтыла бастады. Қонаевты мақтаушылар оның аяғын жерге тигізген жоқ. Төңкеріс жасау әрекеті іске аспай, съезд Қонаевты Қазақстан коммунистік партиясы (КП) ОК бірінші хатшылығына бір ауыздан қайта сайлады. Әңгіменің ауаны қайда кетіп бара жатқанын түсінген Назарбаев та жақтап дауыс берді», – деп жазады Лиза Бричкина.
ҚОНАЕВ НАЗАРБАЕВТЫ БАУЫРЫНА ТАРТТЫ
«Нағыз хандық» атты мақаласында журналист Лиза Бричкинаның жазуынша, «1970 жылдардың ортасында сол кездегі Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев Қарағандыға келіп кеткен соң Назарбаев қызметте бірден өсе бастаған».
«Жарқырап сөйлеген жас белсенді қазақ жігіті оның есінде қалып қойған.
1981 жылы Қонаев 70 жылдық мерейтойын тойлайды. Назарбаевтың Қонаевқа барынша жақындағаны соншалық, мерейтойлық дастархан кезінде Қонаев Назарбаевты «балам» деген.
Лиза Бричкинаның жазуынша, «партиялық иерархияның жазылмаған заңын бұза отырып, Назарбаев бірнеше сатыдан бірден аттап кеткен».
Лиза Бричкинаның пікірінше, Дінмұхамед Қонаев «қартайып келе жатқан, сондықтан өзін бір күні төңкеріп тастауы мүмкін деп қорыққан. Осы себепті ол жүйені өзгертіп, айналасына өзіне шын берілген адамдарды жинамақ болған».
«Қонаев рулық-қауымдық жүйеден тыс, жүздік элитаға араласа қоймаған, сырттан келген қазақтарға арқа сүйемек болады. Осылайша Назарбаев Қонаевқа жақын адамдардың қатарына қосылды. 1981 жылы Қонаев 70 жылдық мерейтойын тойлайды. Назарбаевтың Қонаевқа барынша жақындағаны соншалық, мерейтойлық дастархан кезінде Қонаев Назарбаевты «балам» деген. Яғни, ол Назарбаевты өзінің мұрагері қылып тағайындаған. Советтік кезеңде Қазақстанда осы сөздің өзі жеткілікті болатын. 1984 жылдың наурыз айында Назарбаев Қазақ ССР министрлер кеңесінің басшылығына тағайындалды», – деп жазады Лиза Бричкина.
Оның жазуынша, Нұрсұлтан Назарбаев арада екі жыл өтер-өтпестен Қазақстан компартиясының 16-съезінде «өзінің жебеушісін сатып кеткен».
НАЗАРБАЕВТЫҢ СЪЕЗДЕГІ ӘРЕКЕТІ ЖАЙЛЫ ЕКІ ПІКІР
Азаттық радиосы дәл сол атышулы съездің екі делегатына хабарласып, сол съезде Нұрсұлтан Назарбаев Дінмұхамед Қонаевтың атына қандай сын айтты деп сұрады.
Бұл сұрақ президентшіл саясаткер, 1986 жылы Қазақстан комсомолын басқарған Серік Әбдірахмановқа және қазіргі опппозициялық саясаткер, ол кезде Мемлекеттік агроөнеркәсіп министрі Серікболсын Әбділдинге қойылды.
Серік Әбдірахманов қазір асығыс қорытынды жасағысы келмейтінін айтты.
– Маған мұндай сұрақ қойылған. Қазір естелік кітап жазып жатырмын, сол кітапта бұл сұраққа жан-жақты жауап бермекпін... Сын болды. Бірақ тікелей емес, жанама сын. Бұл барлық жерде жазылған, – дейді Серік Әбдірахманов.
Ал Серікболсын Әбділдин Қазақстан компартиясының 16-съезінде
Нұрсұлтан Назарбаев Дінмұхамед Қонаевтың сүйіктісі болатын және оны Қазақстанның жоғары басшылығына Қонаев алып келген. Сондықтан оның айтқан сөзінің мағынасын емес, оқиғаның этикалық жағын қабылдау жайсыздау болатын.
– Жалпы алғанда өзгелердің тарапынан сын болған жоқ. Әдетте съездерде болатын сияқты олар кемшіліктерді жалпылама айтып кетті. Әрине, съездерде көбінесе жетістіктер туралы айтылады. Алайда съезде мүлдем бөлек тақырып, республиканың экономикалық дамуы туралы сөйлеуі тиіс болған Назарбаев баяндамасының соңында республикадағы жағдайды сынға ала бастады, әсіресе ол Қонаевтың өзіне емес, Ғылым академиясының президенті болып отырған інісіне тиісті. Мұның барлығын мен өз құлағыммен естідім, – дейді Серікболсын Әбділдин.
Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, бұның бәрі оған «мүлдем күтпеген жағдай» болған.
