Дариға Назарбаева: «Ауылдарға барып концерт берем бе, білмеймін...»

Дариға Назарбаева жылжымалы медициналық орталықты таныстырып тұр. Алматы, 11 қараша 20140 жыл.

Бейсенбі күні Алматыда елдегі онкологиялық ауруларға қатысты ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған Қазақстанның Тұңғыш президенті қорын басқаратын Дариға Назарбаева да қатысты. Ол бұл жиында 2008 жылы өзі құрған «Асар-береке» қорының жұмысымен таныстырды.
Жиын Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының 50 жылдығы құрметіне орай ұйымдастырылып отыр. Тақырыбы «Қазақстандағы онкологиялық аурулардың өсуі тоқтады» деп аталады. Конференцияға денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова да келеді деп хабарланған еді. Алайда министрдің орнына министрліктің жауапты хатшысы келді. Ғалымдармен бірге қатысушылардың арасында мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы аясындағы әлеуметтік кеңестің төрайымы Айткүл Самақова да болды. Міне, осындай басқосуда Дариға Назарбаева да сөйлеп, ел назарын өзіне аудара берген еді.


«40 МИЛЛИОН ТЕҢГЕМЕН КӨМЕКТЕСУ - МЕМЛЕКЕТ ДЕҢГЕЙІНДЕ АСА КӨП ЕМЕС»


Дариға Назарбаева «Асар-береке» қорының онкологтармен біріге жұмыс істеп келе жатқанын айтып, қазіргі заманғы медицина қол жеткізген игіліктерді енді шалғай ауыл тұрғындары да пайдалана алатынын жеткізді. Оның айтуынша, қор осы мақсатта арнайы медициналық құрылғылармен жабдықталған арнайы көлік – жылжымалы медициналық орталық сатып алып, бір жылдың ішінде республикадағы мыңдаған елді мекенді аралап, азаматтарды диагностикадан өткізген екен.

Қор басшысы елде қалталы азаматтардың көптігін меңзеп, сөз арасында оларды да осындай орталық сатып алуға шақырды.
Жылжымалы медициналық орталық, Aлматы, 11 қараша 2010 жыл.

– Бұл машинаның құны аса қымбат та емес. Орташа алғанда мұндай машинаны 40 миллион теңгеге сатып алуға болады. 40 миллион теңгемен он мыңдаған азаматқа көмектесу – мемлекет деңгейінде аса көп те емес, – деді Дариға Назарбаева жиын аясында өткен баспасөз мәслихатында.


«
АУЫЛДАН - ЖӘРДЕМ АҚША»

Соңғы уақытта саясат сахнасының сыртына жылыстаған Назарбаева жиында сергек, көңілді көрінді. Баспасөз мәслихатынан соң ақпарат құралдарына бұл машинаны көрсету үшін өзі ертіп апарып, таныстырды. Тілшілерімен болған тілдесуде ол мұндай медициналық орталықтың әрбір аудан, ауылда болғанын армандайтынын да айтты. Бұл мақсатта тіпті ауылға барып концерт өткізуі мүмкін екенін де жеткізді.

– Енді ауылдарға барып концерт берем бе, білмеймін. Сөйтіп, жәрдем ақша жинаймын ба... – деп Дариға Назарбаева күлді.

Кейінгі кездері Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиев екеуінің «Нұрбанк» акционерлері қатарынан шығып қалғанын, директорлар кеңесі құрамынан аласталғанын, банктегі (екеуінің үлесін қосқанда) 56,67 пайыздық акцияларынан қағылғаны мәлім.

Бұдан бөлек, қыркүйек айында оның Kazakhstan Today агенттігін басқарудан да бас тартқанын жергілікті «Время» газеті хабарлаған болатын. Соңғы уақытта тек қайырымдылық концерттер берумен көзге түсіп келе жатқан Дариға Назарбаева саясат сахнасында соңғы рет Еуразиялық медиафорумда жиынды ұйымдастыру комитетінің төрайымы ретінде көрінген еді.