Апта бейнелері: 28 қазан - 1 қараша

28 қазанда Қытай астанасы Пекиндегі Тяньаньмэнь алаңында жұрт арасына кіріп кеткен автокөлік алдымен жарылып, кейін өртенді. Оқиға алаңның солтүстік бөлігінде, Мао Цзе Дуньнің үлкен суреті ілінген жерде болған. Билік автокөліктегі үш адам мен сол маңда жүрген екі жүргіншінің қаза болғанын мәлімдеді. Кей баспасөз құралы "оқиғадан 38 адам жараланған, арасында туристер мен полиция өкілдері бар" деп хабарлады. 1 қарашада Қытай билігі оқиғаға жауапты - "Шығыс Түркістан ислам қозғалысы" деп жариялады.

Арсен Шакуов атты белсенді Facebook парақшасында қазанның 28-і күні оған әлдебір жол полицейінің тап бергені көрінетін видео жариялады. Жол ережесін бұзғандарды тәртіпке шақырғаны үшін «полицейден зәбір көрдім» деген қоғамдық белсендінің арызы бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Қазақстанның ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха «Шакуовты соққыға жыққан полицейге қатысты қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралып» жатқанын мәлімдеді.

Қазанның 29-ы күні Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримоваға қатысы бар Ташкенттегі Terra Group компаниясының есеп-шоты жабылды. Бұл Өзбекстанның автократ президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнараға қарсы шабуылдың жалғасы болса керек. Соңғы апталарда оған қарайтын мекемелер мен ақпарат құралдары жабылып, кейбірінің жұмысына қатысты тергеу басталған. Сарапшылар Өзбекстан президенті Ислам Каримов пен қызы Гүлнараның арасына жік түсті деп болжайды.

YouTube-те қазанның 29-ы күні «Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылғы қажылық кезінде тәуап етіп жүр» (Нурсултан Назарбаев совершает таваф во время хаджа 2013 года) деген видео жарияланды. Іле-шала әлеуметтік желілердегі басқа қолданушылар «қажылықта жүрген тағы екі адамның» – Тимур Құлыбаев (президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер) пен Кеңес Рақышевтің (Астана қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің күйеу баласы, мультимиллионер) фотосын да жариялады. Бұл материалдар қажылықтан бір жарым ай өткен соң ғана жарияға шықты.

Forbes журналы әлемдегі ең ықпалды адамдардың тізімін жасады. Тізімге мемлекет басшылары, қаржыгерлер, қайырымдылық істермен айналысушылар және бизнесмендер кіреді.

Бұл тізімді Ресей президенті Владимир Путин бастап тұр. Ол Forbes тізімінде былтыр бірінші болған АҚШ президенті Барак Обаманы екінші орынға ысырған. Үшінші орында Қытай басшысы Си Цзиньпин тұр. Рейтинг жүздеген кандидаттан іріктеліп жасалған. Тізімге 72 адам кірген.

Қарашаның 1-і күні Алматының Алмалы аудандық сотында «терроризмге қатысы бар» деп айыпталған сотталушы Саян Хайыровты тергеу аяқталды. Судья Гүлшаһар Шыныбекова соттағы тергеудің аяқталғанын жариялап, тараптар жарыссөзін қарашаның 4-іне белгіледі. «Терроризм», «адам ұрлау», «заңсыз қару-жарақ жасау мен оқ-дәрі сақтау» және «Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өту» деген айыптар тағылған 38 жастағы Саян Хайыровтың ісіне Іле Алатауы паркіндегі жаппай кісі өліміне байланысты ақпарат құралдарының назары ауды. Хайыровқа бұл қылмысқа жауапты деп аталған террористік топты құрып, оған басшылық жасады деген айып тағылған. Алматы түбінде өткен жылы 33 адам (төртеуі әйел, жетеуі бала) өлген оқиғаларды да осы топтан көреді.

Қазақстанда 1 қарашадан бастап әмбебап полицейлер қызметке кірісті. Бұған дейін әкімшілік және жол полициясы біріктіріліп, қайта жасақталған еді. Астана қалалық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, әмбебап полицейлер "азаматтардың жеке бас және мүліктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, қоғамдық тәртіпті және жолдағы қауіпсіздікті сақтайды әрі қылмыстарды ашып, қылмыскерлерді ұстайды". Әмбебап полицейлер әкімшілік полиция басқармасының құрамында болады.

Балқаштық адвокат Зинаида Мухортова 1 қараша күні Астанадағы "Психикалық денсаулық медициналық орталығынан" шығарылды. Бұл орталықта ол 30 қыркүйектен бері өзіне тағайындалған психологиялық-психиатриялық сараптама нәтижесін күтіп жатқан. Бірақ сараптама қорытындысы әлі белгісіз. Мухортова Астанадағы орталыққа түскенге дейін бірнеше ай бойы Балқаштағы психиатриялық диспансерге мәжбүрлеп жатқызылған еді. Ол Балқаш қаласының бірнеше тұрғынымен бірге президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына және "Нұр Отан" партиясына депутат Ерлан Нығматулиннің үстінен шағым жазғаннан кейін қудалана бастаған. Оған қатысты жағдай Азаттықта жазылған соң бұл іс халықаралық құқық қорғау ұйымдарының назарына ілікті. Халықаралық ұйымдар оны "саяси себеппен қудаланып отыр" деп санайды.

Осы апта Facebook-те «Сириядағы азиялықтар» суреті қызу талқыланды. Онда монголоид нәсілді төрт адам тұр. Қазақтарға да ұқсайды. Бұған дейін «Сириядағы қазақ жиһадшылар» туралы видео тараған еді. Ішінде Аманжол Жансеңгіров, Мақсат Аймаханов, Нұрлан Қаматаев, Мәдина Мырзаханова бар.