Апта бейнелері: 3 - 8 наурыз
3 наурыз күні Ресей қор нарықтарында құлдырау басталды. Ресей компаниялары мен банктері акциялары арзандады. "Газпромның" құнды қағаздары - 11 пайызға, "Уралкалий" акцияларының құны - 11 пайыз, "ВТБ" банкінің акциялары - 12,5 пайыз, "Сбербанк" акцияларының құны - 8 пайызға төмендеген. "Мечел" металлургиялық компаниясының акциялары 26 пайызға арзандап, оларды сату тоқтатылды. Рубль бұрын-соңды болмаған деңгейде арзандады. Сарапшылар пікірінше, Ресей биржаларындағы құлдырау 2008 жылғы Ресей-Грузия соғысы кезіндегі құлдыраудан екі есе асып түседі. Инвесторлар "Ресей федерация кеңесінің 1 наурызда Украинаға Ресей әскерін кіргізу шешімінің экономикалық салдары болады" деп алаңдайды.
Суретте: Мәскеудегі ақша айырбастау пунктіндегі рубльдің шетел валюталарына қатысты бағамы. 3 наурыз 2014 жыл.
3 наурызда Forbes журналы әлемнің ең бай адамдарының жыл сайынғы тізімін жариялады. Тізімге кірген бес қазақстандықтың ішінде жаңа есім жоқ. Олар: Болат Өтемұратов; Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев пен оның әйелі, Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева; ENRC металлургиялық және тау-кен өндірісі корпорациясының иелері - Алиджан Ибрагимов, Александр Машкевич пен Патох Шодиев; «Қазақмыс» директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы, корпорапция акциясының көп бөлігінің иесі Владимир Ким. Бұл адамдардың Forbes тізімінде нешінші орында тұрғаны мен қанша ақшасы бар екенін Азаттықтың "Forbes тізіміне Қазақстаннан бұрынғы бес миллиардер тағы кірді" деген мақаласынан оқи аласыздар.
Суретте: Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев.
3-4 наурызда Қазақстанның бірнеше қаласында Украинадағы Ресей әрекеттеріне қарсы акциялар өтті. 3 наурызда Астанадағы Ресей елшілігіне он шақты адам барып, наразылық білдірді. Белсенділердің бірі Махамбет Әбжанды полиция ұстады.
3 наурыз күні Алматыдағы Ресей консулдығы алдында бір топ белсенді Ресейдің Украинаға әскер кіргізуіне наразылық білдірді. Олар "Ресей, Украинадан қолыңды тарт!" деген плакат ұстап шықты.
4 наурызда Орал белсенділері Ресей консулдығына хат тапсырды. Олар Ресейден Украинаның ішкі істеріне араласпауды талап етті.
Суретте: Алматыда өткен акция.
5 наурызда Вашингтонда АҚШ мемлекеттік департаменті жыл сайын берілетін "Әлемнің ең батыл 10 әйелі" сыйлығын тапсырды. Марапатталғандар арасында ауғандық дәрігер Насрин Оряхил; украиналық әнші, "Еуромайдан" белсендісі Руслана Лыжичко; Тәжікстан президенттігіне бұрынғы кандидат Ойнихол Бобоназарова және грузиялық епископ Русудан Готсиридзе бар. Сыйлық әйелдерге "бейбітшілікті сақтау, әділеттілік, адам құқықтары, гендерлік теңдік пен әйелдер теңдігін орнату жолындағы асқан батылдығы мен жетекшілік қабілеті" үшін беріледі.
Суретте: АҚШ президенті Барак Обаманың әйелі Мишель Обама (сол жақта) украиналық әнші, белсенді Руслана Лыжичконы марапаттап тұр.
5 наурызда Ресейдің "Тополь" баллистикалық зымыраны Қазақстандағы полигонға атылып, шартты нысанаға тиді. Ресей қорғаныс министрлігі "Сынақ мақсаты - зымырандардың әскери жарамдылығын тексеру" деген. Ресей бұған дейін 2012 жылы қазанда, ал былтыр екі рет - қазан және желтоқсан айларында да Қазақстанға зымыран атып, сынаған еді. Қазақстанда Ресей полигондарын жабуды талап ететін белсенділер бар. Олар сынақтарды «қорлық» деп бағалайды. Зымыран Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге аттанған күні атылды.
