Төрт жылдан кейін Қазақстанда азаматтарды дактилоскопиялық және геномдық тіркеу тәртібін енгізуді жоспарлайды. Бүгін парламент мәжілісінде «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң жобасы таныстырылды. Бұл өзгерістерді енгізу себебін Қазақстанның халықаралық міндеттемелері мен «адамды жеке басын сәйкестендіру мен дербестендіруді оңайлату» қажеттігімен түсіндіреді.
Your browser doesn’t support HTML5
БАС ТАРТҚАНДАРҒА АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ
Ішкі істер вице-министрі Рашид Жақыповтың сөзінше, чиптері бар қазіргі жеке куәліктер оларға саусақ таңбасын енгізуге мүмкіндік береді, сондықтан халықтың қолындағы құжаттарды ауыстыру қажет болмайды.
Қазақстан азаматтарын дактилоскопиялық тіркеу төлқұжат, жеке куәлік немесе теңізшінің жеке куәлігін жасатқан кезде жүргізіледі.
– Қазақстан азаматтарын дактилоскопиялық тіркеу төлқұжат, жеке куәлік немесе теңізшінің жеке куәлігін жасатқан кезде жүргізіледі. 12-16 жас аралығындағы балалар төлқұжат алған кезде өз қалауы және ата-анасының я олардың орнындағы тұлғаның келісімімен дактилоскопиялық тіркеуден өтеді.Ал 12 жастан кіші балалар мұндай тіркеуден өтпейді. Заңда бұл талап 12 жастан бастап қойылуының себебі бар. Баланың келісімі бойынша дактилоскопиялық тіркеуге алуды біз Еуропа Одағына кіретін елдердің визалық кодексіне сәйкес енгіздік. Оларда елге келген кезде осы жастағы және одан ересек жастағы балалар дактилоскопиялық тексеруден өтеді, – дейді Рашид Жақыпов.
Заң жобасына сәйкес, виза алған кезде шетелдіктер де саусақ таңбасын өткізуі тиіс. Бұдан бөлек 2021 жылы дактилоскопиялық процедурадан босқындар мен еңбек мигранттарын да өткізу жоспарланған.
Үзіліс кезінде вице-министрі журналистерге бұл процедурадан бас тартқандарға әр жолы 2 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК - 2121 теңге) көлемінде айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын хабарлады.
– Біздің бәріміз осы елдің азаматтарымыз, сондықтан оның заңдарын орындауға міндеттіміз. Егер орындамаса, айыппұл саламыз, заң талабын азаматтардың орындауын бәрібір қамтамасыз етеміз, – дейді Рашид Жақыпов.
Оның айтуынша, саусақ таңбасын өткізбегендер кейін жеке куәлік ала алмайды.
Парламент депутаты Мұхтар Тінікеевтің пікірінше, заң жобасы «ең әуелі қылмыстарды ашуға бағытталған әрі елдің барлық азаматтарының қамын көздейді».
– Адал адамға саусақ таңбасын өткізуге қорқудың қажеті жоқ, сондықтан Қазақстанға келген кезде шетелдіктер де саусақ таңбасын өткізуі тиіс. Өйткеніқылмыстардың көбін елге келген азаматтар, оның ішінде жақын шетелден келетіндер жасайды, – дейді Мұхтар Тінікеев.
ЖОБАҒА МИЛЛИАРДТАҒАН ТЕҢГЕ СҰРАЙДЫ
Рашид Жақыпов депутаттарға төрт жылда жобаны іске асыруға 36,8 миллиард теңге көлемінде қаржы керегін айтты. Бұл ақшаның бір бөлігі салық түсімдерінен құралатын республикалық бюджеттен бөлінеді деп болжанған. Дағдарыс кезінде бұл көп пе, әлде аз ба – бұл жағы парламентте талқыланбады.
– Ішкі істер министрлігіне – 11 миллиард, ұлттық қауіпсіздік комитетіне 12,6 миллиард теңге керек, – дейді Жақыпов.
Оның сөзінше, қалған ақшаны әділет министрлігі алады.
