Тарихшы: «Ашаршылықта геноцидтік сипат бар»

Қайдар Алдажұманов - тарихшы, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының қызметкері. Алматы, 22 сәуір 2014 жыл.

Жергілікті тарихшы 1930 жылдары Қазақстанда болған ашаршылыққа саяси тұрғыдан да, академиялық зерттеу тұрғысынан да әділ баға берілген жоқ деп санайды.
1930 жылдардағы ашаршылықты 2006 жылы Украина парламенті «украин халқына жасалған геноцид» деп бағалады. 2008 жылы Еуропарламент «Голодоморды» «адамзатқа қарсы жасалған қылмыс» деп таныды. Дәл осы жылдары Қазақстанда да орнаған зұлматқа қатысты әлі біркелкі кесімді қорытынды шықпай тұр.

1931-33 жылдардағы «Ашаршылыққа» Қазақстанның өз тарапынан да ресми түрде әлі күнге саяси баға берілген жоқ. «Ашаршылық» туралы көптеген зерттеулер жарық көрді, шетелдік ғалымдар да өз тұжырымдарын ұсынды. Кейбір шетелдік тарихшылар «Қазақстандағы ашаршылық геноцид емес» деген де тұжырым айтады.
Қараңыз: Қазақстандағы ашаршылық туралы неміс тарихшысының пікірі

Осыған орай Азаттық тілшісі Қазақстандағы 1931-33 жылдардағы ашаршылық туралы бірнеше зерттеулер жариялаған қазақстандық тарихшы Қайдар Алдажұмановпен сұхбаттасты.

Азаттық: - Украина Радасы 1932-33 жылдардағы ашаршылықты «Украина халқына жасалған геноцид» деп бағалады. Қазақстанда да сол кезде дәл сондай ашаршылық болды. Бірақ оған қатысты саяси баға әлі берілген жоқ. Себебі не деп ойлайсыз?

Қайдар Алдажұманов: - Бұл мәселе әлі күнге дейін ашық тұр, бұрын ауыл шаруашылығын ұжымдастыру жылдары Украина мен Қазақстан ең көп зардап шеккен елдер болып аталатын. Бұл мәселенің белсенді түрде көтерілуіне украин халқының Солтүстік Америкадағы үлкен диаспорасы да әсер етті. 1990 жылдары бұл трагедияны саяси деңгейге шығарып, «Совет Одағының мұрагері ретінде Ресей украин халқына өтемақы төлеу керек» деген мәселені қозғады. Бұл бастама Еуропарламентте қолдау тапты. 2010 жылы Еуропарламент өкілі Қазақстанға да келіп, тарих және этнология институтында кездесу өткізді. Қазақстанда аштықтан қырылғандар Украинамен салыстырғанда пайыздық тұрғыдан үш есе көп екенін дәлелдедік. Ол кезде украиндардың саны 40 миллион шамасында, кей деректер бойынша соның 2,5 – 3 миллионы қырылған. Ал 1926 жылғы санақта 3 миллион 350 мыңның айналасындағы қазақтың 2 миллион 100 мыңдайы аштан өлді (ашаршылық құрбандары туралы зерттеушілер 1 миллион мен 2 миллион арасында деп әртүрлі сан айтады – ред.).

Азаттық: - 1930 жылдардағы ашаршылыққа байланысты 1990 жылдардың бас кезінде арнайы комиссия жұмыс істеді емес пе?

Қайдар Алдажұманов: - 1991 жылы қараша айында Жоғарғы Кеңесте құрылған ол

Ашаршылық жылдарындағы қазақ босқындары. Шамамен 1932 жылы түсірілген сурет Қазақстан Республикасы мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен аудиотаспа орталық архивінен алынған.

комиссия 1992 жылдың желтоқсанына дейін жұмыс істеді. Құқық қорғау органдарының архивіндегі құпия құжаттар сол кезден бастап ашылды. Осы кезде ашаршылықты «қазақ этносына жасалған қастандық», «этноцид» ретінде сипаттадық. Бірақ біздің деректерімізді ресейлік зерттеушілер мойындағысы келмеді.

Украина БҰҰ деңгейіне дейін көтерген кезде ғана Ресей «Украинада ғана емес, Солтүстік Кавказда, Ресейдің Еділ бойында, Мордовияда, Қазақстанда, тіпті Қырғызстанның оңтүстік аудандарында да ашаршылық болған» дегенді айта бастады. Сөйтіп Қазақстан мен Украинадағы трагедияның маңызын төмендеткісі келеді.

Совет кезіндегі ашаршылық туралы 2008 жылы шыққан фильм

Your browser doesn’t support HTML5

Ашаршылық зұлматының ұмытылған құрбандары


Ашаршылықта қырылғандардың басым көпшілігі қазақтар екеніне мысал көп. Әсіресе, коммуникациясы дамымаған алыс аудандар үкімет қолдарындағы малы мен астығын тартып алғаннан кейін қырыла бастады. 1929 жылы қаңтардағы есеп бойынша Қазақстанда 47 миллион 500 мың мал болса, 1934 жылдың қаңтарында төрт жарым-ақ миллион қалған. Қазақстан бірыңғай егіншілік аудан болмаса да, үкіметке жылына 40 миллион пұт бидай өткізген. Тіпті ашаршылық басталып кеткен 1932 жылдың өзінде 40 миллион пұт астық өткізуге мәжбүрлеген.

