Талдықорғандағы әскери прокуратура прокуроры Айдарбек Сләмбеков Азаттыққа солдатты соққыға жықты деген күдікке ілінген қатардағы екі сарбаз - Баймұратов пен Ахметкәрімов қамауға алынып, тергеу басталғанын» айтады.
Прокуратура өкілі берген мәліметте «2016 жылы шілденің 7-сі күні әскери қызметкерлер арасындағы жарғыдан тыс қарым-қатынас нәтижесінде Сарыөзек елді мекеніндегі әскери лазаретте мерзімді әскери борышын өтеп жатқан қатардағы сарбаз Даниэль Сайфулин қайтыс болды» деп жазылған.
Айдарбек Сләмбеков берген дерекке қарағанда, «бұл факт қылмыстық кодекстің 440-бабы, 4-тармағында қарастырылған белгілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай реестріне тіркелген».
Қылмыстық кодекстің 440-бабында «әскери қызметшiлер арасындағы қарым-қатынастың жарғылық қағидаларын бұзу, жәбiрленушiнi ұрып-соғу, денсаулығына зиян келтіру, өзге де күш қолдану не оның қадiр-қасиетiн қорлау арқылы адам өліміне әкеліп соққан әрекеттер» қарастырылған, олардың 8 жылдан 12 жылға дейiн бас бостандығынан айыруға жазаланатыны жазылған.
СОЛДАТ АНАСЫНЫҢ ТАЛАБЫ
Даниэль Сайфулиннің анасы Инга Сайфулина суық хабарды шілденің 7-сі естіген.
- «Балаңыз қайтыс болды, бекем болыңыз» деді бөлім командирімін деген ер адам телефон арқылы. Ұлым маусымның 25-інде ғана ант қабылдаған еді. Не үшін өлтірді ұлымды? Ұрғандармен кездесіп, сұрағым келген. Ондай мүмкіндік берілмеді, - дейді Инга Сайфуллина.
ВИДЕО: Инга Сайфулинаның сөзі
Your browser doesn’t support HTML5
Оның сөзінше Даниэль әскерге өз еркімен аттанған. Анасы оның мектептен соң оқуға тапсырмай, әуелі әскерге барып келуді жоспарлағанын айтады.
- «Әскерден соң Қарағандыдағы ішкі істер мектебіне түсем», «жұмыс істемейсің мама, мен сені асыраймын» дейтін. Жалғызілікті анамын - оның әскерге бармауға құқығы болды. Әскерге бармаса деп, несиеге жаңа көлік әпердім. Оған да қарамады. Өлтірерден бір күн бұрын телефонмен ұзақ сөйлестім. Әдеттегі көңілді қалпында болған еді, - дейді анасы.
Даниэль Сайфулинді шілденің 10-ы күні Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Маңғышлақ ауылына жерлеген.
- Демалысымда барамын деп тамыздың 13-іне алған ұшақ билетім бар. Командирлерінен оны өткізбейтінімді, оған дейін тергеуді аяқтауды талап етіп кеттім. Тәртіп орната алмаса, балаларымызды шақырмасын. Ұлымды әскерге өлсін деп жібергенім жоқ. Талдықорғандағы сотына барамын,- дейді Инга Сайфулина.
АДВОКАТ ПЕН МИНИСТРЛІК ЖАУАБЫ
Қамауға алынған Ахметкәрімовтің авдокаты, өзін «адвокат Әділбекова» деп таныстырған әйел күдікке ілінген екі сарбаздың сот санкциясымен шілденің 11-і күні қамалғанын айтты.
- Мен телефонмен ешқандай ақпарат бермеймін. Сот санкциясы берілгеніне үш күн болды. Тергеу енді басталды, - деді ол.
Ал Азаттық сауалына Қазақстан қорғаныс министрлігінен келген ресми жауапта «Жеке құрамға ұйымдастырылған тәуліктік бақылауға қарамастан, әскери қызметкерлер арасында аяқ астынан шыққан қақтығыстың алдын алу немесе толықтай болдырмау бөлімше командирлері үшін мүмкін болмаған. Әскери қызметшілер әртүрлі бөлімшелерде қызмет атқарған және бір-бірін танымаған... Баймұратов пен Ахметкәрімов қатардағы жауынгер Сайфулиннің өмірін қию мақсатын қоймаған» деп жазылған.
Сайфулиннің өліміне қатысты тергеуді Қазақстан ішкі істер министрлігінің (ІІМ) Сарыөзектегі тергеу бөлімі жүргізіп жатыр. Аға тергеуші Қанат Қаншаев тергеу құпиясына сілтеп, «ештеңе айта алмайтынын» мәлімдеді. Іс бас әскери прокуратура бақылауында. Күдікті сарбаздар туыстарымен хабарласу мүмкін болмады.
Әскерге шақырылған азаматтардың өлімі тек бұл емес. 2016 жылы маусымда Отардағы әскери бөлімге Ақмола өңірінен шақырылған 21 жастағы Саян Сатыбаевты мәйіті туыстарына жеткізілді. Туыстары мәйітте соққы іздері болғанын айтады. Бұл іс бойынша тергеу басталған. 2015 жылы Қостанайда 22 жастағы сарбаз Таңатқан Өтепов қаза тапты. Оның «агрессиялық әрекеті үшін» психиатриялық ауруханаға жатқызылып, кейін жансақтау бөлімінде қайтыс болғаны хабарланған. ІІМ Өтепов өлімі «уланудан болғанын» мәлімдеген. 2014 жылы Сарыөзектегі №12 740 әскери бөлімде 19 жастағы Сәлім Әлібековтің асылып қалғаны хабарланды. Анасы Луиза Чекушева әскерге бұрын барғандардың жаңадан келгендерге әлімжеттік көрсететінін, ұлын ұрып-соққанын айтқан. ІІМ «жарғыдан тыс қарым-қатынастар арқылы өзіне қол жұмсауға мәжбүрледі деген айып дәлелденбеді» деп хабарлаған.
Қорғаныс министрлігі «жарғыдан тыс қарым-қатынастарды болдырмау үшін қарулы күштерінде кешенді профилактикалық шаралар ұдайы өткізілетінін» жазады. Министрлік жарғыдан тыс қарым-қатынаспен күрәс тәсілдері ретінде «әр бөлімшеде сенім телефоны істейтінін, апта сайын сарбаздар денесін тексеретіндерін, әскери бөлімдер аумағы мен жайларында тәуліктік бейне бақылау орнатылғанын, писхологтар жұмысын» атайды. Ведомство мәліметіне қарағанда, «2016 жылдың алты айында 2015 жылдың жартыжылдығымен салыстырғанда құқық бұзушылық саны 25 пайызға төмендеген, ал жарғыдан тыс қарым-қатынас сияқты қылмыстық құқық бұзушылықтың түрі 75 пайызға азайған».