Қазақстан ішкі істер министрлігі жоспарына сәйкес, 19 миллион теңге көлеміндегі бірінші транш 2018 жылы бөлінуі тиіс. Вице-министрдің айтуынша, бұл ақша бірінші кезекте Қазақстанның шекара қызметін қайта жабдықтауға, сот-медициналық сараптама жүргізетін ДНК-зертханалар мен әділет министрлігіне қажет.
Жақыповтың айтуынша, ақшаның көбі Қазақстанда шығарылмайтын шетелдік құрал-жабдықтар сатып алуға, ал ең аз бөлігі көші-қон қызметіне қабылданатын жаңа қызметкерлерге жұмсалмақ.
ОНДАҒАН АЗАМАТ ҚҰЖАТСЫЗ ЖҮР
«Халықаралық құқықтық бастама» үкіметтік емес ұйымы президенті Айна Шорманбаева дактилоскопияны әзірше мигранттарға қатысты ғана қолдану керек, ал Қазақстан азаматтарына қатысты қолданудың «тиімділігіне үлкен күмән» бар дейді.
Саусақ таңбамыз да кіретін дербес деректерді кім, қалай сақтайды? Оны кімдер ала алады? Оларды өзімізге қарсы пайдаланбай ма?
– Мен бұл процедураның қажет екеніне таласпаймын. Олар мұның бәрін терроризммен күресу үшін керек деген уәжге сүйейді, өйткені жұртты иландыруға, шараларды тіпті күшейтуге жақсы уәж. Өкінішке қарай, қазіргі жағдайда біздің саусақ таңбамыз да кіретін дербес деректерді кім, қалай сақтайды, оны кімдер ала алады, оларды өзімізге қарсы пайдаланбай ма деген мәселелерге қатысты толық сенім жоқ, – дейді Айна Шорманбаева.
Ол ішкі істер министрлігінің жаза түрлерін анықтап жазып, бірақ халыққа онша ештеңе түсіндірмейтін жобалары көбінесе репрессивтік шараларды күшейтуге арналған дейді.
– Олар әуелі әлгі деректердің қайда сақталатынын бізге дұрыстап көрсетсін. Оның талапқа сай сақталатынына көзіміз жетуі тиіс. Ал әлгі деректер біреудің қолына түссе, тарап кетсе кім жауап береді. Біздің заңдарда ештеңе анық жазылмайды, оны әрқалай түсінуге болады, – дейді Айна Шорманбаева.
Қазақстанның адам құқығы бюросының Астанадағы филиалы директоры Ілияс Әділбаев Қазақстанда азаматтарға құжат берудің өзекті мәселелері әлі күнге дейін толық шешілмеген, сондықтан ондаған адамның қолында туу туралы куәлік қана бар немесе жеке басын анықтайтын ешқандай құжаты жоқ. Оның сөзінше, биыл бюродан құжаты жоқ 50 шақты адам көмек сұраған. Олардың арасында елде құжатсыз тұрып жатқан, жұмыс істеп жүрген жақын шетел азаматтары да бар, ал екі-үш ұрпақ қатарынан құжатсыз өмір сүріп жатқандар бар.
– Мына заң жобасы талаптары жаңа куәлік жасататындарға немесе алғаш жеке куәлік алатындарға бірден қолданылып, олардан әлгі деректер жиналады. Мына заңды қабылдауда дәйектілік жетіспейтіндей, әлі ерте қабылдап жатқан сиқты көрінеді. Ол ең әуелі дербес деректерді қорғауға негізделіп, дербес деректерді қорғаудың құқықтық нормаларын қарастыруы тиіс, – дейді Ілияс Әділбаев.
Ал Қазақстан ішкі істер министрлігі әзірше халықтан жиналған бүкіл мәліметтер ведомствоның қорғанысы қамтамасыз етілген қорында, шифрленген электронды түрде сақталады деген сөзге сенуді өтінеді. Жақыповтың сөзінше, «бұл әлгі қордағы деректерді бөтен адамдардың қолына түсіп, оларды заңсыз пайдалану әрекеттерінің жолын кесуге кепілдік береді».