Ресей өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының вице-президенті Александр Мурычев келесі жылдың қаңтарында іске қосылатын Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) елдерінің территориясында еларалық операциялар кезінде доллар және еуромен есеп айырысуға тыйым салуды енгізуді ұсынды. Бұл ұсыныс ЕАЭО-ның төлем жүйелерін дамыту тұжырымдамасы жобасында жазылған.
Жоба авторлары Ресей мен Беларусь рубльдері, Қазақстан теңгесі және Армения драмы негізінде экономикалық одаққа мүше елдердің төлем кеңістігінің ортақ инфрақұрылымын құруды ұсынған. Оның үстіне ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, жобада ЕАЭО-ға мүше елдер территориясында доллар мен еуродан толық бас тарту қарастырылған.
Бүгін Қазақстан ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ресей өкілінің бастамасына қарсылық білдірген мәлімдеме таратты. Кәсіпкерлер палатасының мәлімдеуінше, ЕАЭО туралы келісім-шартта оған мүше елдердің резиденттері арасында өзара есеп айырысу кезінде шетел валюталарынан бас тарту немесе тыйым салу қарастырылмаған.
Азаттық «Ресейдің кейбір кәсіпкерлерінің бастамасы астарында саяси мақсат пен экономикалық мақсаттың қайсысы басым?» деген сұраққа қатысты сарапшылар пікірін сұрады.
Олжас Құдайбергенов, Қазақстан экономистер қауымдастығы директоры
– Мәселе мынада, Ресей – Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше ел, ал ЕАЭО елдерінің бәрі Халықаралық валюта қоры сияқты халықаралық ұйымдардың мүшелері, сондықтан шетел валютасын пайдалануға тыйым енгізе алмайды. Жалпы, бизнесте түрлі жағдайлар болуы мүмкін әрі төлемді қай валютамен алу тиімдірек екенін бизнес ғана шешетіндіктен тыйым салу әдісіне жүгінуге болмайды. Мәміле жасар кезде ұлттық валютамен есеп айырысуды ұсынуға болады, ал мұны доллар немесе еуроға әлдебір тыйым салмай-ақ істеуге болады. Бұл – бір адамның пікірі, сондықтан оған көп пікірлердің бірі ретінде ғана қарау керек.
Досым Сәтпаев, саясаттанушы
– Бұл Беларусьпен де, Қазақстанмен де ресми деңгейде келісілмеген ұсыныс екені түсінікті. Бірақ ЕАЭО құру жобасы аясында Мәскеу тарапынан мұндай мәлімдемелер бұрын да талай жарияланғанын ұмытпау керек. Олар кезінде бірыңғай орталық банк сияқты бірыңғай қаржы кеңістігін құрудан бастап, бірыңғай валюта енгізу процесін тездетуді ұсынған болатын. Бұл процесте асықпау саясатын ұстанатын Беларусь пен Қазақстанда бұл ұсыныстар белгілі бір түсінбестік тудырады.
Жалпы, тауар айналымын алсақ, Қазақстанның негізгі әріптестерінің бірі Ресей де, тіпті Қытай да емес – Еуропа Одағы. Яғни сауда-саттық қатынастары тұрғысынан алғанда Қазақстан доллар және еуромен есеп айырысатын мемлекеттермен тығыз байланысты. Сондықтан бұл бастамадан бірдеңе шыға қояды деп үміттену орынсыз. Қазір Ресей санкцияның соққысына төтеп бере алатынын және әлемде әлдебір экономикалық балама бар деген ойын бүкіл әлемге бар күшімен дәлелдеуге тырысып жатыр. Сондықтан, меніңше, Ресей кейбір өкілдері атынан мұндай мәлімдеме жасау арқылы Батыс елдеріне «доллар мен еуро қолданысын қысқартамын, балама табылады» деген сияқты қыр көрсеткісі келеді.
Петр Своик, оппозициялық саясаткер
– Бұл – іске асуына нақты мүмкіндіктері көп, бірақ тым асығыс жасалған мәлімдеме. Түбі бір болатын жағдайға тап қазір көшуді ұсынған. СССР күйреп, нарықтық реформалар басталғаннан кейін Қазақстан мен Ресей өздері ойлап таппаған ережелерге мойынсұнып, орындауға мәжбүр болды. Бұған дейін рубль де, теңге де жергілікті «доллар» ретінде азды-көпті жұмыс істеп келді. Енді Батыспен қырғи-қабақ болған Ресей санкцияның астында қалғаннан кейін олар орыс «долларын» соққының астына алып жатыр. Қазір қанша әрекеттенсе де, рубль жоқ, ол орыс «доллары» болып кеткен. Күші басым қарсыластың қысымына төте бере алмай шегінсе де, біздің ұлттық банк сияқты мізбақпай бір бағамды ұстап тұрса да, бәрібір «негізгі доллардың» алдындағы «жергілікті доллардың»күйін кешеді.
Бірақ ақыры бәрібір ұтылады. Сондықтан ерте ме, кеш пе, өзге қарым-қатынас ережелеріне бәрібір көшеміз. Бұл жағдайды ұлттық кәсіпкерлер палатасы ғана емес, биліктің өзі де тым-тырыс мұқият бақылап отыр. Ал кейін айқындала бастаған нұсқаға қосыла салмақ.