Әйелдердің зейнет жасын ұлғайту идеясы сынға ұшырады

Базарда банан сатып отырған әйел. Алматы, 24 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан үкіметі әйелдердің зейнет жасын 63-ке ұлғайтуды ұсынып отыр. Әйелдер ұйымдары бұған қарсы, бірақ олар ер адамдардың зейнетке шығу жасын төмендетуді қолдайды.

2011 жылдың қыркүйегінде бірнеше министрлік пен ведомство өкілдерінен құрылған арнайы комиссия зейнетақы жүйесін жетілдіру, оның ішінде әйелдердің зейнетке шығу жасын ұлғайту жөнінде ұсыныстар әзірлеп жатыр.

ЗЕЙНЕТКЕР ӘЙЕЛДЕРДІҢ САНЫ 2,5 ЕСЕ КӨП

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру департаментінің директоры Әсел Мұқанованың айтуынша, «зейнетақы реформасы үкіметке биылғы шілденің 1-інде ұсынылмақ».

Әсел Мұқанова «үкімет комиссиясы мемлекеттік органдардың ғана емес, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтардың да тілектерін ескереді» дейді. Мұқанова әйелдердің зейнет жасын ұлғайтуға қарсы адамдардың көп екенін мойындады.

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко. Алматы, 23 сәуір 2009 жыл.


Алайда бұл туралы түпкілікті шешімді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қабылдайды.

Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың мәлімдемесі бойынша, «Елдегі зейнеткер әйелдер ерлерден екі жарым есе көп». Ол «Аға буынға жататын әйелдердің білігі мен тәжірибесі мол, әйелдердің зейнет жасын ерлермен теңестіру керек» дейді.

Зейнет жасын өсіру туралы мәселе Ресейде де талқыланып жатыр. Ресейліктер "зейнетақы жүйесі қаржы пирамидасына айналып барады" дейді. Өйткені әр ұрпақ алдыңғы буыннан көп төлеп, жиғанынан көп алады.

ӘЙЕЛДЕР ҰЙЫМДАРЫ ҚАРСЫ

Әйелдердің үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері мен сарапшылар ұлттық банк төрағасының зейнет жасын ұлғайту туралы пікірін сынады.

Шымкенттің 75 жасар тұрғыны, «Оңтүстік Қазақстан облысының азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Клара Әліпова «Әйелдердің көбі 58-ден кейін де еңбек еткісі келеді. Алайда бізде жасқа байланысты шектеу бар. Жұмыс берушілердің адамның жасына қарайтыны жасырын емес» дейді.
Егде әйелдердің білігі мен тәжірибесі мол, әйелдердің зейнет жасын еркектермен теңестіру керек.
Григорий Марченко.

«Қазақстан әйелдері» қоғамдық ұйымының төрайымы Дәметкен Әленова Григорий Марченконың «Зейнеткер әйелдер ерлерге қарағанда көп» деген сөзін қостап, ер адамдардың көбінесе зейнет жасына жетпей қайтыс болатынын айтты.

Әленованың ақпары бойынша, Қазақстанда ерлердің орташа өмір сүру жасы - 63,6 жыл. Ал олар зейнетке 63 жасында шығады. Ол «Үкімет еркектердің зейнет жасын 63-тен, кем дегенде, 60-қа кемітуі тиіс» дейді.

Ал әйелдердің зейнет жасын бұрынғыша 58-де қалдырып, көп балалы аналар үшін 55-ке төмендетсе жақсы болар еді деген пікір айтты.

ЕКІНШІ РЕФОРМА

Қазақстан зейнетақы қорлары қауымдастығының жетекшісі Айдар Әлібаев "советтік республикалар ішінде 1998 жылы қаңтардың 1-інде зейнетақы туралы заң қабылдап, азаматтардың зейнет жасын ұлғайтқан жалғыз ел - Қазақстан" екенін айтты.

- Реформалар не береді? Цифрлар мен дәйектер қайда? Жалпы, бұл шаруа халықтың, әйелдердің мүддесін қорғау ма, әлде бұл мемлекеттік бюджетті үнемдеу ме? Егер бюджетті үнемдеу керек болса, үкімет үнемделетін қаржыны көрсетсін. Ал егер мұнай бағасы құлдырап, күніміз әйелдердің зейнет жасын ұлғайту арқылы ақша үнемдеуге қарап қалса, үкімет мұнайдан түсетін кірісті жалтармай, ашып айтсын, - дейді ол.
Шешім халықтың, бірінші кезекте, әйелдер пікірін ескеріп қабылдануы тиіс.
Айдар Әлібаев.

Айдар Әлібаев «Бұл - азаматтарды алаңдататын маңызды мәселе. Сондықтан жария талқылансын. Мәселенің шешімі халықтың, бірінші кезекте, әйелдер пікірін ескеріп қабылдануы тиіс» деген пікірде.

- Біз зейнет жасы туралы үкіметтегі сыбыр-күбірді, ірілі-ұсақты шенеуніктердің әлдебір астарлы, бір-бірімен байланысы жоқ, үзіп-жұлып айтқан ойларын ғана естіп қалып отырмыз, - дейді ол.

НАЗАРБАЕВ ҚОЛ ҚОЯ МА?

Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағының басқарма төрайымы Зүлфия Байсақова әйелдердің зейнет жасын ұзарту туралы ақпар өзіне күтпеген жаңалық болғанын айтты.

Оның ойынша, «Әйелдер ұйымдары бірігіп, әйелдердің зейнет жасын ұзарту бастамасына қарсы тұру қажет».

- Бірігіп қарсы тұрсақ, президент заңға қол қоймайды, - дейді Зүлфия Байсақова.

Дағдарыс орталықтары одағының президенті Зүлфия Байсақова. Алматы, 21 қазан 2011 жыл.


Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталованың пікірінше, президент үкіметтің бұл ұсынысын қолдамауы тиіс. Ол президент мына фактілерге назар аударуы тиіс деп есептейді:

- Біріншіден, жастардың бір бөлігі жұмыссыз. Екіншіден, елде зейнетақы жасына таяған адамдар бар. Егде тартқандардың ішінде де жұмыссыздық бар.

Оның үстіне, Қазақстанда бірнеше миллион адам өз күнін өзі көріп жүр. Үкімет «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» бұл адамдардың көбі зейнетақы қорына ақша аудармайды. «Егер президент жаңа реформаны қолдаса, әлеуметтік мемлекет тұжырымдамасы құр декларация болып қалады, ал қол қойған заңы халыққа қарсы болып шығады, - дейді Зәуреш Батталова.

Қадірлі оқырман, бұл - Азаттықтың дөңгелек үстелінің жазбаша нұсқасы. Аудио нұсқасын орыс тіліндегі сайтымыздан тыңдай аласыз.