«Томск, Новосибирск вокзалдарында, Саратов, Самара көшелерінде қазақтар қырылып жатыр» деп көрші республикалардың, Сібірдің өлкелік комиттеттері Мәскеуге шағым түсірген. Содан кейін ғана 1931 жылы мамыр айында адам санын есептеу үшін Қазақстанның 72 ауданына сұраныс түсірген, бірақ 46 ауданнан ғана

Украинадағы ашаршылық (Голодомор) құрбандарына орнатылған ескерткіш. Киев, 12 ақпан 2013 жыл.

мәлімет келген, ал бірыңғай қазақ аудандары мәлімет бере алмаған. Өйткені онда ешкім қалмаған да еді.

Азаттық: - Қандай да бір ашаршылықты геноцид ретінде тану үшін оның әдейі ұйымдастырылғанын дәлелдеу керек пе?

Қайдар Алдажұманов: - Оған да дәлел көп. Ашаршылықтың шегіне жеткенін Қазақстан билігі де, орталық билік те жақсы білген. 1931 жылы қазан айының 30-ында Филипп Голощекин Мәскеуде компартияның пленумында: «Қазақстанға белгілейтін азық-түлік жоспарын азайтуды сұраймыз, халық аштыққа ұрынып, босып кетті» деген сөзін стенограммадан көрдім. Бірақ ол жергілікті басшылардың алдында басқаша сөйлегені белгілі.

Ашаршылық туралы арыз-шағым көп түскеннен кейін 1932 жылғы қыркүйектің 17-інде орталық үкімет «Қазақстаның ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы» деп аталатын бір жарым беттік қаулы қабылдайды. Қаулыда «асыра сілтеушілік бар» деген сөз ғана айтылады. Сол қаулы 1933 жылдың қаңтарынан кейін ғана жүзеге асырыла бастаған. Ал бұл кезде астық жинау науқаны тоқтамай, халық тағы да қырылып жатты. Бұл жағдай 1934 жылға дейін жалғасты. Қазақстандағы ашаршылықты 1931-1933 жылдар деп белгілеп жүрміз, шындап келгенде халықтың қырылып жатқаны 1935-36 жылғы құжаттарда да жүр.

«Ашаршылық» деректі фильмінен үзінді

Your browser doesn’t support HTML5

"Ашаршылық" деректі фильмі


Азаттық: - Қазақстандағы ашаршылық туралы шетелдік зерттеушілер де жазып жүр. Олардың зерттеулерінің қазақстандық зерттеулерден айырмасы бар ма?

Қайдар Алдажұманов: - Шетелдік зерттеушілер, ең бірінші, қазақ тіліндегі деректер мен зерттеулерді оқи алмайды, көбіне орысша жарияланған деректерге сүйенеді. Сол себепті олар кейде советтік кезеңде орыс тілінде жазылған қазақстандық тарихшылардың еңбектеріне де сілтеме жасап жатады, терең байыбына бара алмайды. Олар ғана емес қазақ тілінде шығып жатқан зерттеулерді ресейлік зерттеушілер де, Қазақстанда тұратын орыс тілді ғалымдар да білгісі келмейді.

Бірақ ең бастысы олар «қазақтар көшпенді халық болғандықтан қырылып қалды» деген тұжырым жасап, концептуалдық қателік жасайды. 1990 жылдары Қазақстанға келген АҚШ зерттеушісі Марта Брилл Олкотт «Қазақтар» деген

Голодомор құрбандарын еске алу күні. Днепропетровск, Украина. 24 қараша 2012 жыл.

еңбегінде, қазір Астанада Назарбаев университетінде сабақ беретін тарихшы Стивен Уиткрофт пен Роберт Девис 2011 жылы шығарған «Голод в СССР» дейтін кітап та осындай тұжырымға тоқтайды. Соңғы екеуі Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты 1998 жылы орыс тілінде шығарған «Насильственная коллективизация и голод в Казахстане 1931-1933 годах» («Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы ашаршылық») деген жинақтағы құжаттарға сілтеме жасаған. Соған қарамастан «қазақтар көшпенді болғандықтан қырылып қалды» деген концепция шығарады. Германиялық зерттеуші Роберт Киндлер де соңғы зерттеуінде осындай тұжырымға келеді. Мұны қазақ қоғамы туралы еуроцентристік көзқарастың әсері ме деп ойлаймын.

Оның қате тұжырым екенін 1926, 1929, 1930 жылдардағы статистикамен-ақ дәлелдеуге болады. Бұл деректер бойынша қазақтардың 6 пайызы ғана көшіп-қонып жүрген. Маңғыстауда Үстірттің маңында, Ақтөбенің Ойыл өңірінде көбірек ұзап көшеді. Қалғандары өз қыстауының маңынан 5-10 шақырымнан ұзамаған. Қазақ ауылдары егіншілікпен де, мал шаруашылығымен де айналысқаны дәлелденген жайт.

Қазақстандағы ашаршылық «геноцид те емес, этноцид те емес» деуші зерттеушілер көбіне Ресей архивтері таныстырған құжаттармен ғана жұмыс жасайтыны аңғарылады. Дегенмен Алматыдағы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынан әрдайым ғылыми кеңес алып тұратын «Ашаршылық» тақырыбын зерттеп жүрген Николо Пианчиола, Изабель Огайон сияқты шетелдік тарихшылар да бар.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.