Қазақстан ДСҰ-ға қашан мүше болуы мүмкін?

Атыраудағы «Дина» базары. 27 қыркүйек 2010 жыл.

Экономиканы дамыту мен сауда министрі Жанар Айтжанова Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына 2012 жылдың бірінші жартысында кіруге ниеттеніп отырғанын мәлімдеді. Сарапшылар елдің ұйымға кіруі біршама уақытқа созылуы мүмкін деген пікірде.
Қазақстанның ДСҰ-на мүше болу мүмкіндігі жайлы тыңдаңыз

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстанның ДСҰ-на мүше болу мүмкіндігі жайлы тыңдаңыз


Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруге өтінішін 1996 жылы берген болатын. Содан бері елдің халықаралық ұйымға қосылатын мерзімі бірнеше рет кейінге қалдырылып келді.

2008 жылдың ақпан айында Қазақстан ұйымға кіру жөнінде келіссөздер процесін 2009 жылы аяқтауды жоспарлап отырғанын мәлімдегенімен, ол мерзім тағы да кейінге қалды.

Қаржыгер-сарапшы Ғалым Байназаров Қазақстанның ДСҰ-ға ерте ме, кеш пе әйтеуір мүше болатынына сенеді. Ол мұны үкіметтің осы мақсатта көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанымен түсіндіреді.

Дүниежүзілік сауда ұйымы – әлем елдері арасындағы сауда қатынастарын халықаралық ережелер көмегімен реттейтін халықаралық ұйым.

Осы ережелердің негізгі мақсаты – ұйымға мүше елдердің ашық және либералды сауда саясатын жүргізуін қолдау.

1995 жылы қаңтардың 1-і құрылған Дүниежүзілік сауда ұйымына қазіргі кезде әлемнің 153 елі мүше болып табылады.