Түрмеден қашып кеткен соң іздеу жарияланған ресейлік азамат Алексей Евстафьев қыркүйектің 17-сі күні Алматыдағы аралық түрме арқылы Ресейге жөнелтілді. Оның өкілі Марина Рыбчинскаяның Азаттық тілшісіне айтуынша, Ресейдің оны экстрадициялау туралы өтінішінің саяси астары бар әрі ол «Ресейге оралсам, өміріме қауіп төнеді» деп қорқады.
МӘСКЕУ ҚАЛАЛЫҚ ДУМАСЫ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІКТЕР
Марина Рыбчинскаяның айтуынша, 1990 жылдардың басында Мәскеу қаласының тұрғыны Алексей Евстафьевтің сол кездегі қала мэрі Юрий Лужков, болашақ ішкі істер министрі Владимир Рушайло және өзге де белгілі адамдармен «жақын таныстығы» болған.
- Ол 1996 жылы Мәскеу қалалық думасына сайлау науқаны кезінде Лужковтың тізімдерін әзірлеген, - дейді Марина Рыбчинская.
Бірақ Алексей Евстафьев өкілінің айтуынша, Евстафьев көмектескен саясаткерлердің кейбірі күшейіп алған соң оны «шеттете бастаған». Ал әлгі саясаткерлердің өздері биліктің қаһарына ұшыраған соң, жағдай одан ары ушығып, оны «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деген айыппен 12 жылға соттаған.
Медициналық анықтамаға қарағанда, басынан соққы алған Евстафьев Ресей түрмесінде шизофрения дертіне шалдыққан. Тиісті уақыты келгенде ол мерзімінен бұрын шартты босату туралы бірнеше мәрте өтініш жолдаған, бірақ оның өтініштері қанағаттандырылмаған. Дегенмен денсаулық жағдайын ескеріп, оны қоныс колониясына ауыстырған. Бірақ еркіндікке шығуға аз қалған кезде Евстафьев әлдебір қиындықтарға ұшырап, жартылай еркін режимнен гөрі Қазақстанға қашып кетуді жөн көрген. Оның өкілінің айтуынша, «саяси өмірбаяны бай» тұтқын құлдықтан бас тартқан.
Ол Қазақстан президентіне жолдаған өтінішіне қатысты шешім күтіп жүрген, бірақ оны аяқ астынан Тараз қаласынан Алматыға этаппен жөнелтіп жіберген.
Алексей Евстафьевтің адвокаты Ресей бас прокуратурасы ақпаратына қатысты «А.В.Евстафьевке демалыс күндері сыртқа шығуға рұқсат қоныс колониясы объектілерін жөндеуге қаражат жинау үшін ғана берілген. А.В.Евстафьев ПТУ-ды жөндеген әрі қоныс колониясының өрт сөндіру бөлімін көлік жуатын орынға айналдыру жұмысын бастаған. Демалыс күндерінің бірінде Мәскеуде болған А.В.Евстафьев «әлдебір офицерге» (телефон арқылы сөйлескен екеуінің әңгімесін туыстары естіген) көлік жуатын орынды жабдықтауға қажет ақшаны жинай алмайтынын айтқан. Оған әлгі «офицердің» не деп жауап бергені белгісіз. Бірақ әңгімеден кейін А.В.Евстафьев қоныс колониясына бармаған, яғни «жазасын өтеуден жалтарған» деп жазған.
2009 жылдың басында Евстафьев қоныс колониясынан қашып кеткен. Кейіннен ол Мәскеуден Қазақстанға - Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласына келген. Евстафьев 2014 жылы наурыз айында Таразда тұтқындалған. Бұдан кейін экстрадициялау процедурасы, сот отырыстары мен экстрадициялау туралы шешімге қатысты шағымдану әрекеттері басталған. Евстафьев біртіндеп соттардың бәрінде жеңілген. Бұдан кейін Евстафьев саяси баспана сұрап Қазақстан президенті атына өтініш жазған. Заң бойынша Қазақстан президенті әкімшілігінен шешім келгенше экстрадициялау процедурасы уақытша тоқтатыла тұруы мүмкін.
- Ол Қазақстан президентіне жолдаған өтінішіне қатысты шешім күтіп жүрген, бірақ оны аяқ астынан Тараз қаласынан Алматыға этаппен жөнелтіп жіберген, - дейді Марина Рыбчинская Азаттық тілшісіне.
АЗАПТАУҒА ҚАТЫСТЫ ШАҒЫМДАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ТЕРІСТЕУ
Оның заңды өкілінің айтуынша, қыркүйектің 14-і күні Тараздан этаппен жөнелтілген Евстафьевті Алматыға келген соң қала орталығындағы СИ-1 тергеу абақтысына апарған. Бірақ Азаттық тілшісі жүргізген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде Евстафьев, нақтырақ айтқанда оның «ізі» Алматының шетіндегі СИ-18 абақтысынан табылды.
Мария Рыбчинская «Оны автозакқа дейін көтеріп әкелген күзетшілердің бірінің хабарлауынша, соққыға жығылып, басынан жарақат алған ол ес-түссіз күйде болған әрі көп қан жоғалтқан. Бірақ бұған қарамастан оны этаппен жіберген» дейді.
Алматы қаласы түрме жүйесі қызметкерлері мұндай болжамды терістейді. СИ-18 тергеу абақтысының арнайы бөлім бастығының орынбасары Думан Рахманов Азаттық тілшісіне «Евстафьевті азаптау сияқты қатыгездік әрекеттеріне жол берілген жоқ» деп мәлімдеді.
Егер біреу-міреудің денесінен соққы іздері табылса, бізге бірден хабарлар еді.
Майор Рахмановтың айтуынша, «Евстафьевтің өңі Тараздан этаппен әкелген кезде соққыға жығылған адамның түріне ұқсамайды. Қыркүйектің 17-сі күні Ресей жаққа этаппен жөнелтілген Евстафьевтің денсаулығын оның жанындағы дәрігер бақылайды» дейді.
Евстафьевтің азаптауға ұшырағанын Алматы қаласы және Алматы облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары полковник Манас Тұяқбаев та терістейді.
- Бізге келген әр этап медициналық тексеруден өтетіндіктен, оны ұрып-соғу әрекеттерінің болуы мүмкін емес. Егер біреу-міреудің денесінен соққы іздері табылса, бізге бірден хабарлар еді. Біз ештеңені жасырып отырған жоқпыз. Өйткені біреудің «күнәсін» арқалап керегі не? – дейді полковник Тұяқбаев.
Ресейден Қазақстанға экстрадициялаудан гөрі Қазақстаннан Ресейге экстрадициялау оқиғалары сирек кездеседі. Бірақ екі жақтан да көбінесе қылмыстық сипаттағы істер бойынша экстрадициялайды. Ресей азаматтарының Қазақстаннан саяси баспана сұраған жағдайлар туралы білетіндер табылмады.