Жасарал Қуанышәлин сайлауға бойкот жарияланса қосылатынын мәлімдеді

Оппозициялық қайраткер Жасарал Қуанышәлин Медеу аудандық сотында. Алматы, 1 ақпан 2011 жыл.

Қазақстандық оппозиция қайраткері Жасарал Қуанышәлин егер кезектен тыс президент сайлауына елдегі саяси партиялардың қайсыбірі бойкот жариялайтын болса оларға өзінің қосылатынын мәлімдеді. Қазір Алматының Медеу аудандық сотында Қуанышәлинге қарсы қылмыстық іс қаралып жатыр.

«Жаса Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлин ақпанның 8-і Азаттық радиосына берген сұқбатында егер кезектен тыс президент сайлауына елдегі саяси партиялардың қайсыбірі бойкот жариялайтын болса оларға өзінің қосылатынын мәлімдеді.

– Қазір кейбір қоғамдық ұйымдар кезектен тыс сайлауға бойкот жариялау туралы мәселе көтеріп жатыр ғой. Мен сол мәселені қолдаймын. Мен оны бұрын да айтқанмын. Басқаны қойып, Қазақстандағы сайлауларға бойкот жариялаған ең дұрысы деп. Өзімнің позициям сондай болатын. Бірақ оны бұған дейін ешкім қолдамады. Ал қазір енді сол мәселе көтеріліп жатыр. Сондықтан егер бойкот жарияланса мен өзім бойкотқа бірден қосыламын, – деді Жасарал Қуанышәлин.



Былтыр күзде Жасарал Қуанышәлин Қазақстандағы келесі өтетін кезекті президент сайлауына үміткер ретінде қатысатынын мәлімдеген еді.

Қазір Алматының Медеу аудандық сотында Қуанышәлинге қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Шағым иесі Сейіткерім Қожаназаров саясаткердің 2006 жылы тамыздың 8-інде «Эпоха» газетінде президент Назарбаевты сынап берген сұқбатында айтылған төрт сөйлем өзінің ар-намысына тигенін айтып сотқа жүгініп отыр.

Қуғындағы оппозициялық «Атамекен» партиясының жетекшісі Ержан Досмұхамедов Қазақстан халқын мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауына бойкот жариялауға шақырғаны туралы Азаттық радиосы хабарлаған. Досмұхамедовтың үндеуіне елдегі кейбір оппозициялық саясаткерлер қолдау білдіріп отыр.


ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН СЫНАҚ

Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауына қатысуға жазбаша өтініш тапсырған үш үміткердің алғашқысын ақпанның 8-і күні мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау мақсатында лингвистикалық комиссияның сынағына шақырып отыр.

Астана уақыты бойынша сағат 15-те Орталық сайлау комиссиясында үміткерлердің алғашқысы саясаткер Уәлихан Қайсар мемлекеттік тілден «емтихан» тапсырады.

«Қазір соған қатты дайындалып жатырмын» деді ол Азаттық радиосына.

Тағы бір үміткер – Сәлім Өтен де ақпанның 8-і қазақ тілінен сынақтан өтуі тиіс еді. Алайда ол бұл күні Орталық сайлау комиссиясына келмей қалды.

– Мен бір шаруалармен Ақтөбеде жүр едім. ОСК-дағыларға айтып, ескерттім. Мен енді ақпанның 10-ы күні тапсырамын, – деді Сәлім Өтен сейсенбі күні Азаттық тілшісіне телефон арқылы.

Ал үшінші үміткер Мұсағали Дуамеков өзінің кезегі әлі келмегенін айтады.

– Бүгін Қайсар мен Өтен сынақтан өтуі тиіс. Ал маған әзірге ешнәрсе айтқан жоқ. Бірақ менің кезегім ертең келетін сияқты, – деді ол Азаттық радиосына.


КАНДИДАТТАР ҚАРЖЫСЫ «ХАЛЫҚ БАНКТЕ» ЖИНАЛАДЫ

Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес, Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына қатысатын кандидаттардың сайлау қорларының арнаулы уақытша шоттары «Қазақстан Халық жинақ банкі» акционерлік қоғамында ашылатын болып белгіленді.

«Қазақстан Халық жинақ банкінің» сайтындағы деректер бойынша, бұл банк Қазақстан президентінің қызы Динара Құлыбаева мен оның ері Тимур Құлыбаевтың бақылауында.

Қаңтардың 28-і күні Астанада парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында кезекті жолдауын жариялаған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев денсаулығы барда жұмыс істей беретінін мәлімдеген еді.

Ал ақпанның 4-і президент Назарбаев биыл сәуірдің 3-інде Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды.