Дариға Назарбаева «Жаңаөзен оқиғасына айыптылардың әділ жазаланарына» сенеді, бірақ табыс туралы декларацияны жариялау «біреудің қалтасын қараумен тең» дейді.
Қаңтардың 12-сі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, бұрынғы «Асар» партиясының жетекшісі, парламент мәжілісі депутаттығынан кандидат Дариға Назарбаева zakon.kz порталында онлайн конференция өткізді.
Портал Дариға Назарбаеваға 5-11 қаңтар аралығында түскен көптеген сауалдардың ішінен «оқырмандардың көп дауысын жинады» деген 50 сұрақты қойды. Онлайн-конференциясы бір сағатта аяқталды.
ПАРЛАМЕНТТІҢ «ӨТКІРЛІГІ» ЖӘНЕ ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ «ШЕБЕРЛІГІ»
Онлайн-конференция модераторы Дариға Назарбаеваға «Елде болып жатқан жақсы істерге де, жаман істерге де «Нұр Отан» партиясы мен оның басшылығы жауап береді деп айта аласыз ба?» деген сауалды қойды.
– Иә, солай деуге болады. Бұл жөнінде партия басшылығы да ашық мәлімдеп отыр. Сондай-ақ келесі парламентке келетін басқа партиялар да мұнан кейін «Нұр Отанмен» жауапкершілікті бөлісетін болады, – деп жауап берді Дариға Назарбаева.
«Депутаттардың парламентте өткір мәселелерді талқылаудан не себепті бас тартатыны» туралы тағы бір сауалға жауап қайтарған ол мұндай пікірмен келіспейтінін білдірді. Дариға Назарбаеваның айтуына қарағанда, «парламентте өткір мәселелер әрдайым талқыланып келеді, бірақ ол парламентте аккредитацияланған журналистердің кәсіби шеберлігінің төмендігі салдарынан жұртшылыққа жетпей жатыр».
«ЖАУАПТЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ҚЫРСЫЗДЫҒЫ»
Дариға Назарбаева Жаңаөзендегі оқиғаға «жергілікті жердегі істің көзін таба алмаған жауап тұлғалардың қырсыздығы да түрткі болғанын» айтады.
– Жаңаөзендегі жағдай көптен бері ушығып тұрды, ақыры қантөгіске ұласты. Мұның себебі еңбек дауынан да тереңірек болуы мүмкін. Тиісті органдар бұл істі мейлінше әділ қарап, айыптыларды, тәртіп бұзғандарды да, қызметін асыра пайдаланған құқық қорғау органдарының қызметкерлерін де барынша әділ жауапкершілікке тартатын болар деп үміттенемін, – дейді ол.
«БІРЕУДІҢ ҚАЛТАСЫН ҚАРАУ»
Конференция барысында өзін Болат Мұстафин деп таныстырған Астана тұрғыны «Ел алдында жүрген адамдар мейлінше ашық болуы тиіс. Сіздің әкеңіз, сіз және отбасы мүшелеріңіз шетелдік банктердегі қаржылары, жерге меншігі мен компаниялардағы үлестері жалпы табысы туралы декларациялауға міндетті ме, жоқ па?» деген сауал қойған.
Дариға Назарбаева бұл сұрақты «біреудің қалтасын қарау» деп санайтынын білдірді. Өзі декларациясын орталық сайлау комиссиясына тапсырғанын, бірақ оның жарияланбайтынын, «келешекте мемлекеттік қызметкерлер мен депутаттардың табыс декларациясын жариялау мәселесін қолдайтындығын» айтты.
Сауалдың алғашқы бөлігіне – «шетелдік банктердегі қаржылары, жерге меншігі мен компаниялардағы үлестері» жайлы сөзге жауап бермеді.
ПРЕЗИДЕНТКЕ, ЯҒНИ ӘКЕСІНЕ ТІРЕК
Дариға Назарбаеваның айтуынша, оның саясатқа қайта оралғандағы көздеген мақсатының бірі – «президентке, яғни әкесіне тірек болу».
Ол ортаншы ұлы Айсұлтанның Лондондағы «Санхертс» әскери академиясын аяқтап, «Отардағы әскери бөлімшеде қызмет еткенін, қазір қорғаныс министрлігінің барлау жүйесінде жұмыс істейтінін», ал үлкен ұлы Нұрәлінің «табысты бизнесмен» екенін айтты, бұрынғы күйеуі Рахат Әлиевпен «қарым-қатынасы жоғын» да ескертіп өтті.
Онлайн-конференция кезінде «Әкеңіз мұнда не істеп отырғаныңызды біле ме?» («Девушка, а папа знает, чем Вы тут занимаетесь?») деген сауал қойылған еді. «Әкем біледі. Ол не істеп жүргенімнен әрқашан хабардар» («Папа знает. Он всегда в курсе всех моих дел») деп жауап қайтарды Дариға Назарбаева.