Оппозициялық «Азат» партиясын іздеу

«Азат» партиясы жетекшісі Болат Әбілев Жаңаөзен оқиғасына байланысты жиында сөйлеп тұр. Алматы, 6 қаңтар 2012 жыл.

Кезектен тыс парламент сайлауына Қазақстанда тіркелген жеті партияның алтауы ғана қатысады. Оппозициялық «Азат» партиясы сайлауға қатысуға құлық танытпады. Бір қызығы, билік «Азаттың» партияны жою жайлы өтінішін әлі орындамай келеді.

Қызметі іс жүзінде тоқтаған «Азат» партиясының белсендісі Маржан Аспандиярованың айтуынша, «Азаттың» алдағы парламент сайлауына қатысу мәселесі қозғалмаған. Ол «бұл сайлау белгілі жоспар мен сценарий бойынша өтеді, ал болашақ парламент құрамы баяғыда түзіліп қойған, сондықтан бұл сайлауға қатысып, уақыт кетірудің қажеті жоқ» деп мәлімдеген.

Азаттыққа бұл сөздерді Аспандиярова мәжіліс сайлауын өткізу шешімі жарияланған кезде айтқан. Кейін ол жұмысбастылығын айтып, сұрақтарға жауап беруден бас тартты. «Азаттың» жетекшісі Болат Әбілев сияқты, партия белсендісі Төлеген Жүкеевтен де комментарий алудың сәті түспеді.

2013 жылдың қыркүйегінде Болат Әбілев саясаттан бірнеше жылға кететінін, бірақ міндетті түрде қайта оралатынын мәлімдеген еді. Партия белсенділерінің айтуына қарағанда, ол өз орнына ешкімді қалдырмаған. Әбілев саясаттан кеткеннен соң «Азат» партиясы әрі-сәрі күй кешіп, қызметі тоқтап қалды. Ал бұдан ертеректе партия жетекшілері Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясымен (ЖСДП) бірігу үшін партияны заңды тіркеудің күшін жойдыруға тырысқан, бірақ бюрократиялық «кері тәртіпке» тап болған – билік бірнеше жылдан бері «Азатты» әділет министрлігі тізімінен алмай келеді.

Мысалы, қазір түрмеде отырған Владимир Козлов басқарған оппозициялық «Алға» партиясын билік мүлде тіркемей, ал кейін сот арқылы ұйым қызметіне ресми тыйым салған, ал оппозициялық «Азат» партиясын тіркеудің күшін жоймай отыр. Бұл Жармахан Тұяқбай басқаратын ЖСДП ғана қалса да, биліктің биылғы кезектен тыс парламент сайлауына оппозициялық екі партия – «Азат» пен ЖСДП қатыса алады деп мәлімдеуіне мүмкіндік берді. Азаттық тілшісі «Азат» партиясының тыныс-тіршілігін анықтауға талпыныс жасап көрген еді, бірақ бұл қиын шаруа болып шықты.

КОНСЕРВАЦИЯ

Биыл 11 ақпанда Алматыда осыдан он жыл бұрын қастандықпен өлтірілген саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алуға арналған жораларға бизнесмен әрі бұрынғы оппозиционер Болат Әбілев те қатысты. Оппозициялық партия «Нағыз Ақ жол» деп аталған кезінде онымен бірге «Азаттың» теңтөрағасы болған Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасынан кейін Болат Әбілев партияның жеке-дара төрағасы болып қалған еді.

2007 жылы «Нағыз Ақ жол» партиясы парламент сайлауына қатысу үшін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиямен (ЖСДП) «Әділетті Қазақстан үшін» біртұтас блок құратынын мәлімдеген. Бірақ сол кезде Қазақстанда қабылданған сайлау туралы заңда сайлауға түсу үшін блок құруға тыйым салынған.

Екі жылдан кейін оппозициялық екі партия бірігіп «Азат» ЖСДП саяси ұйымын құрмақ болды, бірақ тіркеуден өте алмады. Бірлесіп жұмыс істегенімен, әділет органдарында екі партия өз атауымен қалды.

Партияның астаналық мүшесі Рафхат Камановтың айтуынша, бірлескен съезд өткізгеннен кейін «Азатты» жою туралы шешім қабылданған.

«Азат» партиясының белсендісі Рафхат Каманов наразылық акциясында тұр. Астана, 29 мамыр 2014 жыл.

– Партияны жою комиссиясын құрып, «Азат» ЖСДП ретінде тіркелу үшін бірлескен съезден кейін бүкіл құжаттарымызды тапсырдық, бірақ партияны тіркемей қойды. Жарғы дұрыс жазылмаған, шешімнің бірдеңесі дұрыс емес деген сияқты ұсақ-түйек ілік тапты. Партияны тіркемеудің амалымен ақыры «партияны жою комиссиясы әлдебір құжатты дұрыс өткізбепті, бір жерінде қате бар» деп сылтауратты. Соның кесірінен «Азат» партиясын тіркеуден шығармай, ал бірлескен партияны тіркемей қойды, - дейді Рафхат Каманов.

Оның айтуынша, сол кезден бастап «Азат» пен ЖСДП бірлесіп жұмыс істеп, екі науқанды бірге өткізген. Камановтың айтуынша, 2013 жылдың наурызында – саясаттан кетер алдында Болат Әбілев Еуразия экономикалық одағын құру келісіміне Астананың қол қоюына қарсы референдум өткізу туралы бастама көтерген. Бірақ ұйымдастырушылар «биліктің қатты қарсылығы кесірінен» жиналыс өткізу үшін 14 облыс пен екі қала – Астана мен Алматыдан 30 адамнан жинай алмаған.

Жұрттың көбі: «Осы сендер, оппозиционерлер не бітірдіңдер?» деп сөгеді. Үнемі аяқтан шала берсе, не бітіре аласың?

– Әбілев алаяқтармен карта ойнауға болмайтынын түсінді. Олар заңдарды өзгертіп, қайта жазып, қысымды күшейтіп, бәрібір ұтады. Ол Қазақстанда демократияны дамытуға қаншама ақшасын салды – «Ақ жол» партиясына, 2005 жылы Жармахан Тұяқбайдың президенттік науқанына, партияны ұстау шығындары – бәріне 40 миллиондай доллар жұмсады. Ал бұдан жөнді ештеңе шықпады. Керісінше, жұрттың көбі: «Осы сендер, оппозиционерлер не бітірдіңдер?» деп сөгеді. Үнемі аяқтан шала берсе, не бітіре аласың? - дейді Рафхат Каманов.

Нақ сол 2013 жылы көп ұзамай оппозиционерлер арасында арасында жік туып, ЖСДП саяси кеңесі партия жұмысын бұрынғы, яғни тең төрағалық пен «Азат» партиясымен бірігу қарастырылмаған жарғысы бойынша жүргізуді ұйғарады.

Сол жылдың күзінде Әбілев шығармашылықпен айналысу үшін саясаттан кететінін мәлімдеді. Камановтың айтуынша, одан кейін «Азат» партиясы съезд де өткізбеген, жаңа басшы да сайламаған, «тек жұмысын уақытша тоқтатқан».

– Қазір онымен [Әбілевпен] хабарласу өте қиын. Оның съезд өткізіп, мына сайлауға қатысуы екіталай еді. Бәрі бұрынғы сайлаулар кезіндегідей болатыны түсінікті ғой. Бірақ, егер Назарбаев әлдебір себептермен биліктен кететін болса, билікке келгісі келетін 2-3 топ бар. Алайда олардың қаржы, аппарат жағынан мүмкіндіктері тең, сондықтан бір-бірін жеңу үшін олар оппозицияға жүгінеді. Оппозициямен келіссөз жүргізеді, міне сол кезде Болат Әбілевті «Қайда жүрсің? Кезінде ең танымал, ең әділ, ең адал адамдардың бірі болдың» деп халықтың өзі шақыруы мүмкін. Сол кезде оған саясатқа «ақбоз атпен» оралар сәт туады. Ол саясатпен айналысудан біржола бас тартпаған шығар. Шынымен, шаршаған, жалыққан болар. Егер Болат келсе, оның бүкіл жақтастары қайта оралады, - дейді Рафхат Каманов.

Бірақ «Азат» партиясының кеңселерін табу мүмкін емес. Партия мүшелері кеңселер жоқ, бірақ «көп жақтастарымыз» қалды дейді. Рафхат Камановтың айтуынша, партия белсенділері биылғы кезектен тыс парламент сайлауында ЖСДП-ның үгіт науқанын жүргізуге және сайлауды бақылауға көмектеседі.

