Жанкүйердің көбі «Шахтердің» жеңетініне сенеді

"Шахтер" командасы. Астана, 30 шілде 2013 жыл. (Сурет Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтынан алынды).

Букмекерлік кеңселер «Celtic жеңеді» деп болжайды. Ал қазақстандық жанкүйерлер «Шахтердің» жеңісіне бәс тігіп, құрбандық шалуды да ұмытқан жоқ.
Тамыздың 20-сы күні кешкі сағат 9-да Астана қаласындағы «Астана Арена» стадионында чемпиондар лигасы іріктеуінің плей-офф кезеңінде қазақстандық «Шахтер» мен шотландиялық Celtic («Селтик») командасы кездеседі.

Букмекерлік кеңселер «Шахтердің» жеңісіне – 2,03 коэффициент, тең ойынға – 3,31 коэффициент, ал Celtic-тің жеңісіне 1,72 коэффициент қойған. Бұл кеңселердің ережесі бойынша қай команданың коэффициенті төмен болса, соның жеңіске жетуге мүмкіндігі мол.

«ШАХТЕРДІҢ» ЖЕҢІСІНЕ БӘС ТІКТІМ»

Футбол жанкүйері Талғат Абаилдаев – букмекерлік кеңселердің болжамына қарамастан, «Шахтердің» жеңісіне сенетіндердің бірі. Ол «Шахтердің» жеңетініне 10 мың теңге бәс тігіпті.

– «Шахтер» чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде беларусьтің БАТЭ

"Скендербеу" қақпасына гол соққан "Шахтер" шабуылшысы Сергей Хижниченконы серіктері құттықтап жатыр. Албания, Тирана, 7 тамыз 2013 жыл.

командасын жеңеді деп бәс тіккенмін. Сол кезде «Шахтер» үмітімді ақтап, 80 мың теңге ұтып алғанмын. Соның 10 мың теңгесін Celtic-пен матчқа тігіп отырмын. Жеңсе, 50 мың теңгедей шығады. Бастысы – «Шахтердің» жеңісіне сенемін. Мен ғана емес, таныстарымның бәрі «Шахтерге» бәс тігіп жатыр, – дейді ол.

Ғани Ғаділбек есімді жанкүйер де бұл матчта «Шахтер» жеңіске жетеді деген ойда.

– Бұл – Қазақстан клубтарының чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуына үлкен мүмкіндік. Футболшылар осыны жақсы түсінер. Celtic – мықты, бірақ «Шахтер» үмітті ақтауы тиіс. Қарағандылық клуб жеңіске жетеді деп үмітеніп, 3 мың теңге тіктім, – дейді фанат.

«CELTIC «ШАХТЕРДІ» ҚИНАЛМАЙ ЖЕҢЕДІ»

Алматыдағы букмекерлік кеңселердің біріндегі бәс қабылдаушы Аслан Қабденов «Шахтерге» де, Celtic-ке де бәс тігіп жатқан жанкүйерлер бар екенін айтады.

– Көбі «Шахтердің» жеңісіне қойып жатыр. Ал футболды терең түсініп, екі команданың күшін салыстырғандар Celtic-ке ақша тігіп отыр, – дейді букмекерлік кеңсе қызметкері.

Ал Жалғас Нұрбаев есімді жанкүйердің пайымдауынша, Celtic «Шахтерді» еш қиналмай жеңеді. Ол Celtic-тің халықаралық аренада тәжірибесі мол екенін айтады.

– «Шахтер» жеңеді дегенге сенбеймін. Футболдан хабары бар адам Celtic-тің өте мықты команда екенін жақсы түсінуі керек. «Шахтер» ұтылар. Бірақ ұтылса да, абыройын сақтауын, ірі есеппен ұтылмауын тілеймін. Өзім Celtic-тің жеңісіне бәс тіктім, – деді ол Азаттық тілшісіне.

«30 МЫҢ БИЛЕТ ТҮГЕЛ САТЫЛЫП КЕТТІ»

Қарағандыдағы стадион УЕФА стандарттарына сай келмейтіндіктен қарағандылық «Шахтер» мен шотландиялық Celtic-тің кездесуі Астанада өтеді.

«Шахтер» командасының баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, Астанада өтетін ойынға арналған 30 мың билет (құны 500 теңге мен 3 мың теңге арасында) түгел сатылып кеткен. Матчқа Қарағандыдан арнайы 10 мың жанкүйер келуі керек.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Қазақстандық жанкүйер

Қазақстандық жанкүйер


– Бұл матч – клуб ойыншыларына берілген соңғы мүмкіндік. Қарсыласымыздан қорықпау керек, – дейді «Шахтер» командасының бас бапкері Виктор Кумыков.

Ал «Шахтер» командасының ойыншысы Игорь Зенькович Celtic-тің чемпиондар лигасына тұрақты түрде қатысып келе жатқан өте мықты команда екенін айтады.

– Бірақ оған қарсы матчта барымызды саламыз. Алаңға соңғы ойын өткізетіндей шығамыз, – дейді футболшы.

Астанада өтетін ойында Celtic-ке жүзге жуық шотландиялық жанкүйер қолдау көрсетеді. Команда Қазақстанға жеке аспаздарын да алып келген.

– «Шахтер» тек жеңу үшін ойнайды. Біздің мақсат – Астанадағы ойында жеңілмеу. Егер «Астана Аренада» жеңіске жетсек немесе тең түссек, Шотландияда өтетін ойында біздің мүмкіндік мол болады, – дейді Celtic командасының жаттықтырушысы Нил Леннон.

Қазақстандық футбол фанаттары «Шахтердің» жеңіске жетуін тілеп, «Астана Арена» стадионының алдында құрбандыққа қой шалды.

Екі команда арасындағы қарымта ойын тамыздың 28-інде Шотландияда өтеді. Қос матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен клуб чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығады, жеңілген команда Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнайды.