Қазақстанда халал атаулыға деген сұраныс артып келеді

"Нұр Отан" партиясының хатшысы Қайрат Сатыбалды Kazakhstan International Halal Expo – 2010 көрмесінде. Астана. 7 қазан 2010 жыл.

Астанада Kazakhstan International Halal Expo – 2010 деген атаумен халықаралық көрме өтіп жатыр. Қазақстанда шамамен 500 кәсіпорын «халал» стандарттарына сай өнім шығарып, қызмет көрсетеді.
Астанада 7-9 қазан аралығында Орталық Азияда тұңғыш рет халал өнімдерге арналған Kazakhstan International Halal Expo – 2010 халықаралық көрмесі өтеді деп алдын-ала хабарланғандығына қарамастан, Азаттық радиосының тілшісі оның дәстүрлі азық-түлік өнімдеріне арналған KazFood-2010 көрмесімен бірге өтіп жатқанына куә болды. Көрменің бір бұрышында ресейлік шарап өнімдері қойылыпты. Шұжық өнімдерінің шекесінде де «шошқа еті» деген жазу менмұндалайды.

Көрмені ұйымдастырушы «Қазақстанның халал индустриясы» қауымдастығы мен ExpoDamu фирмасының өкілдері көрменің өзектілігін саяси тұрғыдан нақтылап «бірқатар факторларға орай бүгінгі Қазақстан қоғамында халал-өнімдер мен халал-қызметтерге қызығушылық өсіп, сұраныс артып отырғандығымен» түсіндіріп жатты.

ХАЛАЛ - КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ҚАЙРАТ САТЫБАЛДЫ

Көрменің көрігін қыздыру үшін үкімет тарапынан вице-министр деңгейіндегі шенеуніктің келгеніне қарамастан, ұйымдастырушылардың жүріс-тұрысына қарағанда бас қонақ - президенттік «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қайрат Сатыбалды секілді.

Көрмені ашқан Қайрат Сатыбалды 1991 жылы Қазақстанда небәрі алпыс үш мешіт болғанын, ал қазір үш мыңға дейін жеткенін, «соған сай мешітке келетін жамағат та жыл санап көбейіп келе жатқанын» айтып, 500 кәсіпорынның «халал» стандарты бойынша өнім өндіріп, халал қызметке көшкенін атап көрсетті.

Қайрат Сатыбалды көрменің мақсаты «халал-индустрияның тауар ұсынуға дайын екендігін таныту» деп санайды. Осы ретте ол Құран аяттарынан тікелей мысал келтірмесе де, ондағы рұқсат етілген және тыйым салынған жайттар жөнінде айта кетті.
Kazakhstan International Halal Expo - 2010 көрмесіне
қойылған шұжық түрлері. Aстана, 7 қыркүйек 2010 жыл.
Айта кетерлігі, «Қазақстанның жаңаруы жолындағы мемлекет пен діннің қарым-қатынасы» деген тақырыпта өткен қыркүйек конференциясында Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат Телібековтің бұрын ислами тұрғыдан саяси партия құрмақ болған президенттік «Нұр Отан» партиясының хатшысын өз пікіріне мысал ретінде алған еді. Бұл фактіні Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы «қазақ билігінің ислам партиясын құру қажеттігін сезіне бастауы» деп бағалаған болатын.

Президенттік «Нұр Отан» партиясы жетекшілерінің бірі ретінде Қайрат Сатыбалды Индустрия және сауда министрлігі жанынан халал-индустрияны дамыту жөнінде департамент құру арқылы мемлекет бұл салаға қазірдің өзінде қолдау көрсетіп отыр деп санайды. Оның ойынша аталған өнімге сұраныс өскен сайын министрлік жанындағы бұл департамент комитетке, одан кейін қазақстандық халал-индустрияны сараптап, әрі қарай дамыту жөнінде ұсыныс әзірлейтін агенттікке айналуы мүмкін.

Ұйымдастырушылар Қазақстан «халал» стандарты бойынша №57 техникалық комитет құрған бұрынғы совет елдерінің арасындағы тұңғыш және әзірге жалғыз мемлекет деген пікірді бірнеше рет қадап айтты. Бұл ретте Қазақстан Малайзия стандарттарын басшылықққа алғанға ұқсайды.

ХАЛАЛ - КВАС ЖӘНЕ ХАЛАЛ - САҒЫЗ

«Халал» стандарты бойынша №57 техникалық комитеттің төрағасы Марат Сарсенбаев Ресейлік «Русский квас» кәсіпорынының директоры халал сертификатын алғаннан кейін халал-квас дайындап жатқан жерде тұрып күйбең тірлікті сөз етпеуге тырысатын болды дейді.
Индустрия және сауда министрлігі халал өнімдерді
стандарттайтын техникалық комитеттің төрағасы Марат Сарсенбаев. Астана, 7 қазан 2010 жыл.
Америкалық алып Wrigley's компаниясы өзінің желатин қосылмаған сағызын осы Қазақстанда стандарттапты. Wrigley's компаниясының мамандары 8 қаңтардан бастап Kazakhstan International Halal Expo – 2010 көрмесінде өз өнімдерін, яғни халал сертификатына ие болған өнімдерінің тұсауын кесіп жатқаны сондықтан көрінеді.

Марат Сәрсенбаевтың сөзіне қарағанда қазіргі уақытта халал-индустрияның әлемдік қаржы айналымы 1 триллион 300 миллион долларға жеткен. Сондай-ақ Coca-Cola Company және Microsoft секілді әлемдік бизнестің алпауыттары да Halal Foods MS 1500-2004 стандартының сертификатын алған.

ХАЛАЛ - БАЛАБАҚША

Kazakhstan International Halal Expo – 2010 көрмесінде Азаттық радиосының тілшісі халал өнімдерді тамашалауға келген қарапайым адамдармен де тілдесіп көрді. Соның бірі Алматы қаласындағы Балаларға арналған «Ахлақ» даму орталығының өкілдері болып шықты.
– Біздің балабақша таяуда ғана ашылды, бірақ қазірдің өзінде орын толып қалды, ал кезек күтіп тұрғандар қаншама, – дейді балалар педагогы, хиджаб киген Әмина Сарнаева.

Баланың тілін жетілдіріп, дағдыларын қалыптастыратын кәдуілгі тәрбие жұмыстарымен қатар мұнда математика, ағылшын және араб тілдері оқытылады. Сондай-ақ мектепке дейінгі оқу орталығының басқаларда кездесе бермейтін өз ерекшелігі де бар көрінеді. Яғни, бұл орталықта балалар мен қыздар бөлек тамақтанады және әр жұма сайын ислам діні мен иман шарттарынан сабақ алады.

– Әуелде бізге мұсылмандардың өзі де аса сеніңкіреген жоқ. Кейін балалардың қандай нәтижеге жеткенін көргенде ғана жапатармағай ұмтылып, балаларын бізге сеніп тапсыра бастады, – дейді Әмина Сарнаева. Ол халал-білімнің келешегі мол деп санайды.
«Алматыдан Астанадағы көрмеге арнайы ат арытып келгендегі мақсатымыз – бар екендігімізді білдіру,- дейді ол, - бізді көрген соң басқалар да, бәлкім, осындай балабақша ашар».