2015 жылы көктемде Қазақстанның Сириядағы консулы қызметінен «заңсыз босап қалғаны» жөнінде Азаттыққа хабарлаған Бабыр Дәуренбек «әлі күнге жұмыссыз» екенін айтады. Ол мамыр айының басында Астанаға ротациямен кері шақырылған еді. Оның сөзіне қарағанда, «кері шақырғанда «кадрлық ротация, консул құрылымындағы өзгеріс» секілді түрлі себептер айтқан сыртқы істер министрлігі (СІМ) оны Қазақстанға келген соң басқа қызметке орналастырмаған». Ол Астанаға маусым айының аяғында оралған болатын.
«ҒИМАРАТЫНА ДА КІРГІЗБЕЙДІ»
- Консулдық қызметтен келген соң сыртқы істер министрлігі мені жұмысқа орналастыруға міндетті болатын. Алайда министрліктің кадр бөлімі «ештеңе білмейміз» десе, басшылар мені қабылдағылары да келмеді. Ақыр соңында СІМ ғимаратына да кіргізбейтін болды. Сол себепті сыртқы істер министрлігін сотқа беріп, мені осы министрлік қызметіне қайта қабылдауды талап еттім, - дейді ол.
Дипломаттың айтуынша, «Сириядағы консул қызметі әлі бос тұр, ал еңбек кітапшасы өзіне қайтарылмаған және еңбек заңына байланысты төлемдер де берілмеген».
Бабыр Дәуренбектің адвокаты Айжан Сапарованың Азаттық тілшісіне айтуынша, «қазіргі уақытта сотта алдын-ала тыңдау процесі жүріп жатыр». Ал «сот өткізетін отырыс қазанның 2-сі күні басталуы тиіс».
Астана қаласындағы Есіл аудандық соты Азаттық тілшісіне Бабыр Дәуренбектің СІМ-ді сотқа бергенін растады. Істі қараушы судья Жанар Тоғысованың хатшысының айтуынша, «қыркүйектің 11-і күнінен бастап дауласушы екі тарап алдын-ала тыңдауға шақырыла бастаған».
«ПРЕЗИДЕНТКЕ ХАТ ЖОЛДАУ»
Қазақстанның Сириядағы бұрынғы консулы Бабыр Дәуренбек «өзін қызметтен заңсыз кетіріп, СІМ-нің сол арқылы Қазақстанға кері шақырып жатқаны» жөнінде Азаттыққа 2015 жылы мамыр айының 14-і күні хабарлаған еді. Азаттыққа жолдаған ашық хатында дипломат сыртқы істер министрлігінің кадр саясаты мен кейбір Қазақстан елшіліктеріндегі жұмыстың ұйымдастырылуын сынаған. Ол өзін «шындықты айтып, жүйеге қарсы шыққан адам» ретінде сипаттайды, дипломатиялық қызметке орналасу кейінгі жылдары «тамыр-таныссыз мүмкін болмай бара жатқанын» айтады.
Бабыр Дәуренбектің сөзіне қарағанда, СІМ басшыларының бірі «шу шығармай орталыққа қайт, қызмет тауып беремін» деп уәде берген. Алайда келгеніне төрт ай болған дипломат әлі жұмыссыз. Дипломатиялық қызмет туралы заң бойынша, шетелдегi жұмыстан кейiн Қазақстанға оралған дипломат ескерту, сөгіс алмаған жағдайда бұрын атқарған лауазымынан төмен емес қызметке тағайындалады.
Бабыр Дәуренбек жұмысынан босатылған кезінде Азаттыққа «өзінің ешқандай сөгіс, ескерту алмағанын» мәлімдеп, «бірақ қарсы шыққанымды жетекшілік енді ұмытпайды, біртіндеп әкімшілік ресурстармен таптап тастайды» деген қаупін айтқан болатын.
Хатымды мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолдапты. Олар тексеріп, менің қызметтен босатуда заңсыздық бар екенін айтты.
Бабыр Дәуренбек Азаттыққа Сириядан оралғаннан кейін жұмысқа алынбаса, Астанадағы СІМ ғимараты алдында наразылық білдіретін жоспары бар екенін хабарлаған. Алайда маусымның 22-сі, яғни наразылық білдірер күні дипломатпен байланыс үзіліп қалды. Оның Facebook парақшасында «маусымның 21-і күні кешке өзін бір топ жігіттің «ұрып-соғып, жарақаттап кеткені» туралы жазбасы шықты. Бірақ кейіннен оның барлық Facebook-жазбалары өшіріліп, өзі бұл оқиғаның СІМ-мен дауға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Бабыр Дәуренбек қыркүйектің 17-сі күні де Азаттық тілшісіне «ұрып-соғу оқиғасының СІМ-мен дауға, сотқа берілген талап арызға еш қатысы жоқ» деді.
- Мәселенің мән-жайын толық зерттеу және адвокаттармен кеңесу үшін әрі отбасымның қауіпсіздігі үшін біраз уақыт үзіліс алдым. Осы аралықта Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жай-күйді баяндап хат жаздым. Хатымды мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолдапты. Олар тексеріп, менің қызметтен босатуда заңсыздық бар екенін айтты. Бірақ шара қолданған жоқ. Сол себепті іске қайта кірістім. Сотта жеңетініме сенімім жоқ. Сонда да тоқтатпай ел назарын аударатын наразылық шараларын өткіземін, - дейді ол.
Бабыр Дәуренбектің сотқа түсірген талап арызына қатысты Азаттық тілшісі СІМ-нің баспасөз қызметінен жауап ала алмады. Бірақ бұл іске байланысты осыған дейінгі жауаптарында СІМ «Бабыр Дәуренбектің дипломатиялық қызмет туралы заң бойынша жоспарлы ротациямен елге оралғанын» айтқан болатын.