– Әрине, бұл мен үшін күтпеген жағдай болды, – дейді Серікболсын Әбділдин. – Оның үстіне мұндай съездерде республиканың бірінші басшысының атына сын айтылмайтын. Ол Қонаевты «бетімен кеткен інісін жөнге салмай отыр» деп айыптады. Сол кезде бұл сөздерді есту өте қолайсыз болатын. Неге дейсіз ғой? Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев министрлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан компартиясы ОК бюро мүшесі, Дінмұхамед Қонаевтың сүйіктісі болатын. Оны Қазақстанның жоғары басшылығына Қонаев алып келген. Сондықтан оның айтқан сөзінің мағынасын емес, оқиғаның этикалық жағын қабылдау жайсыздау болатын. Бұл әрі ешкім күтпеген, әрі адамгершілікке жатпайтын сөз болды.
Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев ол кезде алдына нақты бір ғана мақсат қойған.
– Бұл 1986 жылдың басы болатын. Михаил Горбачевтің билікке келіп жатқан кезі. Горбачев СОКП ОК саяси бюросының қартайған мүшелерінен құтылу саясатын жүргізіп жатқан. Дінмұхамед Қонаев та солардың қатарында еді. Нұсқау алған соң Нұрсұлтан Назарбаев осындай әрекетке барды, – дейді Серікболсын Әбділдин.
Серікболсын Әбділдин Қазақстан компартиясы 16-съезінің стенограммасын Қазақстаннан таба алмағанын, бірақ оның Мәскеуде бар екендігін айтты.
– Мен Мәскеуде, СОКП ОК мұрағатында болғанмын. Ол жерде партия мұрағатын біршама сұртыптаудан өткізген. Барынша құпия құжаттар Ресей президентінің мұрағатына өткізілген. Мәскеуде Мемлекеттік мұрағат бар, оны СОКП ОК-нің мұрағаты деп айтса да болады. Өзге де мұрағаттар, Ресей президентінің мұрағаты бар. Құпия мәселелердің барлығы президент мұрағатында жатыр, – дейді Серікболсын Әбділдин.
ДӘЛ ОСЫ АДАМДАР ЕКІ ЖЫЛ БҰРЫН БЫЛАЙ ДЕГЕН
Қазақстан компартиясының 16-съезіндегі оқиғалар туралы материалдар даярлап жатқан Азаттық радиосы Серік Әбдірахманов пен Серікболсын Әбділдинге 2009 жылдың маусым айында да сұрақ қойған.
Ол кезде Серік Әбдірахманов «съездегі Қонаевқа қатысты сынның» өзі үшін «мүлдем күтпеген оқиға» болғанын айтқан.
– Не айтатыны бар, республикалық Компартия Орталық Комитетінің жауапты қызметкерлері мені де қарсы сын айтуға шақырған болатын. Бірақ мен сарайдағы шиеленістер мен аппараттық ойындарға елікпеген едім, сондай-ақ олардың менен не күтетінін де дұрыс ұққан жоқпын, – деген еді Серік Әбдірахманов осыдан екі жыл бұрын. Ол Дінмұхамед Қонаевқа жаны ашығанын да айтқан.
– Біз ол кезде республика басшылығын сынауға даяр емес едік. Қонаевқа қарсы түрлі сындар айтыла бастағанда оған менің де жаным ауырды. Қонаевтың мұрагерлер жайында үнемі ойлап, кімге тоқталарын білмей жүргенін жақсы білемін. Жасы келген кезде оның пікірімен санаспастан көңілін қатты қалдырды, – деген болатын Серік Әбдірахманов 2009 жылы.
Оның айтуынша, саясат адамгершілікті жоққа шығармайды, керісінше саясатқа мұндай қасиет қажет.
– Жалпы, саясатта болсын, өмірде болсын адамдар адамгершілік қасиетті жоғары қоюлары керек. Мен Қонаевты құрметтегенмін, әлі де құрметтеймін. Менің жеке өз басым қызмет үшін оған ешқашан қарсы шықпаған болар едім, – депті Серік Әбдірахманов екі жыл бұрын.
Серікболсын Әбділдин осыдан екі жыл бұрын да Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің «ұстазы» Дінмұхамед Қонаевқа қарсы шығуы «күтпеген жай» болды деген.
– Көп ұзамай Назарбаевтың Қонаевқа қарсы шығу себебін білдім. Мәскеудегілер Қонаевты тезірек зейнет демалысына жібергісі келді. Кремльдегі түрлі күштер Назарбаевты, Әуелбековті және басқаларды қолдай бастаған. Бұл жайында маған сәл кейінірек Михаил Горбачевтің көмекшісі Владимир Милосердов айтып берді. Егер Мәскеу мақұлдамаса, Назарбаев республика басшысына қарсы шыға алмас еді, – деген еді Серікболсын Әбділдин 2009 жылғы сөзінде.
Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев сол жолы Қонаевқа қарсы шыға отырып, «Кремльдің алдында ұпай жинап алды».
– Сондықтан, жеке бас пайдасы тұрғысынан келгенде, Назарбаев дұрыс істеді. Бұл оның қолынан келеді, – деді осыдан екі жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевқа адам және саясаткер ретінде баға берген Серікболсын Әбділдин.