ӨЗ-ӨЗІН ЖОЮҒА ТАЛПЫНУ

Бұрынғы парламент депутаты әрі «Кенесары хан» қоры президенті Уәлихан Қайсаров кезінде «Азат» партиясы мүшесі болған, бірақ партияластарымен келісе алмай, 2011 жылы оның қатарынан шығып кеткен. Ол президенттікке таласу ниетін жариялаған кезде Болат Әбілевпен керісіп қалғанын айтады. Бірақ, президент сайлауына түсуге екі мәрте талаптанып көрген Қайсаров президенттікке кандидат ретінде сол күйі тіркеле алмаған. Қазір ол ЖСДП атынан сайлауға үміткер ретінде ұсынылып, орталық сайлау комиссиясы тіркеген 23 кандидаттың бірі.

Уәлихан Қайсаров (оң жақта) Қазақстан президенті сайлауына түсетіні туралы өтінішін көрсетіп отыр. Астана, 2 сәуір 2015 жыл.

– «Азат» партиясы заң жүзінде бар сияқты көрінеді, ал іс жүзінде жоқ. Жалғыз ЖСДП ғана қалды. Партияны жою үшін әуелі бүкіл облыстық филиалдарын жабу керек, олар бұл процедурадан өткен. Ал кейін оны республикалық реестрден алып тастау процедурасы басталғанда салыққа қатысты әлдебір есептерін уақытында тапсырмаған болып шықты, сондықтан «Азатты» жою процедурасы бір ме, екі жылға ма, әйтеуір ұзаққа созылып кетті де, әділет министрлігі партияны реестерден алмай қойды. Бірақ «Азат» талай арыз да берді, тіпті соттасып та көрді, бірақ оны сол күйі қалдырды. Ақыры олар да «сызғылары келмесе одан әрмен» деп бәрін тастады, - дейді Уәлихан Қайсаров.

Оның пікірінше, биылғы парламент сайлауынан кейін партия мәжбүрлі түрде жойылады.

– Олар 2012 жылғы сайлауға қатысқан жоқ, ал биыл екінші сайлау өтейін деп жатыр. Конституцияға сәйкес, сайлауға екі рет қатыспаған партия жойылуы тиіс. Әділет министрлігі осы негіздер бойынша оны мемлекеттік реестрден шығаруы тиіс, - дейді Уәлихан Қайсаров.

20 НАУРЫЗ

Азаттық әңгімелескен бақылаушылар егер «Азат» партиясы іс жүзінде бар болса, мына парламент сайлауында бұрынғы стратегиясын ұстанып, өз кандидаттарын ЖСДП-мен бірге ұсынар еді деп санайды. Оппозиционерлер Қазақстанда сайлау үнемі мерзімінен ерте өтетіндіктен, дайындалып үлгермейміз деп шағымданады.

– Қазір халықтың 30 пайызы тәуелсіз, тіпті ешқандай үгітсіз-ақ сайлауға барып, кез-келген оппозициялық партияға дауыс береді. Ал үгіт жүргізілсе, 50 пайыз дауыс береді деуге болады. Тек учаскелердің бәріне өз бақылаушыларын қойып, бюллетень лақтыру сияқты түрлі айла-шарғы әрекеттерге жол бермей, бұл нәтижелерді бірдеңе етіп қорғап қалу керек. Сол кезде Астана, Алматы, Қарағанды сияқты ірі қалаларда кемі 30 пайыз дауыс алатынына сенімдімін, ал ауыл жағы қиын... Бізде 10 мың участок бар, әр ауылға өз бақылаушымызды жібере алмаймыз ғой, ал ол жақта әкім қалай айтса, солай дауыс береді, үгітке көп үміт арта алмайсың, - дейді Рафхат Каманов.

Қазақстанда кезектен тыс парламент мәжілісі сайлауы 20 наурызға белгіленген. Ал сайлауалды үгіт науқаны бір ай бұрын басталған. Парламенттегі 107 депутаттық орынның 98-і партиялық тізім бойынша, 9-ы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланады. Сайлауға «Ауыл», «Ақ жол», «Бірлік», Қазақстан халықтық коммунистік партиясы, «Нұр Отан» және ЖСДП – барлығы алты саяси партиядан кандидаттар түсіп жатыр.