Көліктері 1 шілдеге дейін Қазақстанға жетпеген азаматтар үкіметтен жәрдем сұрайды

Алматы көшесіндегі автокөліктер. 12 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Кеден одағына қосылған үш мемлекеттің келісімімен 1 шілдеге дейін автокөліктерді жеңілдетілген баж салығы бойынша кедендік рәсімдеу мерзімі аяқталды.

Алайда кейбір қазақстандық азаматтар көлік тасымалдаушы компаниялардың өзара келісе алмауы салдарынан осы жеңілдікті пайдалануға үлгермей, зардап шегіп отырғанын айтады.

ҮКІМЕТКЕ ҮНДЕУ

Жеңілдетілген баж салығының мерзімі аяқталатын 1 шілдеге дейін Қазақстан аумағына көлігін жеткізе алмайтына көздері жетіп, тығырыққа тірелген бір топ азаматтан құралған бастамашыл топ 6 маусымда баспасөз құралдары арқылы Қазақстан үкіметіне арнайы үндеу жасаған еді.

97 адам қол қойған үндеуде мынандай өтініш айтылған: шетелдік көлік тасымалдаушы компаниялардың кесірінен Қазақстанға жеткізілмей отырған автокөліктерді ел аумағына әкелуге көмектесу; жеке тұлғалар 2010 жылдың қараша айынан 2011 жылдың мамыр айына дейінгі аралықта
Қайрат Тілеубаев. Алматы, 30 маусым 2011 жыл.

шетелден сатып алған көліктерді қолда бар құжаттармен алдын-ала рәсімдеу; оларды 2011 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жеткізуге рұқсат беру.

Бастамашыл топ мүшесі Қайрат Тілеубаевтың Азаттық радиосы тілшісіне айтуынша, үкіметтен әлі ресми жауап келмеген. Тек Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ғана Біріккен Араб Әмірліктері мен Ирандағы консулдықтары арқылы 400-ге жуық көлікті Қазақстанға жеткізуге септескені туралы 26 маусымда хабарлапты.

«НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?»

– Ал қалған көлік иелері не істеуі керек? – дейді Қайрат Тілеубаев. – Қазір Иранда 1 шілдеге дейін Қазақстанға жетіп үлгермеген 62 автокөлік, Қытайда 130 көлік тұр, сондай-ақ Каспий теңізінде 97 автокөлік тиелген паром келе жатыр. Ол паром бүгін (яғни 30 маусым күні – ред.) кешкі сағат тоғызда Ақтау портына жетуі тиіс. Бірақ теңіздегі дауылға байланысты жете алмауы да мүмкін.

Қайрат Тілеубаев Ирандағы көліктері қиын жағдайда қалып тұрғанын айтады. Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген компания олардан қабылдап алған көліктерді Иранға дейін ғана жеткізген де, бері қарай әкелетін ирандық компанияға тиісті қаржыны бермей қойған. Олар «банкрот болдық» деп хабар таратқанға ұқсайды.

– Бірақ біз оның алаяқтық екенін түсініп отырмыз. Қалай болғанда да көлік иесі – біз. Олардың серіктес компаниясының алдап кеткеніне қандай кінәміз бар? Әмірлікте тіркелген компания төлемеген 300 мың АҚШ долларын бізден неге талап етеді? – дейді Қайрат Тілеубаев.

КЕДЕН ОДАҒЫНЫҢ ТАРИФІ

Қайрат Тілеубаев биыл ақпан айында Дубайға барып, 16 мың долларға 2007 жылғы «Тоyота RАV 4» автокөлігін сатып алыпты. «1 шілдеге дейінгі тариф бойынша 1500 доллар шамасында кедендік баж салығын төлеймін» деп есептеген екен. Кеден одағына кіргеннен кейінгі жаңа тариф бойынша бұл көліктің баж салығы 15 мың долларға бір-ақ көтерілгенін айтады. Ал
Исабек Махамбетов. Алматы, 30 маусым 2011 жыл.

қозғалтқыш күші 4 мың шаршы сантиметрден асатын көліктердің баж салығы 40 мың долларға дейін жетпек.

Бастамашыл топтың тағы бір мүшесі Исабек Махамбетов те Дубайдан 14 мың долларға сатып алған көлігіне жете алмай отырғандардың бірі екен. Ол көлігін іздеп Иранға барып қайтқанын, бірақ ондағы көлік тасымалдаушы компания өзімен сөйлесуден де бас тартқанын айтты. Жеке кәсіпкерлікпен шұғылданатын Исабек:

– Кейбір жұрт ойлағандай алыпсатарлықпен шұғылданып жүрген жоқпыз. Үкіметтен жәрдем сұраушылардың барлығы – жалғыз көліктеріне қолы жетпей отырғандар, – дейді.

«КІМ КІНӘЛІ?»

Бастамашыл топ мүшелерінің айтуынша, көліктерін елге әкелуден күдер үзген азаматтар амалсыздан көршілес елдерге, мәселен, Қырғызстанға қайта экспорттап сатып жібермек болып жүр. Енді бірі өз көлігіне шетел азаматынан сенімхат алып, Қазақстанға сол құжатпен әкелмек.

Кедендік бақылау комитеті баспасөз хатшысы Ержан Байтана Азаттық радиосының көлік мәселесіне байланысты сауалына:

– Олардың көлікті әкелуге ертерек кіріспегеніне кім кінәлі? Маусым айынан бері кеден тәулік бойы жұмыс істеді. Тіпті кеден бекеттерінің өзінде де рәсімдеуге мүмкіндік жасадық. Ал Кеден одағының шартына байланысты көлікті көрсетпей алдын-ала рәсімдеуге рұқсат етілмейді, – деп жауап берді.