Ақтөбедегі су тасқыны

Ақтөбе қаласының іргесінен ағатын Елек өзенінің сағасында орналасқан кей елді мекендер мен саяжайлар су астында қалды.

Әсіресе қала іргесіндегі Кірпішті, Келешек, Махамбет, Қарғалы, Заречный-2 елді мекендерінде күрделі жағдай қалыптасқан.

Кірпіштінің "Эко" деп аталатын бөлігінің тұрғындары жексенбіге қараған түні үйлерінен шұғыл кетуге мәжбүр болған. "Түнгі сағат үште көршім есігімді қағып, эвакуация басталғанын айтты. Құжаттарымызды қолымызға ұстап үйден шығып үлгердік" дейді Армангүл есімді тұрғын Азаттыққа.

Судың беті қайтпай, үй-жайына алаңдай бастаған Кірпішті ауылының тұрғындары резеңке қайықтармен суда қалған үйлерінен керек-жарақтарын тасып алып жатыр.

Келешек елді мекені тұрғындарынң сөзінше, тасқын су сәуірдің 14-іне қараған түні келген. Тұрғындар Азаттық тілшісіне екі тәуліктен бері үйлеріне кіре алмай жүргендерін айтты.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, тасқын салдарынан 290 аула су астында қалған.

Суда алған кей үйлердің ауласында суда қалған автокөліктердің төбесі ғана көрінеді.

Тасқын су басқан ауыл ішін қайықпен ғана аралауға болады.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, сәуірдің 16-сына қараған түні су басқан аймақтардан 743 адам қауіпсіз жерге көшірілген.
 

Су басқан аймақтан көшірілген 196 адам қазір қаладағы орта білім беретін мектептердің базасында ұйымдастырылған 12 эвакуациялық пунктті паналап отыр. 419 тұрғын туыстарының үйлеріне кеткен.

Ақтөбенің "Сүт зауыты" ауданындағы №15 мектептің жанынан ұйымдастырылған эвакуациялық пунктті уақытша паналаған 61 адамның он алтысы - балалар. Бұл адамдардың "Горсетьсвет", "Ақсүт" және "Геолог" саяжайлары аумағындағы тұрғын үйлерін су алған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті сәуірдің 16-сы күні SMS арқылы таратқан хабарламада тұрғындарға Қарғалы өзені де арнасынан шығып, тасуы ықтимал екендігін ескертті.

Су басқан аймақтарда төтенше жағдайлар қызметі мен құтқарушылар тобы жұмыс істеп жатыр деп хабарлады жергілікті билік.