Маска – Еуразия Одағына қарсылық белгісі

Еуразиялық одаққа қарсылар Facebook желісінде жариялаған суреттердің бірі.

Интернетте Еуразия Одағына қарсы акция басталды. Ресейдің «империялық пиғылынан қорғану» белгісі ретінде медициналық маска таққан қолданушылар саны әлеуметтік желілерде артып келеді.
Мамыр айының соңында Ресей, Беларусь және Қазақстанның біріккен жобасы – Еуразия экономикалық одағы туралы келісімге қол қойылмақ. Келісімге сәйкес, одақ 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастайды.

Қазақстан билігі тек экономикалық мүддені ғана көздейтін одақтан ел тәуелсіздігіне ешқандай нұқсан келмейді деп сендіреді. Бірақ елде жаңа одаққа қарсы азаматтар «Кремльдің бұл жобасы Қазақстанды тәуелсіздігінен айырады» деген пікірде.

Еуразия Одағын құру туралы келісім-шартқа қол қойылатын мерзім жақындаған сайын интернетте оған қарсы азаматтардың белсенділігі арта бастады.

«ИМПЕРИЯЛЫҚ ВИРУСҚА ҚАРСЫ» АКЦИЯ

Мамырдың 15-і күні Facebook әлеуметтік желісінде Еуразия Одағына наразы азаматтар «Империялық вирусқа қарсы» акциясын бастады. Акцияға қатысушыларды аватарындағы бетіне медициналық маска тағып түскен

Еуразиялық одаққа қарсылық ретінде маска тағып алған белсенді Ербол Кушугуловтың Facebook парақшасындағы суреті.

суретінен білуге болады. Олар масканы одақ құруға мүдделі боп отырған Ресейдің «империялық пиғылынан қорғану» белгісі деп түсіндіреді.

Акцияны ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл «Еуразия Одағына қатысты көзқарасты жеткізудің қарапайым, қауіпсіз және оңай жолы». Және ол үшін полиция «заңсыз акция өткіздің» деп ұстап қамай алмайды.

Акцияға қатысушылардың бірі Қуаныш Жандарбеков есімді қолданушы: «Менің жасым әлі 17-де. Бірақ, мен қолымнан келгеннің бәрін жасаймын» деп жазған.

«ХАЛЫҚТЫҢ ЕРКІН СҰРАҒАН ЖОҚ»

Қазіргі кезде Facebook желісінде акцияға орай, арнайы жабық топ та құрылған. Шамамен 200-ден астам мүшесі бар топта акцияның барысы, түрлі демотиваторлар жарияланған.

"Ресейдің Еуразия Одағы арқылы Қазақстанды өзіне қосып алатыны туралы ескертуіме орай Facebook желісіндегі танысым «Еуропа да одаққа бірікті емес пе» деген уәж айтты. Еуропа әр елде референдум өткізіп барып бірікті. Ал мүшелері Еуропа Одағынан референдум арқылы да шыға алады. Ал Еуразия Одағы туралы халықтан тіпті сұраған да жоқ, - дейді акцияны қолдаушылардың бірі Серікжан Мәмбеталин.

Еуразиялық одаққа қарсы жиынға қатысушы. Алматы, 12 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Акцияға қатысушылар арасында экологиялық қозғалыс белсендісі Дагмар Шрайбер де бар.

«Өзін-өзі анықтау еркіндігі үшін! Өзіне қатысы бар мәселеге халықтың араласуы үшін! Қазақстан халықтың қоғамдық-саяси процеске араласуын қарастыратын Орхус конвенциясына қол қойған. Ел, халық арасындағы бейбітшілік пен достық үшін!» деп жазды ол мамырдың 15-і күні.

Қазақстанда Еуразия экономикалық одағына қарсы акциялар осыған дейін бірнеше рет өткен еді. Наразылар бұл одақ елдің саяси, экономикалық еркіндігіне қатер төндіреді деп қауіптенеді.

Бұл қазақстандықтар өткізіп отырған алғашқы интернет акция емес. Жаңаөзен оқиғасынан кейін де интернет-қолданушылар елде қаралы күн жариялауын талап етіп, аватарларын арнайы суретке ауыстарған еді.