6 наурызда биылғы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсынылған үміткерлер аты-жөндері жарияланды. Олардың саны рекордтық көрсеткіш - 278-ге жетті. Үміткерлердің 231-і - жеке адам, 47-сі - әртүрлі ұйымдар. Үміткерлер арасында Рим Папасы Франциск, пәкістандық оқушы әрі блогер Малала Юcуфзай, Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ арнайы қызметінің құпия аңду бағдарламасын әшкере еткен Эдвард Сноуден бар. Сыйлықты тағайындау комитеті бұған дейін үміткерлер санын 25-40 адамға дейін қысқартқан. Сәуір айында үміткерлер тізімінде шамамен 12 адам мен ұйым ғана қалдырылып, жеңімпаз қазан айында жарияланады.
Суретте: Мәскеуде өткен шеруде әйел адам Путиннің портретін көтеріп келеді. 2 наурыз 2014 жыл.
6 наурызда Украинаның Қырым автономиялық республикасының парламенті республиканың Ресей құрамына қосылуын қолдап дауыс берді. Парламент аймақтың Ресейге қосылу мәселесін дауысқа салу туралы референдумды 16 наурызда өткізуді мақұлдады. Қырымның таяуда тағайындалған ресейшіл үкіметі Украинаның жаңа басшылығын мойындамайды.
Ақпанның 28-інен бері Украина құрамындағы Қырым аймағында жағдай күрт шиеленісті. ЕО мен АҚШ басшылары Қырымға Ресей әскер кіргізді деп санайды. Наурыздың 4-і күні Қырымда жүрген айырма белгісі жоқ "ресейшіл" әскерді «жергілікті өзін өзі қорғау жасақтары» деп мәлімдеген Ресей президенті Владимир Путин Қырымдағы әскердің Ресейдікі екенін үзілді-кесілді терістеді.
Суретте: Қырымдағы Севастополь қаласындағы Ресейді қолдайтындар шеруі. 6 наурыз 2014 жыл.
«Барахолка» базарларында болған өрттердің біріне қатысты алғашқы сот отырысы наурыздың 6-сы күні басталды. «Олжа» базарын жалға алушы Қайранов және тағы бір базардың бас директоры Алдабергенов (сот айыпталушылардың толық аты-жөнін айтпады) «Өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу» бабы бойынша күдікті ретінде Қылмыстық кодекстің "Отпен абайсыз жұмыс iстеу салдарынан ауыр зардаптарға әкеп соққан бөтен адамның мүлкін жою немесе бүлдіру" бабы бойынша жауапкершілікке тартылып жатыр. Ел ішінде «Барахолка» деп аталып кеткен Алматыдағы ірі базар соңғы алты айда бес рет өртенген еді.
6 наурызда Астанада "Махаббат" тұрғын үй кешенінің ондаған тұрғынын, оның ішінде оқушы балаларды да наразылық акциясы кезінде полиция ұстап әкетті. Олар сот шешімімен өздерін пәтерлерінен шығарып жатқандарын айтқан. Наразылар қолдарына "Үйсіз Отан болмайды", "Халықты баспанасыз қалдырмаңдар" деген плакат ұстап алған.
2009 жылы 400-ден астам адам 49 пәтерді жалға алу туралы келісім-шартқа отырып, тұрғын үй кешені иесіне ақша төлеп келген. Алайда қожайын үйді басқа компанияға сатып жіберіп, жаңа қожайын олардан пәтерлерді босатуды талап еткен. Сот тұрғындардың келісім-шарттарын "жарамсыз( деп тауып, оларды пәтерлерінен шығару туралы шешім қабылдаған. Бірақ олар пәтерден шығаруға наразылық танытып, келісім-шарт жасасқан адамдардың үстінен арызданған.
7 наурызда Сочиде 11 қысқы паралимпия ойындары ресми түрде басталды. Паралимпиада Ресейдің Украинаның Қырым аймағына әскер кіргізіп, жағдай шиеленіскен тұста өтіп жатыр. АҚШ президентінің делегациясы және басқа да бірқатар шетелдік лауазымды тұлғалар паралимпиадаға барудан бас тартты. Ресей президенті Владимир Путин паралимпидаға қандай да бір байкот жариялауды "арсыздық" болып саналатынын айтты. Бұл жарысқа қазақстандық бес спортшы барды.
8 наурыз күні алматылық белсенді Дильнар Инсенованы полиция ұстады. Сот оған 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл (500 доллардан асады) кесті. Белсенді полицияның балаларды ұстауына қатысты наразылық білдіріп, "полиция әрекетіне қарсылық ретінде Алматыда жиын өткізуге" шақырды.
6 наурызда Астанада наразылық білдірген "Махаббат" тұрғын үй кешенінің ондаған тұрғынын (араларында балалар да бар) полиция ұстады. Олар өздерін үйлерінен заңсыз шығарып жатыр» деп санайды. Полицияның оларды ұстаған видеосы интернетке шығып, әлеумет наразылығын тудырған еді.